ЖАЗУШЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ АСЫ БЕРІЛДІ

0

Өткен сенбі күні ауданымызда заңғар жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қадірлі қаламгер Несіпбек Дәутайұлының жылдық асының алдында еліміздің зиялы қауым өкілдерінің бас қосуымен «Қордайдың қоңыр құлжасы» атты дөңгелек үстел өтті.

Аудан әкімдігінде болған келелі кездесуге ҚР Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Мереке Құлкенов, Жүсіпбек Қорғасбек, Қасымхан Бегманов, Жұмабай Шаштайұлы, Маралтай Райымбекұлы , Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбек, Әшірбек Көпішев, елордадан Ерлан Жүніс, Маржан Әбіш сынды қаламгерлер қатысты. Тараз қаласынан Елен Әлімжан мен Шырын Мамасерікова, Оралхан Дәуіт бастаған жергілікті ақын-жазушылар, жас қаламгер-журналистердің де біразы Қордайға табан тіреді. Жазушының көзі тірісінде сырлас достарына айналған Асаубай Майлыбаев, Бекет Момынкұл, Сағындық Ордабекұлы, Ғалым Қасабай аталмыш жиынға қатысты. Әрине, жазушының жерлестері, қордайлық ақсақалдар мен атқамінер азаматтар да осы жиыннан табылды.
Дөңгелек үстел тізгінін белгілі ақын Ерлан Жүніс ұстап, алқалы жиынның мәні мен маңызы жайлы сөз етті. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Несіпбек Дәутайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау тұрғысында Тараз қаласында қолға алынғалы жатқан игі-шаралар туралы әңгімелеп берді. Олардың қатарында жазушының кабинетін мұражайға айналдыру, Н.Дәутайұлы атындағы байқау да ұйымдастыру бар екен. Дөңгелек үстел барысында Несағамен үзеңгілес, рухани сырлас болған жандар сөз алып, жазушының кісілік келбеті, шоқтығы биік шығармашылығы жайында ой толғап, бірқатар ұсыныстарын да айтты. Олардың қатарында жазушы есімін ұлықтау, «Жамбыл» журналының тағдырына алаңдаушылық мәселелері де қозғалды.
Жиын соңында Несіпбек Дәутайұлы туралы жазылған естеліктер жинағының тұсауы кесілді. Несағаңның рухани інісі, қазіргі таңда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің қолдауымен жарық көрген «Қордайдың қоңыр құлжасы» атты кітаптың тұсауын Ұлықбек Есдәулет пен облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев кесті.
Одан кейін жиналған жұрт Қордайдағы «Інжу-Палас» ресторанында жайылған жазушының жылдық асына қатысып, бағышталған Құранға қол жайып, арнайы фильмді тамашалап, сол жерде де естеліктерімен бөлісті.
Биыл Нес-ағаңның 75 жылдығы. Туған күні желтоқсан айында. Қараша айында Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығына арналған ғылыми конференция өткізу, көп томдығын шығару мәселесі де талқылануда. Басқа да ұсыныстар осы жиын барысында тағы бір мәрте айтылды. Ас соңында Несағаңның жұбайы және Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев тебірене сөз сөйлеп, келушілерге алғыстарын айтып, осындай халқы барда, іздеушісі, жанашыры барда Несағаңның аты өлмейтіндігін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.