ЖАҢАТҰРМЫС ӨМІРІ ЖАНДАНУДА

0

Ауданымызда жыл сайын жаңа нысандар іске қосылып, жаңа ғимараттардың бой көтеріп жатқанына үйреніп қалдық. Жолдар жөнделіп, жаңа амбулаториялар мен мектептер құрылысы қарқынды жүруде. Осы игі істер барлық ауылдық округтерде дерлік орын алған. Тұрғындардың өмірін жеңілдетіп, жақсартуға бағытталған жұмыс аудан басшылығының үнемі қадағалауында тұр.

Жуырда жұмыс сапарымен Жаңатұрмыс ауылында болып қайттық. Жамбыл ауылдық округінің құрамындағы ауылға бірте-бірте жан кіре бастаған секілді. Шағын ғана ауыл халқы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысып күн көруде. Аудан әкімімен өткен кездесулер барысында ауыл халқының басты талап-тілегінің бірі жолды жөндеу еді. Міне биыл армандары ішінара орындалды десе болады. Жыл басынан бері ауыл көшелерінде қауырт жұмыс басталып кетті. Сырттан құрылысшылар, арнайы техника келіп, «жолды жөндейміз»,- деп халықты бір қуантып тастады. Бір емес, бірден үш көшеге асфальт төселініп, орта жөндеуден өткізілді. Бүгінгі таңда жұмыс аяқталып, тақтайдай түзу тас жолмен автомобильдер жүйіткіп жүр.
«Ауылымызда қуаныш, биыл мына жолымыз салынып бітті. Жұмысшылар жаз бойы ыстыққа қарамастан жұмыс істеді. Балаларымыз батпаққа түсіп, мектепке барушы еді. Енді таза жолмен жүретін болды. Аудан мен ауыл басшылығына алғысымыз шексіз, осындай жақсылықтарымыз көбейе берсін. Басқа да ауылдың мәселелері біртіндеп өз шешімін табар деген үміттеміз», — дейді ауыл тұрғыны Пердегуль Жумабаева.
Ауылдық округ әкімдігінің мәліметінше Жаңатұрмыс ауылында маусым айынан бастап Жамбыл, Қалмамбет, Алмабек көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы мақсатқа жетпіс төрт миллион теңгеден астам қаржат жұмсалған екен. Одан бөлек ауылда орналасқан саябақ қоршалып, шағын футбол алаңшасын салу жұмыстары жүргізілген. Бұл нысандар ауыл жастарының бос уақытын пайдалы өткізу мақсатында салынған. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі білімді, дені сау жас ұрпақ тәрбиелеу екендігі белгілі. Саябақ та, шағын футбол алаңшасы да осы саясатты жүзеге асыруға бағытталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.