БІРЛІГІ БЕКЕМ, ТІРЛІГІ КӨРКЕМ ҚАҚПАТАС

0

Әркімге өз туған жері – жерұйығы. Мейлі ол көкорай шалғыны белден асып, мұнтаздай бұлағы сылдырлай аққан тұмса табиғатты болсын, мейлі желі азынаған сүреңсіз мекен болсын, кіндік қаның тамған жер болған соң оның әрбір тау-тасы саған ыстық көрінеді. Сол себепті туған өлкенің көркеюіне атсалысуға ешкімнің аянып қалмасы анық.

«Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, ауыл әлеуетінің артқаны біріншіден сол жердің әкімі мен жергілікті халықтың тындырымды істерінің нәтижесі. Қордай ауданына қарасты Қақпатас ауылдық округі осындай үлгілі ауылдардың қатарында. 4000 тұрғыны бар округтің бүгінде көркі кіріп, тынысы кеңейген. Тақтайдай тегіс жолдар, жарықтандырылған көшелер, бой көтерген әлеуметтік нысандар соны айқындап тұр. Қақпатас ауылдық округінің қазіргі әкімі Әсет Сапарбай басшылыққа келгелі ауылымызда айтарлықтай оң өзгерістер орын алды дейді халық. Мұнда әсіресе биыл бірқатар игі жұмыстар атқарылыпты. Атап айтатын болсақ, жаздың алғашқы айларында балаларға арналған ойын алаңшасы пайдалануға берілген. Көз тартарлықтай етіп жасалған ойын алаңшасында балалар әткеншекке отырып, сырғанақпен түсіп уақытты көңілді өткізуде. Бюджет есебінен қаржыландырылған ойын алаңшасын жауапты мердігер бір аптаның ішінде толығымен аяқтаған екен. Бюджет есебінен бой көтерген тағы бір нысан – мектеп маңындағы шағын футбол алаңшасы. Жастардың игілігіне берілген спорт нысанының жалпы көлемі 42:20 метр. Сондай-ақ, бұл ауылда ФАП құрылысы жүріп жатыр. Бұған дейін бас ауырып, балтыры сыздаған қақпатастықтар дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына баратын. Енді өз ауылдарынан медициналық көмек алатын күн де алыс емес. Аталмыш медициналық пункт осы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек. Құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуын ауылдық округ әкімі жіті қадағалауда.
Қақпатас округі тұрғындарының бір ерекшелігі – олар туған ауылына деген риясыз көңілдерін, шексіз махаббатын іспен көрсете біледі. Бүгінде ауылдың жанашыр азаматтары өлкенің гүлденуіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атсалысуда. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Құндызай Мейірманова да бар. Үнемі қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүретін ауыл тұрғыны биыл жергілікті әкімдіктің сыртына қоршау орнатып берген. Сондай-ақ, ауыл азаматтарымен бірге Қақпатас ауылдық №30 орта мектебінің абаттандыру жұмыстарына демеушілік көрсеткен. «Биыл мектебімізде ауылымыздың жанашыр азаматтарының арқасында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Көктемде жеке кәсіпкер Қ.Мейірманова мектеп ауласына 500 мың теңгеге қызыл теректер және гүлдер алып берсе, мектеп түлектері мен көше тұрғындары шырша алып беріп, мектептің ағымды жөндеу жұмыстарына да демеушілік көрсетті. Демеушілер тарапынан жиналған қаржыға бояу, сырлау жұмыстары жүргізілді. Мектептің ұстаздары да өздері қызмет ететін білім ошағын көркейтуге бір кісідей кірісіп, бүгінде жөндеу жұмыстарын аяқтады. Мектебіміз жаңа оқу жылына толықтай дайын. Ал абаттандыру жұмыстары күзде де жалғасады. Демеушілердің қолдауымен қыркүйек айында мектеп ауласына 60 шырша, 40 қарағай, неше түрлі сәндік ағаштар отырғызамыз»,-дейді мектеп директорының м.а. Балжан Мейірманова. 400-ден астам оқушы білім алатын мектептің табалдырығын биыл 40 бүлдіршін аттамақ. Айта кетейік, ауылдың арда азаматтары жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясына да атсалысып, көмекке зәру отбасыларға қол ұшын созады. Мәселен, Құндызай Мейірманова он оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары және киім-кешекпен қамтитынын жеткізді. Сол сияқты Беріктас ауылының тұрғыны, талай ілкімді істердің басында жүретін кәсіпкер Жамбыл Нысырбаев та аз қамтылған отбасы балаларына көмектеспек. Беріктас ауылы демекші, мұнда жергілікті тұрғындар ақылдаса келе, қаржы жинап, ауылдық мешітке асхана салып беруді шешкен. Бүгінгі күні асхана құрылысының тек ұсақ-түйек жұмыстары ғана қалыпты. Ауыл әкімінің айтуынша, қыркүйек айында нысанның салтанатты ашылуы болмақ.
Ауылдың көркін қыздырып тұрған тағы бір нысан – «I love Qaqpatas» жазуы. Әдемі сәулетті композицияның негізгі жұмыстары аяқталған. Енді айналасын тегістеп, орындықтар қойып, жазу түнде жанып тұратындай тоқ жүргізу ғана қалыпты. Жастарының серуендеуіне арналған орын «Арынова» ЖК демеушілігімен тұрғызылып жатыр. Ауылда жаңадан бой көтерген нысандарды көрсете жүріп Әсет Берікұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті. «Қақпатаста бюджеттен есебінен салынған балаларға арналған ойын алаңшасы ашылғанын айттық. Енді жуырда демеушілер тарапынан тағы бір ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз»,-дейді әкім.
Міне, ажырамас ауызбіршілігімен, бір-біріне деген бауырмалдығымен көпке танылған ауылдың бүгінгі жайы осындай. Берекені байлығым, ынтымақты ырысым деп білетін ағайын барда Қақпатас ауылдық округі гүлдене берері сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.