«Қордайдың
қоңыр құлжасы»
атанған көрнекті жазушы
Несіпбек Дәутайұлы өмірден
озғалы да бір жылдан асып барады екен.
Бүгін жазушының туған жерінде шығармашылығына арналған дөнгелек үстел отырысы өткізіліп, жылдық асы берілмекші. Ол әдебиетімізге олжа салған ғажайып туындыларымен белгілі болды. Нығаның шығармашылығы туралы мүйізі қарағайдай әдебиетші ғалымдар, сыншылар мен жазушылар оның көзі тірісінде-ақ лайықты бағасын беріп қойған.
Түрлі әдеби байқаулардың, халықаралық «Алаш» және «Дарабоз» бәйгелерінің жеңімпазы, «Ең үздік роман» байқауының жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Н.Дәутайұлының әдебеттегі жетістіктеріне берілген баға осындай. Талантты қаламгердің «Құдырет пен қасірет» романы, повестер мен хикаяттардан, әңгімелерінен тұратын «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Аты жоқ әңгіме», «Кісі иесі» әдеби кітаптарымен қоса, «Ойынды етің он бөлек» публицистикалық жинағы, екі томдық «Айғыркісі» және «Мінез» кітаптары жарық көрген. Әдеби туындылары екі мәрте ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуының өзі көп жайды аңғартса керек. Ал оның үлкен әдебиетке журналистика арқылы келгені, газеттегі қызметі жайлы көп айтыла бермейді.
Бүгінгі әңгімеміз сол жайында.
Некеңді мен алғаш рет 1976 жылы наурыз айында көрдім. Колхоздың құрылыс алаңынан топ етіп редакцияға түскен бетім. Аудандық газеттің табалдырығын имене аттаған менің қайтадан ауылға кетіп қалмай, сөз өнерін игерудегі қиындықтарға көндігуіме ықпал еткендердің бірі осы Несіпбек көкем болды. Ол газеттің жауапты хатшысы екен. Төрт жылдай бұрын ол да колхозда қой бағып жүрген жерінен келіпті. Өзінің айтуынша, сегізінші сыныптан кейін мектепке бармай, он төрт жасынан көмекші шопан, кейіннен аға шопан болып сегіз жыл қой баққан. Автоклуб меңгерушісі де болған. Тұла бойы тұнған талант, құйқылжытып домбыра тартып, суырып салып өлеңдетіп, айтысқа да қатысып жүріп газет өкілдерінің көзіне түскен ғой. Тұмса табиғаттың аясында шабыты кернеп кең далаға сыймай жүрген жерінен 1972 жылы редакцияға шақырылыпты. Ол аз уақытта жазуға төселіп, енді көлдей-көлдей очерктері, суреттемелері, өлеңдері газет бетін босатпай тұрған кезі. Орта білімді кешкі мектепте алыпты. Бойшаң, шашы желкесін жапқан тұрпатымен сол кездің өзінде-ақ ерекше көрінетін. Ешкімді бет қаратпайтын мінезді еді. Бойдағы тума талант пен өр мінездің арқасында кейін талай биіктерге көтерілді ғой.
Сол кездің өзінде-ақ, Несағаның талантын танып, болашағынан зор үміт күткен аупарткомның бірінші хатшысы Берден Байқошқаров оның комсомол мүшесі еместігіне қарамастан партияға қабылдатады. Ол кезде редакцияның жауапты хатшысы да коммунист болуы тиіс-ті. Кейінірек аудан орталығынан үй де бергізді, машина да мінгізді. Несағаның зайыбы Әмірхан Шәкиева тәтеміз біздің газетте корректор болып ұзақ істеді. Қашан да жүзі жарқын, көңілі де, қолы да ашық осы бір жан ерінің шығармашылығына барынша жағдай туғызып, ұл-қыздарын тәрбиелеп, арқалы қаламгердің кейбірдегі серілік мінездеріне түсіністікпен қарады. Ара-тұра үйінде болғанда, басқа да той-томалақтарда Несағаның дастарқан басындағыларға жағалата суырып салып әзіл шумақтарын шығарып қыран-топан күлкіге көметіні болушы еді. Оның әзіл-шыны аралас, кейде уытты шумақтарына ілініп қалудан қаймығып талайлар тайсалып жүретін.
1977 жылы Некең екеуміз де ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсуге Алматыға бардық. «Ой, бір редакциядан екеуің бірдей қалай түсесіңдер, алмайды» дегендер болды. Бірақ, біздің шығармашылық конкурсқа тапсырған газетте жарияланған мақалаларымыз бен редакция басшылары берген тастай мінездемеге мән берілген болуы керек, екеуміз де оқуға қабылдандық. Меркі ауданынан Серік Құралбай мен таластық Көсемәлі Сәттібай да курстасымыз болды. Екі курстан кейін Көсемәлі әскерге кетті де, Несіпбек көкем оқуды жайына қалдырды. «Сол оқуды бітірген табақтай дипломы барлардың өзі мен тәрізді жаза алмайтын болса, онда бұл оқудың маған түк берері жоқ» деп айтып жүретін. Бірақ, өздігінен білім алды, ол кезде әркімнің қолы жете бермейтін жазылым арқылы әлем әдебиеті кітапханасына қол жеткізіп, соған құныға бас қойған кезі еді.
Ол алдымен ақын ретінде танылды, «Лениншіл жас» газеті «Сәт сапар» айдарымен өлеңдерін жариялады, жас ақындардың «Балауса» жыр жинағына топтамалары енді. Біртіндеп прозаға ауысты. Бірде Несағаның «Алмалы» кеңшарының бағбаны туралы «Қызыл алма» деген очеркі «Лениншіл жас» газеті жариялаған конкурста жүлде алып, көп ұзамай осы газеттің Жамбыл, Шымкент және Қызылорда облыстарына меншікті тілші қызметіне тағайындалып тұрып, мінәйі себептермен өтпей қалғаны бар. Дегенмен, әлгі очерк оған әдебиет әлемінің есігін ашып бергендей болды. Осыдан кейін-ақ Н. Дәутайұлының «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің», «Ақ көгершін» повестері Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағының «Жалын» баспасымен бірлесіп өткізген жабық әдеби конкурстарының қатарынан үш дүркін жүлдесін иеленді. Ал осының барлығын ол аудандық және облыстық газеттерде жүргенде жазды. «Лениншіл жастың» бөлім меңгерушісі, қордайлық жерлесі әрі құрдасы Әшірбек Көпішевпен күн құрғатпай телефон арқылы сөйлесіп, қызу пікір алысып, шығармашылық ойларымен бөлісіп отыратын. Өзінің көпшілдігімен Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова сынды заңғар ақын-жазушылар мен Құдайберген Сұлтанбаев, Құман Тастанбеков, Уайс Сұлтанғазин сияқты талай өнер тарландарын Қордайға шақырып қазақы қонақжайлылық танытып жүруші еді.
1982 жылы күзде аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің 50 жылдығы атап өтілетін болды да, мерекелік қосымша шығару жоспарланды. Осының алдында ғана бізден облыстық газетке ауысқан Несіпбек көкем де бұл шараға белсене араласып, мерекелік қосымшаға қажетті суреттерді түсіру үшін «Лениншіл жастың» фототілшісі Алашыбай Есмағамбетовты шақыртты. Ол келіп, редакция мен баспахана қызметкерлерінің жұмысын бейнелейтін тамаша суреттер топтамасын түсіріп еді. Мерекелік нөмірдегі әр қызметкерге арналған достық әзіл суреттерін белгілі карикатурашы Еркін Нұразхановқа салғызып, әзіл шумақтарын Несаға өзі жазып берген болатын. Сол кезде жасы алпысқа келген редактордың орынбасары, майдангер ағамыз Жапар Көпбаевқа: «Айтарыңыз: «Ал, бала, жаза бер де жаза бер». Пенсияңды ал да Аға, енді бізге маза бер!»,- деген әзіл арнады. Ал маған: «Ал бала деп алға сап, кәрі-құртаң жырғады. Атқа жеңіл, тайға шақ, сені жұмсап жүр бәрі»- дегені жадымда жатталып қалыпты. Ал, «Қазақ әдебиеті» газетінде оның өзі туралы «Шляпасы басында, елу асқан жасында — Дәутайұлы Несіпбек, Тараз шарға көшіп кеп, «Жамбыл» деген жорналда, сарашы боп жүр дейді, Жамбыл дейтін бұл елдің, баласы боп жүр дейді, оңайлықпен күлмейді, сырын ешкім білмейді» деп әзіл арнағаны бар.
Н.Дәутайұлы 1980-1998 жылдар аралығында облыстық «Еңбек туы» газетінің Қордай және Красногор аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеді. Газет редакторы Арғынбай Бекбосын Несағаның шығармашылық әлеуетін жоғары бағалап, басқаларға үлгі ететін. Оның қаламынан туған мақалалардың қай-қайсысы да мазмұны және салмағы жағынан құнды болды. Азулы сын, проблемалық мақалалары, пәлсапалық мәселе көтерген публицистикалық ой тұжырымдары, эсселері газетте үсті-үстіне жарияланды. Мәселен, газеттің әлі «Еңбек туы» кезінде (1990) «Аңырақай шайқасына – бүкілхалықтық белгі» деген айдармен қазақ тарихында ерекше орын алатын «Аңырақай шайқасына» арналған ескерткіштер панорамасын жасауға алғаш ұсыныс айтып, мұның маңыздылығы туралы сериялы мақалалар жариялап, банктен арнайы қор ашқызған болатын. Сондай-ақ, Ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі, Қордай жерінде мерт болған қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы да баспасөзде айтылмай жүрген кейбір ақиқатты ашық жазып, оған да бүкілхалықтық ескерткіш орнату мәселесін көтерді. «Екі Кенен келмейді Алатауға ексең де…» деген Кенен күндерінен жазылған көлемді репортаж-толғауында осы тойда өзі байқаған қазақтың әншілік, жыршылық, әсіресе, айтыс өнерінің оғаш олқылықтары жайлы батыл пікірлерін алға тартты. «Ақ жолда» әр кездері жарық көрген «Ел боламын десең, есіңді жинап, есігіңді оңда» (1996 ж. 15 ақпан), «Қазақ қайда барасың атақ қуып…»(27 мамыр, 2000 ж.), «Қазақ қайдан келесің шатақ қуып…»(7 маусым, 2000 ж.), «Дау іздейтін кез емес»(27 ақпан, 2002 ж.), «Қоғамымыздың басты даңғылы – саналық жаңару»(2003 ж.8 шілде) деген тақырыптарының өзі-ақ бір бетті тұтас алып жатқан бұл жарияланымдардың не жайлы екенін айтып тұр. Кезінде жазушы Шерхан Мұртаза былай деп жазды: «Н.Дәутайұлы жазушылығымен қоса, белгілі публицист. Ел мен жердің тарихы, тағдыры, тілі мен діні, мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрі хақында көтерген көптеген проблемалары оқырманның рухани деңгейін байытуға қызмет етіп келеді».
Сонымен қатар, өзінің өткір тілі мен қайсар мінезінің арқасында шындықты шырқырата жазып, талай кеудесіне нан піскендерді тәубасына келтірген кездері де аз емес. Айталық, «Көбік» деген мақаласымен жылдар бойы дендеп келген қозы қосып жазу дертінің ең алғаш бетін ашып берген осы ағамыз. Тағы бірде қапайым шопанға басшылар тараптан жасалған қиянатқа ара түскені бар. «Қаракемер» колхозының аға шопаны Шәлен Иманбаев колхоздың бір жылдық есеп беру-сайлау жиналысында басқарманың жұмысына сын айтамын деп басшылардың қырына ілінеді. Ақырында шындық жеңді. Ақиқат жолында шопан жалғыз емес болатын, колхоздағы небір құйтұрқы көзбояушылықтарды білетін бір топ адамның ашық хаты облыс басшысы Ө.Байгелдиевке жетіп, құқық қорғау органдарынан тексерушілер келіп, оның қорытындылары бойынша «Ақ жолдың» тілшісі Несаға газеттің екі нөміріне «Құлдырау: Малшыны тонаған топ», «Шындық пен жалғандық» (20 және 22 тамыз 1991 ж.) деген мақалалар жариялап, мәселенің ақ-қарасын ашып берген болатын. Талайларға таяқ тиіп, ал шопан енді болмаса ажырап қалғалы тұрған отарын қайтарып алған.
«Несіпбек Дәутайұлы «Еңбек туына» жаңа леп әкелді» деген сөз қалдырды ол. Көсемсөздерінің, очерктерінің тіл байлығы өз алдына бөлек әңгіме. Несағаның публицистикасы бойынша студенттер диплом жұмыстарын қорғаса, екі томдық таңдамалысы филология ғылымдарының кандидаты Г.Балтабаеваның докторлық диссертациясының үлкен бөлігін қамтыған. Жазу-сызуға бейім, көкірегінде талант ұшқыны бар жастарды қаламынан тани білетін, қамқорлық танытуға әзір тұратын. Қордайда тұрғанда үйінің үлкен бір бөлмесі кабинеті еді, алдына барып ақыл-кеңес алып тұрдық. Оның жұмыс істеу үрдісі журналистік қызметтің үлгі мектебі деуге болады.
Н. Дәутайұлы «Ақ жолдан» кейін 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің Қырғызстандағы тілшісі болып бір-екі жыл қызмет атқарды. 2001 жылы елге оралып» Қордай шамшырағы» газетінің редакторы болса, 2003 жылы Таразға қоныс аударып «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналын шығаруды қолға алды. Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиалын да басқарды. Міне осылай, әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген шын мәнінде қаламы қарымды қайраткер еді.
Несағаның 50 жасқа толғаны 1997 жылы, шығармашылығына 35 жыл толуы және ол басқаратын «Жамбыл» журналының он жылдығы 2013 жылы туған жері Қордайда аталып өтсе, сол жылы Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазыналы қайнар» деген тақырыпта қаламгердің зиялы оқырмандармен, жазушылармен, әдебиет зерттеушілерімен кездесуі өтті. 2017 жылы Тараздың төрінде 70 жас мерейтойы кең көлемде тойланған болатын.
Несіпбек ағамыз соңғы жиырма жылға тарта Таразда тұрғанымен туған жерімен, елімен байланысын еш үзген емес-ті. Ауданда өтіп жататын үлкенді-кішілі елдік шаралардың көбінің басы-қасынан табылатын. Қордайдан шығып, кезегімен аудан басқарған Қ.Уәли, Б.Әден, М.Жолдасбаев, Б.Байтөлемен және басқа да елтұтқа азаматтармен тығыз қарым қатынаста болып, қай мәселеде де ақыл кеңесін аямаушы еді. Қайран біздің Несаға!
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Суретте: Н.Дәутайұлы аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің
жауапты хатшысы (1975 жыл);
«Жамбыл» журналының
редакторы «2020 жыл)