МЕКТЕПТЕР ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

0

Жаз мезгілінің аяқталуына жақындаған сайын көп ата-аналардың алдында баланы мектепке дайындау, киім мен қажетті құрал-жабдықтарын сатып алу мәселесі туындайды. Осы орайда мектепке тек қана ата-ана ғана емес аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері де белсенді түрде дайындалуда.

Жуырда аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай білім мекемелерінің жаңа оқыту жылына дайындық барысы туралы есеп берді. Осы ақпаратқа сүйенсек, жалпы дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын байқаймыз.
Аудан бойынша 48 мектеп бар оның ішінде 38 орта мектеп болса, 9 негізгі мектеп және 1 бастауыш. Қазіргі таңда аудан бойынша 3 мектепте (Қордай ауылы, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия, Отар ауылы, №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектеп, Степное ауылы, №24 орта мектеп) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Әрбір жөнделіп жатқан нысанның дайындық деңгейі әртүрлі. Мәселен, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында жұмыстар 90 пайызға аяқталып қалған екен. Қалған екі мектепте жұмыс 85 пайызға аяқталған. Мердігерлер жұмысты уақытында аяқтаймыз деп уәде беруде, сол мақсатта қосымша жұмыс күшін тартып, қарқынын күшейткен. Балалардың уақытында мектеп табалдырығын аттап, оқуын бастап кету үшін жергілікті билік өкілдері тарапынан мердігерлердің жұмысы ерекше қадағалауға алынған. Еліміздегі болған қайғылы жағдайларды ескере отырып, бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Ол үшін заманауи әдістерді кеңінен пайдаланып жатыр. 48 мектептің тиісті жерлеріне 802 дана аналогты бейнекамера орнатылған. Ал бақылау жүйесі тиімді болу үшін 2021 жылы желтоқсан айынан бастап аудан орталығында орналасқан 5 балабақша мен 7 мектеп камералары аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылып, интернет желісі арқылы бақыланатын болды. Арнайы комиссияның жүргізген тексерісі барысында тексерілген мектептерде кейбір кемшіліктерді есепке алмағанда санитарлық тазалық жұмыстары талапқа сай. Білім бөліміне қарасты барлық мектептерде жазғы демалыс мезгілінде оқу кабинеттерінде демеушілер есебінен сырлау, әктеу жұмыстары жүргізілген. Мектептер жаңа оқу жылына дайын. Анықталған кемшіліктерді де атап өтпеске болмас, мәселен кейбір мектептердегі спортзал еденінің шіріп кетуі, шатырды өртке қарсы заттармен өңделмеуі, көмір мен күл қалдығының шашылып жатуы, өртке қарсы дабыл жүйесінің жұмыс істемеуі, мектеп ауласындағы шөптің орылмауы, кейбір мектептерде бейнекамералардың дұрыс емес істеуі сынды кемшіліктер кездесті. Оқу маусымын ойдағыдай өткізудің ең негізгі шарты мектептердің жылы болуы екендігі жасырын емес. Сондықтан тиісті дайындық жұмысына ерекше көңіл бөлінген. Жалпы аудандағы 48 мектептің 12-сі газбен, біреуі сұйық отынмен және 35 қатты отынмен жылытылады екен. Аудан әкімдігінің қаулысымен аталмыш қазандықтар «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны» теңгеріміне берілген. Сондықтан барлық дайындық жұмысы осы кәсіпорынның мойнында. Қазандықтарды техникалық куәландыру және жабдықтарды сынау актілері мен қазандық операторларының біліктілігін арттыру курстары тамыз-қыркүйек айларына қойылған. Осы жұмыстар ойдағыдай өткізілсе жылыту маусымы да сәтті өтуі тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.