ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР ТУРАЛЫ

0

Жаңарған Конституцияның құқық қорғау әлеуеті қандай? Қабылданып жатқан шаралар құқық қорғау институттарын нығайтуға қалай ықпал етеді? Жаңартылған Конституция бойынша Бас прокуратура, Жоғары сот кеңесінің қызметтері қаншалықты өзгереді?

Осы және жаңарған Конституцияға қатысты өзге де өзекті мәселелер төңірегінде Орталық коммуникациялар қызметінің сарапшылар клубында талқылау өтті.
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова модераторлық еткен клуб жұмысына Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Конституциялық Кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов, Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев, Бас прокуратураның Заң шығару ісін үйлестіру департаментінің басшысы Алмас Мұхамеджанов, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева және Республикалық адвокаттар коллегиясының төрағасы Айдын Бикебаев қатысты.
Сондай-ақ жиында Еуропалық құқықтар және адам құқықтары сарапшылар институтының директоры Марат Бәшімов, Жоғары сот кеңесінің мүшесі Айгүл Қалимұқашева, Жас заңгерлер палатасының төрағасы Сағидолла Баймұрат және Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметкері Нұрхада Примашев сөз алып, тақырып бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.
Клуб отырысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Конституцияға азаматтық құқықтарды күшейту бойынша бірқатар өзгеріс енгізу арқылы құқықтық қорғау институттарының потенциалы күшейтілетінін мәлімдеді. Сарапшы осы орайда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңның жобасы әзірленгенін алға тартты. Оның айтуынша, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» бірінші заң былтыр 26 желтоқсанда қабылданды.
«Қазір бұл құжат жоғары конституциялық деңгейге көтерілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мемлекеттік органдардан және басқа лауазымды тұлғалардан тәуелсіз болады. Заңда адам құқықтары уәкілінің функциялары көрсетілген. Енді ол адамдардың арызын қараумен ғана емес, осы арыздар заңның негізгі нормаларына, заңды тәжірибеде тиімді қолданбауға, құқық бұзушылықтарға байланысты болса, сотқа арыз берумен де айналысады. Конституцияға сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгініп, адамдардың құқықтарын қорғау құқығына ие болады. Бұл тәжірибе халықаралық деңгейде оң нәтижесін көрсетті. Қазіргі кезде көптеген мемлекет Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін көтеріп, тек мемлекеттік органдарда емес, сонымен бірге сот арқылы адам құқықтарын қорғауға мүмкіндік беріліп отыр», деді сарапшы.
Ал Жоғары сот кеңесінің мүшесі Айгүл Қалимұқашева қабылданып жатқан шаралар құқық қорғау институттарын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Биыл жүргізілген конституциялық реформа құқық қорғау институттарының рөлі мен маңызын едәуір күшейтті, оның ішінде сот жүйесін жаңғырту мәселелерін қозғады. А.Қалимұқашеваның мәлімдеуінше, соттарды толыққанды реформалау, атап айтқанда, Жоғары Сот кеңесі жауап беретін кадр саясатын қайта қарау бұл саладағы күрделі өзгерісті білдіреді.
«Соттардың кадр саясатын жетілдірудегі басты көздегені – ашықтық пен айқындықты арттыру. Бұл бірінші кезекте заңды қоғамдастыққа судьялар корпусын құруға тікелей қатысу құқығын беру есебінен қамтамасыз етіледі. Құқықтың тар салаларындағы мамандар үшін облыстық соттар судьяларының лауазымдарына орналасуға оңтайландырылған конкурс өткізіледі. Президенттің ұсынысы бойынша жоғары білікті заңгерлерді Жоғарғы Сот судьялары лауазымына конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі көзделген. Соңғы уақытта кандидаттардың компьютерлік тестілеуден өту жазбаларын іріктеудің, эссе жазу мен кейстік міндеттерді шешудің ашықтығын одан әрі арттыру мақсатында Кеңестің интернет-ресурсында жарияланып келеді. Сондай-ақ судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта жергілікті сот төрағаларында судьялардың мансабына әсер ету тетіктері жоқ. Атап айтқанда, тәртіптік жауапкершілік мәселелері бүгінде сот төрағаларының құзыретінен тыс, оларды Жоғары сот кеңесінің жанындағы Сот жюриі және соттың жалпы отырысы арқылы судьялар қауымдастығы қорытындысынан кейін ғана шешеді», деді сарапшы.
Бұдан бөлек, бұрын судьяға конкурсқа қатысу үшін сот төрағасының мінездемесі талап етілсе, енді ол жойылды, ал ұсынымды облыстық соттың жалпы отырысы құпия негізде береді. Сот жүйесін өздігінен тазарту да маңызды мәселе болып табылады.
«Биыл судьяларды тәртіптік жауапкершіліктен алшақтатуға мүмкіндік бермейтін қағида күшіне енді, оның ішінде мұндай мәселелерді соттардың жалпы отырыстарының қарауына, содан кейін Сот жюриіне қарау міндеттері енгізілген. Судьяларды іріктеу, білікті заңгерлерді сот жүйесіне тарту бойынша жетілдіру жұмыстары қазіргі уақытта да жалғасуда. Осы қабылданған шаралар құқық қорғау институттарын нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», деді Жоғары сот кеңесінің мүшесі.
Конституциялық сот құру – Президент бастамасымен республикалық референдумда қабылданған жаңалықтардың бірі. Бұл институт елімізде отандық құқық қорғау жүйесін жаңғыртуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Сарапшылар клубында Конституциялық Кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов осы туралы айта келіп, Конституциялық соттың негізгі бір ерекшелігі – оған азаматтардың жүгіне алу құқығының болуы екенін ерекше атап өтті. «Мұндай субъектілердің қатарына Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бас Прокурор қосылды», деп толықтырды сарапшы пікірін.
«Халықаралық тәжірибеге қарасақ, әлемде конституциялық бақылау институты бар 118 елдің 70-де Конституциялық сот жұмыс істейді. 12 мемлекетте Конституциялық кеңес құрылған, қалғандарында бұл функцияны жалпы юрисдикциялы соттар атқарады. Осы орайда Қазақстан ең кең тараған, озық, халықаралық тәжірибені енгізіп отыр. Қазіргі таңда Конституциялық сот туралы конституциялық заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жұмыс барысында халықаралық тәжірибе зерделенуде. Жалпы, Конституциялық бақылау институтының 300 жылдан астам тарихы бар. Осы органның құрылуымен, азаматтарға осы органға жүгіну құқығының берілуімен мемлекетте азаматтар даулай алмайтын қандай да бір мемлекеттік актілердің немесе шешімдердің тізімі жоқ болады. Өйткені былтыр Әкімшілік әділет институты енгізілді. Қазір кез келген министрліктің, үкіметтің басқа да органдардың шешімдерін, әрекеттерін, нормативтік-құқықтық актілерді соттарда даулауға болады. Бұрын азаматтар заңдардың өзін даулай алмайтын. Енді азаматтарға осындай құқық беріліп отыр», деді Б.Нұрмұханов.
Сарапшының мәлімдеуінше, халықаралық тәжірибеде азаматтардың мұндай органдарға жүгінуінің бірнеше шарты бар: заң сол азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты тікелей қолданылуы керек; азамат өзінің құқығын қорғаудың басқа институттарынан, атап айтқанда, сот сатыларынан өтуі керек және соңғы шешім қабылданғаннан кейін белгілі бір уақыт белгіленеді. Осы шарттарды сақтай отырып, азаматтар, өздерінің конституциялық құқықтарына нұқсан келеді деп тапса, онда конституциялық сотқа өз мәселесін шешу кезінде қолданылған заңның немесе өзге де нормативтік актінің конституциялық талаптарға сәйкестігін қарау туралы сұрау сала алады.
Ал жаңартылған Конституция бойынша Бас Прокурор Конституциялық сотқа үш мәселе бойынша өтініш жолдай алады. Бұл туралы клуб отырысында Бас прокуратураның Парламенттегі өкілі Мейрамбай Кемалов мәлімдеді.
Нормативтік-құқықтық актілердің, халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігін тексеру, Конституцияға ресми түсіндірме беру туралы жан-жақты айтып өткен сарапшы: «Бас прокуратура қызметінің басты бағыттарының бірі – құқық қорғау функциясы. Осы функцияны одан әрі дамыту мақсатында Мемлекет басшысы өз Жолдауында Бас прокуратура туралы конституциялық заң қабылдауды тапсырған болатын. Конституцияға енгізілген өзгерістер прокуратураға қатысты екі маңызды мәселені шешеді. Ең алдымен, Бас Прокурор Конституциялық сотқа үш мәселе бойынша жүгіне алады. Яғни қолданыстағы заңдардың және өзге де НҚА-ның Конституцияға сәйкестігін тексеру, сондай-ақ ратификация жасау, яғни Парламент бекіткенге дейін халықаралық шарттардың конституциялылығын тексеру және Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру бойынша. Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасымен Конституцияның 83-бабына өзгеріс енгізіліп, болашақта прокуратураның қызметі Конституциялық заңмен реттелетін болады. Яғни Конституцияға енгізілген өзгерістердің прокуратура органдарының мәртебесін көтеретіні жөнінде, оның өкілеттіктеріне қатысты өзгерістер болатынын көріп отырмыз», деді.
М.Кемаловтың айтуынша, прокуратураның Конституциядағы қызметтерінің басты бағыттары өзгермейді. «Оларды одан әрі өрбіту мақсатында конституциялық заң жобасы әзірленіп, Бас прокуратураның және Ашық нормативтік құқықтық актілер порталдарында жарияланды», деді ол.

КӘСІПКЕРГЕ ЌЫСЫМ
АЗАЯДЫ

Прокуратура органдарының басты бағыттарының бірі – бизнесті қорғау екені белгілі. Әсіресе қылмыстық процесс кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үлкен мәнге ие. Себебі сәл осы сатыда кәсіпкерлер ең көп қысымға тап болып жататыны жұртқа белгілі. Тергеу барысында олардың мүліктеріне тыйым салынғаны былай тұрсын, тінту, жауап алу, құжаттарды алу сынды әрекеттер де жүргізіледі.

Бас прокуратура ұсынған ресми деректерге сүйенсек, өткен жылдан бері елімізде кәсіпкерлерге қатысты қозғалған 1,5 мыңға жуық қылмыстық іс тоқтатылған екен. Ал қылмыстық іс кезінде олардың кеңселерінде 2 мың тінту мен алу жүргізіліп, 60 кәсіпкердің мүлкі тәркіленген.
Прокурорлар жекелеген тергеу органдарының, яғни тергеушілердің қорытындылары негізінде бизнеске қарсы іс қозғау практикасының кеңінен қолданғанын анықтап отыр. Соның салдарынан қылмыстық орбитаға жүздеген кәсіпкер тартылған.
Бұл ретте мамандардың тұжырымдары жеткілікті мәліметтермен бекітілмегенін және де сот сарапшылары тарапынан жиі теріске шыға-рылғанын да айта кеткен жөн. Осыған байланысты, адал бизнесті қылмыстық орбитаға тарту фактілерін азайту мақсатында Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарының заңсыз іс-әрекеттері мен шешімдерінің жолына жедел тосқауыл қою үшін қосымша шаралар әзірледі.
Атап айтқанда, Бас прокурор Берік Асылов барлық қылмыстық қудалау органдарына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін қатаң регламенттейтін нұсқау жолдады. Нұсқауға сәйкес енді азаматтық-құқықтық сипаттағы арыздар мен хабарламаларды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеуге тікелей тыйым салынды.
Жаңа талап ретінде тексеріс, ревизия немесе аудит актілеріне шағым жасау мерзімдерінің қолданылу кезеңінде кәсіпкерлік субъектісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеуге тыйым салу қағидаты енгізілді. Сондай-ақ кәсіпкердің қаражатты үнемдеу нәтижесінде пайда табу фактілері, егер бұл орындалған жұмыстың сапасына теріс әсер етпесе, тергеп-тексеруге жатпайды. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік сатып алу және квази-мемлекеттік компаниялардың тендерлері бойынша жұмыстарға қатысты.
Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарына криминалист мамандардың ресми қорытындыларын тергеуді бастауға негіз ретінде пайдаланбау тапсырылды. Мұндай жағдайларда келтірілген залал туралы мәліметтер қылмыстық қудалау органдарына растаушы құжаттарға негізделген және бұзылған құқықтың нормаларын көрсететін мемлекеттік органдар мамандарының қорытындыларымен бекітілуге тиіс.
Прокурорларға бір тәулік ішінде әрбір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуының заңдылығын тексеру және осы кезеңде бұзушылықтар анықталған кезде қылмыстық қудалауды дереу тоқтату тапсырылды. Бұдан бөлек, прокурорлар тұрақты түрде бизнес субъектісіне қатысты жасырын тергеу әрекеттеріне бастамашылық жасаудың және оларды жүргізудің, сондай-ақ мүлікке билік етуге уақытша шектеулер қоюдың негізділігін дереу тексеруге міндетті.
Егер заңдылықтың бұзылғаны анықталса, прокурорлар заңсыз шешімдердің күшін жоюдан басқа, барлық кінәлі лауазымды тұлғаларды қыл-мыстық жауапкершілікке тарту туралы да мәселе қоя алады.
Бану ӘДІЛЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.