Қордай жері тарихи орындар мен мәдени ескерткіштерге бай екені белгілі.
Жуырда «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінің 2,3,4 курс білімгерлері үшін Қордай ауданының орталық алаңында орналасқан тарихи және мәдени объектілерді таныстыруға бағытталған «Киелі Қордайым» атты экскурсия ұйымдастырылды. Тарихи ескерткіштерге саяхат жасаудағы басты мақсат — жастарды өлкеміздің тарихи-мәдени орындарымен таныстыра отырып, тарихқа, киелі жерлерге деген қызығушылығын арттыру және патриоттық сезімін дарыту.
Экскурсия барысында студенттерге Өтеген батырдың, Н.Белашовтың ескерткіштері, Ұлы Отан соғысында қаза болған ардагерлерге арналған ескерткіші, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған стела, жауынгер-жерлестерге және Ноғайбай биге арналған ескерткіштері көрсетіліп, олардың қысқаша тарихы баяндалды. Білімгерлерге тарихи-мәдени ескерткіштердің өлкеміздің өткен тарихынан мәлімет беретін құндылығымыз екендігі айтылды. Оларды болашақ ұрпаққа жеткізу үшін көзіміздің қарашығындай сақтап, бүлінуден қорғау қажеттілігі түсіндірілді. Студенттер өздерінің тарихи танымдарын молайтып, әсерлі мәлімет алды.
Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайды.
Аида ТОХОБАЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ескерткіштерді қорғау инспекторы