ТҰРҒЫНДАР ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

0

Сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде Қордай ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге жұмысқа мұқтаж аудан тұрғындары, оның ішінде алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар азаматтар, пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрғандар, жұмысқа жарамды мүгедектігі барлар және жас мамандар қатысты. Жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 56 мекемеден түскен 166 тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Екі қолға бір күрек іздеген жандар білім, денсаулық сақтау, заң және өзге де түрлі салалар бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Жәрмеңкеге жұмыс беруші ретінде 5 кәсіпорын мен мекемелер қатысты. Іс-шараның нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 60-тан астам азаматтың ішінен 16 азамат тұрақты жұмысқа, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына, 2 азамат күміс жас орнына, 2 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа жолданды.
Сонымен қатар, шара барысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы және солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.