РУХАНИ ТӘРБИЕЛЕУ- ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ҮЛЕС

0

Салт дәстүрімізде көрші ақысына баса назар аударылғаны белгілі. Ал оның шығу тарихын зерттегенімізде Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) ақыл кеңестерінен бастау алғандығын көреміз. Халық арасында көп тараған хадистердің бірінде: «Көршісі аш өзі тоқ жатқан нағыз мұсылман емес» (Бухари) делінгені мәлім. Той-томалақты сәттер мен мерекелерде туған-туыс, дос жарандардың бір-бірімен қоян-қолтық араласу негіздері дініміздің үгіт-насихаттарынан сусындағанының көрінісі болып табылады. Мысалы: исламда «силаий рахим» яғни туған-туыстарынан алыста болғандардың, белгілі уақыттарда кіндік қаны тамған жеріне туған-туыстарына барып араласуды Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиет еткен. Пайғамбардың бір хадисінде: «Туған-туыстарың мен достарыңа қонаққа барыңдар, Алла өмірлеріңді ұзартып, ризықтарыңды арттырады» деген. Сүндет Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті болғандығы үшін де мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие болды. Меккеде ер балалар 3 – 7 жастарында сүндетке отырғызылды. Бұл ғұрып“таһар” деп аталады. Сүндетке отырғызылатын баланың құрметіне арналып той-думан жасалып, балаға ең әсем киімдер кигізіп, атпен серуендетеді. Қазақ халқында сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келсе, қазір көбіне медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бала сүндетке отырғызылған соң көрші-қолаңға қонақасы беріліп, құран оқытылады.
Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі адамдарға пайдалы болғаны. Даңқты һәм Ұлы Алла үшін іс-амалдардың ең сүйіктісі бір мұсылманды қуанышқа бөлеуің, не оның бір қайғы-мұңын сейілтуің, не оның бір қарызын өтеп беруің, не оның бір аштығын кетіріп, тамақтандыруың. Мен үшін бір мұсылман бауырымның қажетімен жүруім мешітте бір ай бойы иғтикафта (құлшылықта) болғаннан артық. Кімдекім ашу-ызасын басса, Алла оның кемшілігін жасырады. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетінде қашан оны өтегенше жүрсе, Алла Тағала қадамдар таятын күні оның қадамын нықтайды. Расында жаман мінез жасалған қайыр амалдарды сірке суының балды бұзғанындай бұзады» (Бұхари). Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, не ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс-аяқ, киімкешек, көрпе-төсек апарып, қол ұшын созған.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Адамдарға алғыс білдірмейтін адам Аллаға шүкір етіп жарытпайды», – деген. Қазақ халқы қайырымдылықтың қадіріне жете білген халық. Жақсылық жасаған жанға лайықты алғысын айта білген жұрт. Алғыс айтудың бірнеше формалары бар. Қазірде кең тарағаны «рахмет» деп айту. Бұл сөздің түп-төркіні «сізге Алланың рахымы жаусын!» деген тіркес. Уақыт өте келе қысқаша нұсқасы қалыптасқан. Ұлтымыздың бұрынғы мұраларына зер салсақ, көпшілік арасында қайыр қылған жанға «Құдай жарылқасын», «Алла алдыңнан жарылқасын», «Жолыңды ашсын», «Жағың қисамай жамандық көрме» деген сияқты игі тілектерді жаудыратынын көреміз. Сондай-ақ, алғыс алған адамның жаман болмайтындығын білдіретін мынадай мақал-мәтелдер де бар. «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас». «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді». «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас». «Баталы құлға бақ қонар»
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне: «Бір-біріңе сый беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады», – деп өсиет еткен. Алаш жұртында «Орамал тон болмайды жол болады» деген мәтел бар. Мағынасы азды-көпті сый тарту арқылы бір-бірінің көңілін аулау, адамдар арасындағы татулық қарым-қатынасты бекіту. Қазақта сыйдың түрі көп. Қонақ кәде, нағашының жиенге беретін тартуы сияқты толып жатқан кәде-сыйлар бар.
Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық та қылмайды, оны құрдымға да тастамайды. Кімде-кім бауырының қажеті үшін жүрсе, Алла оның қажетінде болады. Кімдекім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Қиямет күні Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді. Кімдекім мұсылманның айыбын жасырса, Алла оның айыбын жасырады». Қазақты басқа халықтан ерекшелеп тұратын игі қасиеті – бауырмалдығы. Жеті атаға дейін бір-бірін туыс көретін халқымыз жақынға да, жатқа да жанашырлық танытады. Қаріп-қасер, мүсәпір жолаушыға көмек қолын созады. Қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш деп санайды.

Мухтор САИДОВ,
Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу орталығының»
Қордай ауданы бойынша бөлім инспекторы

ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМНЫҢ ИНТЕРНЕТ КЕҢІСТІГІНДЕГІ
ҮГІТ-НАСИХАТЫ

Халықаралық электр байланысы одағының есебіне сәйкес, Жер тұрғындарының 95%-ы қозғалмалы ұялы байланыспен қамтамасыз етілген. Одақтың айтуы бойынша 2015 жылдың соңына дейін әлемдік желіге қосылу 46%-ды құрған. Есепке сәйкес, дамыған елдердің 81,3%-ы интернетпен қамтылған. Ал дамушы елдерде бұл көрсеткіш 34,1%-ды құрайды. Даму қарқыны мүлде бәсең мемлекеттердің 6,7-сі желімен қамтамасыз етілген. Құжатта елдердің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша даму индексі де көрсетілген. Рейтингте Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Ал Дания, Исландия, Ұлыбритания, Швеция елдері алғашқы бестікке енген. Қазақстан 166 елдің арасында 53-орынды иеленді.
Қазіргі кезде бүкіл әлемдегі пандемияға байланысты түбегейлі өзгерістер болып, көптеген қызмет түрі онлайн режимге өткені белгілі. Осы жағдайды деструктивті діни ағымдар өз пайдаларына қолданып отыр. Көп қолданысқа енген әлеуметтік желілер, сайттар арқылы алғашында жақсы көрінген материалдар арқылы ағымдар ары қарай өздеріне адамдарды тартып отыр. Бұл көбінесе видеороликтер мен қысқаша бірақ адамды қызықтыра кететін мақалалар, әңгімелер арқылы жүзеге асады. Бұл ағымдар өз қатарына адамдарды қосу үшін діни пәтуаларды, әңгімелер мен қиссаларды өздері сөз қосу арқылы түрлендіріп адамды қызықтыра кетеді.
Барлығымызға белгілі, деструктивті діни ағымдар белгілі бір саяси, діни проблемаларға байланысты өзіндік жеке ойын тарату үшін пайда бола бастайды. Ал интернет желісі адамдарды тартудың оңай әдістерінің бірі.
Қазіргі кезде желі пайдаланушылар саны жыл сайын, не күн сайын артып отыр. Және жаңадан ислам шариғат заңдарын үйрене бастаған адамдар ең алдымен сұрақтарына жауапты осы интернет желісінен іздейді. Сайттардың заңды не заңсыз сайт екенін тексеріп отырмайды. Жай ғана сұрағына нақты жауап бере алатын сайтқа кіріп, оның айтқан шешіміне қалтқысыз сенеді. Атақты желілер, сайттар қатарына әрине VKontakte, facebook, instagram, youtube, whats app желілерін айтуға болады.
Деструктивті діни ағымдар вконтакте желісінде көптеген ислами атпен топ ашады, ал ютуб желісі арқылы түрлі видеороликтер, фэйсбук және инстаграм арқылы жалған ақпарат таратады, ал көпшілік қолданып жүрген уотсапп желісінде жеке уағыз айтуға кіріседі. Міне, бұл олардың жасап отырған әрекеттерінің тек біз білер жағы, ары қарай халқымыз қалай уланып жатқанын кім білсін?!
Жалпыша деструктивті діни ағымдардың қоғамға алып келер зардаптары өте көп, сондықтан қарапайым халық қандай мәселе болмасын барлығы заңды екендігін, құпталғандығын әрдайым тексеріп отырғандары дұрыс. Бұл психологиялық, моральды және физикалық тұрғыдан да дайын болуымыз керек екендігін ескертеді. Әрбір ақпарат расталуы керек, тек сенімді сайттар қолданып, әлеуметтік желіде абай болғанымыз абзал. Жасөспірім балалардың ата-анасы баласының қандай сайттар қолданып жүргенін, қандай адамдармен сөйлесетінін барлығын жіті қадағалағаны дұрыс деп ойлаймын. Жеке мектептердегі дінтану сабағына байланысты нағыз мамандарды тарту керек. Осындай деструктивті ағымдардың әсерін бәсеңдету үшін интернет желісінде ресурстарды пайдалану жайында да жеке сағаттық жұмыстар мектеп, жоғарғы оқу орындарында жиі жүргізіліп отыруы тиіс деген пікірдемін.

Шапағат БАТЫРХАН,
Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу орталығының»
Қордай ауданы бойынша бөлім инспекторы

ДІНИ САБАҚТАСТЫҚ

Ауылдағы ақсақалға амандаса барып, «Қашаннан бері мұсылмансыз?» десеңіз, «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деп қысқа қайырар еді. Бүгінде осы «әлімсақ» сөзін «көнеден, ертеден» деп ұғынамыз. Ол да ақиқат. Бірақ «әлімсақтың» тамыры одан да тереңде жатқанын білген абзал. Әсілінде «әлімсақ» сөзі алдымен «әлмисақ», оған дейін «мисақ» болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Мисақ – адам мен Алла арасындағы алғашқы ант. Яғни, дана халқымыз есте жоқ ескі заманнан бері мұсылман екенімізді ескертіп қояды.
Өрлігіміз бен ерлігімізге осындай таңбалы тастар мен жақпардағы жазулар куә! Білге қаған қашап қалдырған бір ауыз сөзінде «Ей, Түрік! Жоғарыда аспан құламай, төмендегі жер тесілмей, сенің мемлекетіңді, әдетіңді кім жоя алады?!» дейді. Бұл жерде «әдет» деп отырғаны сан ғасырмен сабақтас әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз. Соны жоятындар ұлты мен салтынан безінген, жат ағымның жетегінде жүргендер болса керек. Осы қатардағылар «Аспан құламай, жер тесілмей», өзгенің айтағына еріп, төл мемлекетінің қауіпсіздігіне сына қағатынын білсеші.
«Жүздері мейірімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделеріне берік тұратын мәрт». Мұсылмандықтың мұраты да, негізгі қағидаты осы емес пе? Әкенің қаны, ананың сүтімен сіңген дара қасиет келе-келе салт-санамызға айналды. Әдет-ғұрып болып қалыптасты. Көнекөз қариялардың осыны меңзеп, «әлімсақтан мұсылманбыз» деуінің астарлы ақиқаты – міне сол!
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Дін мен дәстүр» кітабында «Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істері бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды» делінеді. Ендеше, келіннің бетін ашу, домбыра шерту, өмір¬ден озған адамның жетісін, қырқын, жылын беру шариғатта болмағанымен, «ерікті істер» деп қабылдауға болады. Осы кітапта айтылғандай «Ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардыкіндей етуге тырысу барып тұрған надандық».
Мәселен, қазақ халқы жеті атаға жетпей қыз алыспайды. Дана халқымыздың қасиеті де, келер ұрпағына жеткізген өсиеті де осы. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында қыз алысып, қыз беріскен құдандалығымыздың арқасында тіліміз бүлінбей, салтымыз сарқылмай келеді. Ардақ тұтқан әдет-ғұрпымыз да, діни сабақтастық та осылай сақталды.
Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Қазақтың түп атасы – батыр Түрік, «Арабсың» деген сөздің түбі шірік. «Пәленше сахабаның затысың» деп, Алдаған дін жамылған өңкей жүлік» деп толғайды. Жат ағымның жетегінде кеткендер араб емес, түбіміз – түрік, қанымыз – қазақ екенін осыдан-ақ ұғынар еді. Себебі дін – діңгек дегенімізбен, салт-дәстүрден аулақтаған болса, ол да «ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің»…
Жамбыл ауылдық округі әкімі аппараты

Leave A Reply

Your email address will not be published.