Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбайдың төрағалығымен «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында құрылған жұмыс топтарының қорытынды жиыны өтті. Айта кетейік, құрамына құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім, бизнес, банк, құрылыс, және т.б. сала өкілдері кіретін үш жұмыс тобы 12-14 қыркүйек күндері ауданымызда 176 іс-шара өткізіп, 30 елді мекенде 12 мыңға жуық тұрғынды қамтыды.
Ауыл-ауылды аралап, ел ішінде қордаланған мәселелермен таныс болған топ мүшелері атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, назарға алынуы тиіс жайттарды атап өтті. Актив жиналысында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы, «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобының орынбасары Қ.Ырысдәулет сөз алып, ауыл жұртшылығының көкейінде жүрген түйткілді мәселелеріне ден қою және этносаралық татулықты сақтау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілгендігін жеткізді. Ол өз баяндамасында аудан тұрғындарымен тілдесу нәтижесінде анықталған өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Мәселен, Қарасу ауылының тұрғындары инфрақұрылымды дамыту, интернет байланысын жөндеу, ауылдың негізгі көшесі арқылы жүретін жүк көліктеріне айналма жол салу, медициналық қызмет сапасын көтеру сынды өтініш-тілектерін айтқан. Ал Қайнар ауылының халқы жол жөндеу, ауылға спорт кешенін салу, суармалы су жетіспеушілігі, т.б. мәселелерін шешуді сұраған. Сондай-ақ, Қ.Ырысдәулет аудандағы азаматтық алмаған қандастарға, дін саласына қатысты сұрақтарды атап өтті. Бұдан бөлек түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған елді-мекендерде әлеуметтік-тәрбиелік жұмыстарды күшейтудің жолдарын ұсынды.
Осыдан кейін облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобының орынбасары Ә.Сапашева баяндама жасады. Ол өз сөзінде топ мүшелері тұрғындармен кездесулер, азаматтарға арналған мобильді қабылдаулар ұйымдастырып, жергілікті халықты алаңдатқан мәселелерге қанық болғандарын тілге тиек етті. «Жобаның екінші тобы 12-14 қыркүйек аралығында Қордай ауданында өз жұмыс бағыттары бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізіп, 10 ауылдық округте 53 іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ сейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Біздің топ әр азаматтың мәселесін жан-жақты қарастырып, шешімін табуға ықпал етті»,-деді басқарма басшысы.
Аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай бұл уақытта Ноғайбай, Шарбақты ауылдарында жұмыстарын жалғастырып жатқан жобаның үшінші тобы – «Құқық қорғау саласы» туралы кейінірек қосымша ақпарат берілетіндігін жеткізіп, жиынды қорытындылады. Актив отырысына қатысқан аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне жоғарыда көтерілген мәселелерді бақылауға алып, ол бойынша алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеу қажеттігін ескертті.