Өткен жұма күні Қордай ауданына «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС алтын өндіру жобасын іске асыру
барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев келді. Өңір басшысының орынбасары аудан әкімі Рүстем Дәулетпен бірге Ноғайбай ауылы маңындағы аумаққа барып, онда жер қойнауын пайдаланушы компанияның өкілдері жұмыстың мән-жайын баяндап, жыныс үлгілерін көрсетті.
Естеріңізге сала кетсек, аудан үшін маңызы зор «Тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы және құрамында алтыны бар кенді игеру» жобасы Индустрияландыру картасына енгізілген, қазіргі таңда «MONTERRA QASAQSTAN» компаниясы аудан аумағында барлау жұмыстарын жүргізу үстінде.
Компания өкілдерінің айтуынша, күні бүгінге дейін көптеген сынамалар алынып, кен орындарының шектері белгіленген. Серіктестік тау-кен металлургиялық комбинаттың құрылысын, газ құбырын салуды және өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін өз электрстанциясын салуды жоспарлауда. 9 кен орнында болжамды қор зерттеліп, анықталып үлгерген екен, құрылыс барысында 350 уақытша жұмыс орнын және 800 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Онда жобалық қуаттылығы жылына 5100 кг дейін болатын «Доре» қоспасында алтын өндіру көзделіп отыр. Бүгінгі күнге бірлескен жұмыс нәтижесінде нақты нәтижеге қол жеткізген. Қаратас-Майбұлақ аумағында барлау жұмыстары жүргізілуде, жергілікті атқарушы органдармен зауыттың құрылысына 300,5 га және қойма құрылысына 0,18 га жер бөлінген. Компания өкілдерімен сұхбат барысында Алмас Мәдиев жобаның қыр-сыры жөнінде және оны іске асыру барысында туындаған проблемалар туралы сұрақтар қойды. Аудан әкімі Рүстем Дәулет өңір басшысының орынбасарына жергілікті атқарушы органдар тарапынан аудан үшін маңызды инвестициялық жобаны тездету мақсатында қабылданған шаралар жөнінде баяндады.
Германия инвесторлары облыс және аудан басшылығына жан-жақты көрсетілген көмек пен қолдау үшін алғыстарын жеткізіп, әрі қарайғы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді. Бизнесмендер жұмыс жоспарға сай жүріп жатқанын атап өтіп, жасалған мәмілелерді ұстанатындарын жеткізді. Сонымен қатар, тараптар жобаны іске асыру және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша туындаған мәселелерді талқыға салды. «Біз аудан үшін маңызды жобаның жүйелі іске асуын көріп отырмыз. Жерлестеріміз жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болса, бюджетке түсімдер түседі», — деді Алмас Мәдиев. Айта кетерлігі, қазір компания іріктеу жүргізіп, жастарды ЖОО-да оқуға жолдауда. Оқу компания есебінен жүргізілуде, болашақта жоғары оқу орны түлектері кен мен комбинатта жұмыс істейтін болады. Кездесу барысында инвесторлар қалдықтарды кәдеге жарату және топырақ пен табиғат жүйесін қалпына келтіру мәселелерін назардан тыс қалдырған жоқ. Компания өкілдерінің айтуынша, олар жұмыста қазақстандық, сонымен қатар одан да қатаң германиялық экология заңнамасын басшылыққа алып, қоршаған орта қауіпсіздігіне кепілдік беруде.
Кездесу соңында Алмас Мәдиев компания өкілдеріне жұмыстарына табыс тілеп, мемлекеттік бағдарламалар аясында қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
Серғазы Манасбаев