ШАЛҒАЙ АУЫЛДЫҢ ІЛКІМДІ ІСТЕРІ

0

Аудан әкімі Мәден Мұсаев дүйсенбі күні «Колхоз» аймағындағы бес ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен танысып, құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, тұрғындармен жүздесті.
Жұмыс сапарын шалғай ауылдардан бастаған аудан басшысы алдымен Еңбек ауылының маңында орналасқан «Азия сад» ЖШС-нің жұмысын көрді. 100 гектардан астам жерге еуропалық технологияны қолдана отырып алма бағын қолға алған серіктестік директоры Р.Машухей алма бақтың жетістіктерін баяндады. Бүгінде жиын-терін басталып, ауыл тұрғындарының жұмысқа тартылғандығын және 2500 тонна алма жинауды көздеп отырғанын жеткізді. Аудан әкімі өз кезегінде жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау шараларының жасалатындығын, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдауындағы жеке сектордағы бизнесті дамытудың реформалары жайында атап өтті. Мәден Тоқтарбайұлы Еңбек ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан ауылдық клубтың да жұмысын көріп, жауапты тұлғалармен кездесті. Мұнда жұмыстар аяқталуға жақын, қыркүйек айының соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.
Аудан әкімінің жұмыс сапары Қарасай ауылында жалғасып, өткен жылы іргетасы қаланған спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын көрді.
Сонымен қатар, 28 тамыз күні өткен ауылдық округ әкімінің сайлауының қорытындысы бойынша тағайындалған ауылдық округ әкімі К.Елемесованы таныстырып, ауыл тұрғындарымен жиын өткізді. Онда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар мәселелерді талқылап, ауыл әкімінің істеген жұмыстары пысықталды. Екінші жолы сайлауға түскен ауыл әкімі жыл басынан атқарылған және алда атқарылатын жұмыстар жайында баяндап өтті.
Мәден Тоқтарбайұлының түстен кейінгі жұмыс сапары Сортөбе ауылында басталып, округте жаңадан құрылысы басталған 75 адамға арналған ішкі істер ғимаратының құрылысын көрді. Сондай-ақ, Ауқатты және Қарасу ауылдарында болып, ондағы спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысына жауапты мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Құрылыс жұмыстарының бақылауда тұрғандығын, жоспарға сәйкес, мерзімінде аяқтау туралы нақты тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.