ҚОРДАЙДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ

0

Аудан әкімі Мәден Мұсаев аудандағы құрылыс, күрделі жөндеу, жолдарды орташа жөндеу жұмыстарының барысын көру ниетте жұмыс сапарымен ауылдық округтерді аралап, жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеп, бірқатар мердігерлер жұмысына ескерту жасады.
Алдымен Қайнар ауылына барған аудан басшысы су құбыры желісінің құрылысын көрді. «Сәт-Сервис» ЖШС жүргізіп жатқан жұмыстар қазір қарқын алған. Бұрғыланған су 150 метрден шыққан. Оны сақтайтын арнайы орын дайындалып, айналасы қоршалған. Ауыл іші көшелері де қазылып, құдықтары орналастырылуда. Аталмыш жұмыс турасында аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, мердігер компания өкілдері толықтай мәлімет беріп, жұмыс кестеге сай жүріп жатқаны, техника, қажетті жабдықтардан ешқандай проблема жоқ екенін мәлімдеді. Осыдан кейін аудан басшысы Сарыбұлақ ауылының су құбыры желісі құрылысын көрді. Құрылыс деген аты болмаса, заты жоқ деп айтуға толық негіз бар. Аталмыш нысанды қолға аламыз деген «Мелиоратор» ЖШС нақты ешқандай жұмысты бастамаған. Суды бұрғылау орнында тіпті серіктестік өкілін кездестіру мүмкін болмады. Тек құдықтардың қолдан құйылған қақпақтары ғана әр жерден мен мұндалайды. Мәден Тоқтарбайұлы аталмыш жұмысқа жауапты мамандарға бірқатар тапсырма жүктеп, мердігер жақын арада бастамаса нақты шара қолдану қажеттігін айтты. Өйткені, кестеге сай жүруі керек жұмыстар әлі күнге орнынан қозғалмаған. Ағымдағы жылдың соңына дейін жоспар бойынша нысан қолданысқа берілуі керек, алайда бұл қарқынмен келесі жылға қалып қоюы бек мүмкін. Осы орайда айта кетерлігі, Сарыбұлақ ауылын ауыз сумен қамту үшін қаралған 800 миллионнан астам қаржыдан мердігерге жұмысты бастауына қажетті сомасы беріліп қойған.
Сарыбұлақтан кейін Қақпатас ауылына арнайы барған аудан басшысы жақында осында бой көтергелі жатқан Мәдениет үйінің орнын көрді. 180 орындық мәдениет ошағының құрылысы жақын күндері басталмақ, осындай мәдениет үйі құрылысы Бетқайнар ауылында да жүргізілетін болады.
Келесі кезекте аудан әкімі Беріктас ауылында салынып жатқан 10 келушіге арналған фельдшерлік пункт құрылысын көрді. Бұл нысанда қазір төбесін жабу, ішкі коммуникацияларын жүргізу жұмыстары жүріп жатыр екен. Құрылысшылар барлығын мерзімінде аяқтаймыз, бір айдың ішінде нысан пайдалануға беріледі деген уәдесін берді. Мәден Тоқтарбайұлы мердігер компания өкілдеріне жұмыстың сапасына аса мән беру керектігін жеткізіп, бірқатар ескертулер айтты. Осыдан кейін аудан басшысы Жаңатұрмыс ауылындағы Жамбыл, Қалманбет және Алмабек көшелерін орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Ұзақ жылдар ойқыш-ойқыш болып, шаңы шығып жатқан жолдарға қазір теп-тегіс асфальт төселген. Сапасы да жаман емес. Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылының ажары соңғы кездері ашыла түсті деп айтуға болады. Округ әкімі Айдар Бірімқұлов ауылдағы ағайынның алғысын да жеткізді. Жолдан бөлек мұнда жақын күндері шағын футбол алаңы пайдалануға берілмек. Бір кездері қараусыз қалған ауыл саябағы бүгінде қоршалып, ішінде ойын алаңшалары пайда болған. Сол саябақ аумағынан орын тепкен футбол алаңшасы ауыл балаларының сүйікті орнына айналатыны сөзсіз.
Осы күні Мәден Тоқтарбайұлы Арал ауылында бой көтерген 180 орындық орта мектепке де барды. Жаңа оқу жылы қарсаңында ашылғалы отырған мектепте соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сыныптарға парталары қойылып, стендтер әзірленуде. Мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Мамандар 1 қыркүйекке мектеп оқушыларды қабылдауға толығымен дайын болады дегенді айтуда.
Мектеп демекші, осы күні аудан басшысы Степное ауылындағы №24 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Екі жүзге жуық адам жұмылдырылған жұмыс қарқыны қазір жаман емес. Жаңара түскен білім ошағын құрылысшылар он күнің ішінде аяқтаймыз деп отыр. Аудан әкімі мектеп ішін толық аралап көріп, мердігерлерге мерзімнен кешікпеу керектігін тағы бір ескертті. Осы күні Степное ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары барысы да аудан басшысы назарынан тыс қалған жоқ. Жоғарыда атап өткен «Мелиоратор» ЖШС осы жұмысты мойындарына алыпты. Аталмыш серіктестік өкілдерімен осы жерде кездескен аудан әкімі олардың жұмысын сын тезіне алып, жауапкершілікке мән беруге шақырды. Өз кезегінде мердігерлер Сарыбұлақ пен Степное ауылдарында қолға алған шаруаларын уақытылы әрі сапалы аяқтауға уәде берді. Бұл жұмыстар аудан әкімдігі тарапынан жіті қадағалауға алынатын болды.
Түстен кейін аудан әкімі Қордай ауылындағы Жібек жолы көшесінде бой көтерген 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысын көрді. «Сырым Блеке» ЖШС қолға алған жұмыстар толығымен аяқталған десе болады. Қазір жылуы мен суы да қосылған. Есік алдын абаттандыру мәселесі жақын күндері шешілетін болады. Барлығы ойдағыдай болса, қыркүйек айының ішінде кезекте тұрған азаматтар жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде қабыл алмақ. Келесі кезекте көпқабатты үйлерімен шағын ауданға айналған Қордай ауылындағы «Батыс» ықшам ауданына барған Мәден Тоқтарбайұлы сол жерде бой көтеретін, 150 адамға арналған полиция бөлімі ғимаратының жұмысымен танысты. Құрылысты қолға алған «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС қазір ғимараттың табанын (котлован) қазып, екі гектардан асатын аумақты қоршау жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Келесі жылы қолдануға берілетін Қордай аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимараты құқық қорғау органдарына қажеттінің барлығын қамтитын болады. Мұнда да аудан басшысы мердігерлермен сөйлесіп, уақыт пен сапаға мән беру қажеттігін баса айтты. Осыдан кейін Қордай ауылының «Цемзауыт» аумағында орналасқан 20 пәтерлі төрт қабатты тұрғын үйдің құрылысын көрді. «ПМК – 109» ЖШС қолға алған көпқабатты үй толығымен аяқталған. Осы айдың соңында пайдалануға берілетін болады. Пәтерлерді аралап көрген аудан басшысы үйді беру кезінде тізімді реттеу, салтанатты шараға дайындық мәселелерін пысықтау үшін жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеді.
Қордайда қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары қатарында орталық саябақты да атап өтуге болады. Аудан әкімінің жіті назарында тұрған нысанның қайта жаңғырту жұмыстары жақын күндері аяқталады деп күтілуде. Мәден Тоқтарбайұлы онда қолға алынып жатқан істерді арнайы барып көріп, бірқатар ескертулер жасады. Қазір саябақта жаңа жарықтандыру жұмыстары жүруде, сонымен қатар сахнаның құрылысы басталған. Арнайы ЛЭД экран орнатылатын сахна мәселесі және күзет отыратын орындар, саябақ кіреберісіндегі нысандар бойынша бірқатар өзгерістер енгізу керектігін айтқан аудан әкімі мердігерлерге ұсыныстарын айтып, жұмысты жылдамдату қажеттігін ескертті.
Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың құрылыс, күрделі жөндеу, жолдарды орташа жөндеу, жұмыстарының барысын аралау бойынша жұмыс сапары дүйсенбі күні Ноғайбай ауылдық округінде жалғасты. Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына тартылатын газ құбырын және Шарбақты ауылының ішіндегі газ құбырын салу жұмыстары барысын көрген аудан басшысы мердігерлермен тілдесті. Құрылысшылар жұмыс кестеге сай жүріп жатқанын айтады. Қазір газ құбырларын жүргізу Ноғайбай мен Шарбақты арасында жүріп жатыр. Бұл нысан келесі жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Яғни, Ноғайбай, Шарбақты және Сарыбастау ауылдарына газ келесі жылы жететін болады. Осы күні Сарыбастауға да арнайы барған аудан басшысы ауыл саябағын көріп, тұрғындармен тілдесті. Осыған дейін ауыл саябағы қоршалса деген тұрғындар тілегі орындалған. Бұл жұмыстарды одан әрі дамыту туралы ұсыныстар да айтылды.
Осыдан кейін Шарбақты ауылына жол тартқан Мәден Тоқтарбайұлы жаз айында қатты жауыннан болған сел салдарынан қираған көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Мектеп жанындағы жаяу жүргінші көпірі толығымен аяқталған. Ал, көлік өтетін көпір жұмысы қазір жалғасуда. Аудан әкімі құрылысшыларға күн райы суытпай тұрғанда аяқтау қажеттігін тапсырды.
Осыдан кейін Отар ауылына жол тартқан аудан әкімі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан №41 орта мектеп пен ауылдық дәрігерлік амбулаторияға барды. Ұзақ жылдан бері жөндеу көрмеген қос ғимаратқа биыл қомақты қаржы бөлініп, жұмыстар басталған болатын. Білім мекемесі биылғы оқу жылына дейін беріледі деп күтілуде, ал медициналық нысанда қолға алынған жұмыстар кестеге сай атқарылуда. Мердігерлермен кездесіп, жауапты мамандардан жұмыс барысын сұраған аудан әкіміне тұшымды жауаптар берілді.
Осыдан соң Үлкен Сұлутөр аймағына ат басын бұрған аудан басшысы алдымен сел шайып кеткен жолдардың жөнделу барысын, салынып жатқан үй құрылысы мен өзге де нысандарды аралады. Абылай хан, Қонаев көшелерін орташа жөндеу, Құттықадамбаев көшесін ағымды жөндеу жұмыстары бойынша құрылыс бөлімі басшысы Елдос Мендекеев түсініктеме берді, сонымен қатар аудан әкімі Үлкен Сұлутор ауылындағы су құбыры желісін ағымдағы жөндеу және су жинау бассейнін орнату жұмыстарымен танысты. Селден кейін қалпына келтіру жұмыстары да аудан басшы назарынан тыс қалған жоқ. Келесі кезекте Сұлутөр ауылына барып 10 ауысымға арналған фельдшерлік пункт құрылысы мен 180 орындық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.
Ауданымыздың таулы аймағынан кейін Қарасу ауылына жол тартқан Мәден Тоқтарбайұлы ауылға су жүйесін тарту, спорттық-сауықтыру кешені құрылысы жұмыстарымен танысты. Аталмыш ауылда бұрын-соңды болмаған жұмыстар биыл қолға алынуда. Тұрғындар ауылда көптен күткен мәдениет ошағы мен спорт кешенінің құрылысы басталғанына дән риза. Сонымен қатар, ауыз су жүйелерінің жаңартылып жатқанына қуанышты. Жұмыс барысын аралап көрген аудан басшысы мұнда да сапа мен мерзімге көңіл бөліп, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Осыдан кейін Мәден Тоқтарбайұлы Өтеген ауылындағы Тілеміс көшесінің орташа жөндеу жұмыстарын көріп, келесі кезекте Ауқатты ауылында бой көтеріп жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің қазіргі жағдайымен танысты. «Тараз-Ісмер» ЖШС қолға алған жұмыстар қазір кестеге сәйкес жүргізілуде. Мұнда да құрылысшылар мен жауапты мамандарға бірқатар ұсыныстар айтылып, тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.