ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫ: ЕСКІ ДЕ ЖАҢА МЕКЕНІНДЕГІ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР

0

Жуырда Ресей Федерациясының Владивосток қаласында жолбарыс аңын сақтап қалуға арналған екінші халықаралық форум өтті. Осы жиында Қазақстан түз тағысын қалпына келтіру бағдарламасын ұсынды.

Қазақстан делегациясының құрамына Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әйгерім Қуат, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі Мақсат Сүйіндіков және Қазақстандағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры өкілдігінің директоры (WWF) Григорий Мазманянц кірді. Делегацияның қатысушылары жолбарысты сақтау бағдарламасы, оны жүзеге асыру кезеңдері, резерват құрылған сәттен бергі атқарылған жұмыстар мен жыртқыштың келуіне дайындық жоспарлары туралы айтып берді.
Сонымен қатар форум қонақтары үшін оңтүстік Балқаш маңы аумағының бір бөлігінің егжей-тегжейлі экспозициясы дайындалды. Көрме жұртшылықтың жолбарыстың болашақ «мекені» туралы түсінігін кеңейтуге және толығырақ танысуға мүмкіндік берді.
Осыдан 12 жыл бұрын, яғни 2010 жылы жер бетінде жолбарысты сақтап қалуға байланысты мәселелер бойынша алғашқы халықаралық форум өткен болатын. Аталған форумда Қазақстан жыртқыш аңды табиғат аясына қайтаруға дайын екенін жариялады. Жеті жылдан кейін Қазақстан, Ресей және басқа да елдер ғалымдарының күш-жігерінің нәтижесінде халықаралық табиғатты қорғау одағының жабайы мысықтар жөніндегі сарапшылар тобының қолдауымен елде жолбарыс¬ты реинтродукциялау бағдарламасы әзірленді. 2017 жылғы қыркүйекте Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі арасында осы бағдарламаны елімізде іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.
2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған сәттен бастап төрт жыл бойы экожүйені қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы кемінде 35 жылға есептелген және үш негізгі кезеңнен тұрады: аумақты дайындау, жыртқышты шығару және популяция өсуінің мониторингі. Қазір бағдарламаның бірінші кезеңінің ортасына жеткен жай бар. Бұл кезең барысында экожүйені қалпына келтіру, аумақты қорғау және тұяқты жануарлар санын арттыру бойынша жұмыс табысты жүргізілуде.
Келесі жылы «Іле-Балқаш» резерватына бес жыл толады. Осы уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқарылды: кордондар салынды, байланыс қамтамасыз етілді және аумақты толық қорғау ұйымдастырылды. Іле өзені мен Балқаш көлінде өрт салдарынан зардап шеккен тоғайлы ормандарды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
«Резерват аумағы шөлейт, жайылма және сексеуіл ормандарынан сулы-батпақты алқаптарға дейінгі алуан түрлі табиғи экожүйелерді қамтитын табиғи кешен болып саналады. Мұндай қолайлы географиялық орналасуы және азыққа бай жерлер жабайы аңдар мен көп¬теген құстың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Резерваттың биоалуантүрлілігі сүтқоректілердің 40-қа жуық түрін, құстардың 284 түрін және өсімдіктердің 420-дан астам түрін қамтиды. Оның көпшілігі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Мысалы, 2022 жылдың мамыр айында 15 мыңнан астам жиде, түрлі жапырақты терек және тал көшеттері отырғызылды», дейді Эко-логия, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Сондай-ақ 2019 жылдан бастап «Қызыл кітапқа» енген Бұхара бұғысын реинтродукциялау жүзеге асырылуда және осы уақытқа дейін 150-ден аса бұғы ғасырдан аса уақыт бұрын жоғалып кеткен өздерінің тарихи отанына оралды. Сонымен қатар жабайы қабандар мен қарақұйрықтардың саны едәуір өсті. Биыл құландарды реинтродукциялауды бастау жоспарланып отыр.
«Реинтродукция (бұрын мекендеген жеріне қайтару) үдерісі – табиғи ортада жойылып бара жатқан жануарлардың популяциясын қалпына келтірудің немесе көбейтудің өте маңызды және сенімді әдісі. Бүгінгі таңда әртүрлі мониторингтік мәліметтерге сүйене отырып айтсақ, Іле-Балқаш резерватында мыңнан екі мыңға дейін тұяқты жануарлар мекендейді және біз оның санының тұрақты өсуін көріп отырмыз», деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев.
Резерват аумағында жануарлар мен ормандарды қалпына келтіру жұмыстарымен қатар жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайынғы негізде экологиялық қауіпсіз көздер есебінен отбасының табысын қамтамасыз ету үшін жергілікті халықты қаржылық қолдау жөніндегі жобалар іске асырылуда, тамшылатып суару сияқты су үнемдеу технологиялары дамуда. Сондай-ақ мектептерде экологиялық білім беру бойынша түрлі жоба жүргізілуде.
«Әрине, жергілікті тұрғындарды қолдау – жолбарысты қалпына келтіру бағдарламасының маңызды кезеңдерінің бірі. Олардың көмегінсіз мұндай өршіл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл ауылдарды экономикалық дамыту жөніндегі жұмыс жеке бағыт болып отыр. Мал өсіру және ауыл шаруашылығы отбасылардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмайды. Сон¬дықтан бағдарлама бағыттарының бірі – жергілікті тұрғындарға қолдау көрсету және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін басқа да табыс көздерін дамытуға мүмкіндік беру. Соңғы төрт жылда Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры 40-тан астам шағын грант берді, жергілікті қауымдастықтарды дамыту қоры құрылды, аз қамтылған отбасылар үшін бақша дақылдарын өсіруге қолдау көрсетілді. Эко-туристермен жұмыс істеуге байланысты оқулар жүргізіледі. Атап айтқанда, қонақүйлерді құруға, гид болу өнеріне, кәдесыйлар өндіруге және т.б. көңіл бөлінеді», дейді Қазақстандағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF Ресей) өкілдігінің директоры Григорий Мазманянц.
Қазақстандық делегация өкілдері алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Мысалы, резерват аумағында визит-орталық салынбақ. Сондай-ақ реитродукция орталығын құру жұмыстары басталады, оның ішінде шектен тыс уақыт ұстауға және ветеринарлық тексеруге арналған вольерлер салу да бар. Орталықта жыртқыштардың қозғалысын бақылайтын және жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерлер орналасады.
Алдағы жылдары Қазақстан мен Ресей арасында бағдарламаны іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр. Жолбарысты сақтау жөніндегі екінші халықаралық форум барысында реинтродукция саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, Қазақстан жолбарысты бұрынғы табиғи мекеніне оралту Владивосток декларациясына қосылды.
«Меморандум жолбарысты Қазақстанға қайтарудың өршіл міндеті бойынша бірлескен өнімді жұмысқа бастама болады. Сондай-ақ біз декларацияда көзделген шаралар¬ды іске асырудың барлық елде жолбарыстардың санын ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Біз Қазақстан 12 жылдан кейін өтетін келесі форумға планетаның табиғаты үшін аса қажетті осы міндетке өз үлесін қосуға дайын болады деп үміттенеміз. Бұл форум барлық елді өзара қарым-қатынасты нығайтуға, ең басты міндет – айбынды жыртқыштың популяциясын сақтап қалуда жа-қындатуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», дейді Ә.Шалабекова.
Жолбарысты Қазақстанға қайтару бағдарламасы көптеген жылға есептелген. Оны Ресейдің WWF, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жүзеге асырады.
Думан АНАШ

Leave A Reply

Your email address will not be published.