Дүйсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен кезекті кеңес өтті. Жиынға бөлім басшылары, ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Кеңес барысында аудан өмірі үшін аса маңызды бірнеше сұрақ көтеріліп, талқыға түсті.
Бірінші қаралған сұрақ — аудан орталығында реконструкциядан өткен орталық саябаққа қатысты болды. Мәден Тоқтарбайұлы атқарылған жұмысты қорытындылай келе Қордай ауылының әкімі мен саябақ басшылығына тиісті тапсырмалар берді. Олардың қатарында жаңарған саябақта мәдени шараларды жиі ұйымдастыру да бар.
Жиын барысында талқыланған тағы бір мәселе — аудан бойынша салынып жатқан ауыз сумен қамту объектілерінің жағдайы болды. Бұл мәселе бойынша «Қордай су» КМК басшысы Қайрат Мәметов жауап беріп, әсіресе аудан орталығындағы жаңа салынған объектілерді сумен қамту мәселесі бойынша нақты тоқталып өтті.
Ауданымыздың орталығында орналасқан Мәдениет үйін жөндеу де аудан басшысының назарынан тыс қалмады. Тиісті лауазымды тұлғалар нақты тапсырмалар алды. Отырыс барысында ерекше назар аударылып қаралған мәселелердің қатарында аудан аумағындағы салынып жатқан нысандар болды. Әрбір мемлекет салып жатқан нысан аудан басшылығының ерекше назарында. Аудан әкімдігінің Сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Елдос Меңдекеев талқыланған нысандар бойынша жауап берді. Мәден Мұсаев барлық нысандарды уақытылы аяқтап, пайдалануға берілуі қажет екендігін ескертті.