ӘКІМДЕР ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК

0

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі М.Мұсаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Дәстүр бойынша бөлім, мекеме басшыларының және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен өткен жиында бірнеше маңызды тақырыптар талқыланды.

Бірінші болып аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Заурбаева 8 айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекке – 364 482,0 мың теңге, мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдауға 220 821,8 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасын жүзеге асыру туралы да айтылды, есептік мерзімге осы жоба бойынша 18 адам жұмысқа жіберілді. Ауданда сәтті іске қосылған жобалардың ішінде – «Ұрпақтар сабақтастығы» және «Күміс жас» жобаларын атап айтуға болады. Бұдан әрі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы сөз болды. Баяндамада 2022 жылдың 1 қыркүйегіне 471 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаны атап өтілді.
Екінші мәселе бойынша аудандық мемлекеттік мұрағатының директоры К.Валиева сөз сөйледі, ол мұрағаттық құжаттаманы жүргізу бойынша міндеттерді дұрыс және нақты орындаудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан әрі азық — түлік бағасын тұрақтандыру, алдағы сайлауға дайындық, аудандағы күзгі дала жұмыстарын бастауға дайындық сияқты бірнеше маңызды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық бойынша міндеттер қойылды. Күн тәртібінен түспейтін тағы бір мәселе – елді мекендерді газдандыру. Осыған байланысты, аудан басшысы бірнеше ауылдық округ әкімдерінің жұмысын сынға алып, тапсырмалардың орындалу мерзімін анықтап, жұмысты жандандыруды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.