Беріктас ауылы ауданымыздың солтүстік-батысында, Қордайдан 37 шақырым жерде орналасқан елді мекен. Жергілікті тұрғындар мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына ден қойған. Биыл шағын ауылда орын алған жағымды жаңалықтар туралы естіп, ол туралы білмек ниетте Беріктасқа жол тарқан едік.
Ауыл тұрғындары тілшілерді жақсы көңіл-күймен қарсы алды. Ауылға кіреберісте біз аумағы қоршалған құрылыс алаңын байқадық. «Еңбектеген баладан еңкейген кәріге» дейін осы жерден табылады. Мешіт жанында асхана салу жастармен ұсынылған, аға буын өкілдері бұл ұсынысты мақұлдап, көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталып кеткен екен.
«Көпшілік жиналып, ауылға пайдалы қандай іс жасасақ болады деп ойландық. Кеңесіп, бірауыздан ауылға қажетті болып тұрған жергілікті мешіт жанында асхана салуды ұйғардық. Енді, ауыл тұрғындары бағасы шарықтап тұрған тойханалардан орын іздемей, ас-жиындарды осы асханада өткізе береді», — деп жергілікті мешіт имамы жағымды жаңалығымен бөлісті.
Аумағы 30х10м ғимарат 300 орынға есептелген. Бұрын бұл жерде ескі дүкен тұрған. Жер телімі бөлінгеннен кейін жалпы жиналыс өткізіліп, асар жарияланды. Аумақты тазалау үшін екі күн кетті. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Оған барша ауыл азаматтары атсалысты деп айтуға болады. Нысанның іргетасын құю, қабырғаларды қалау, төбесін жабу сынды жұмыстарға кәсіби құрылысшылар тартылса, сырлау, бетон құю жұмыстарын, т.б. ауыл тұрғындары өздері қолға алды. Құрылыс жұмыстарына қатыса алмаған азаматтар, атап айтқанда қазір еліміздің әртүрлі өңірлерінде тұрып жатқан Беріктас ауылының тумалары қаражат жіберіп, қолдарынан келгенше көмек көрсетіп жатты. Мәселен, қазіргі таңда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұрып жатқан Иван Метельников бұл игі істен шет қалмай, үндеуге назар аударып, құрылысқа шамамен 3 миллион теңге аударыпты.
Ризашылықтарын білдірген тұрғындар ауылда ұлт пен дінге бөліну жоқ, барлығы игі іске атсалысып жатқанын алға тартады.
«Бұл біздің кіші Отанымыз. Ауыл тағдырына бейжай қарамайтын қарапайым адамдар көп. Техникасы бар азаматтар құрылыс материалдарын жеткізіп, қолдарынан келетіндер жылыту жүйесін жүргізді. Құдайдың құдіретімен біз бастаған игі іс ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтуға себеп болды. Қуантарлығы, қазіргі жастар осындай бастамаларды қолдап, белсенді атсалысуда. Басында қиын болғанын жасырмаймын, көп адам бұл нысан тезарада бітеді дегенге сенген жоқ. Құрылыс 4 айда аяқталды, қазір ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Атсалысқандар арасында ауылымызға қатысы жоқ адамдар да болды. Мәселен, аттарын атаудан бас тартқан Қордай ауылының Красный партизан аумағында тұратын жігіттер мешіт жанына әжетхана салып берді. Ал, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын естіген бір егде жастағы әйел ай сайын зейнетақысынан ақша салып тұрды. Осындай мысалдар өте көп», — дейді ауыл имамы.
Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, бұл игі іске өз үлестерін қосуға асыққан азаматтар да көп. Әрине, үнемі есеп жүргізіп, қажетті материалдар жеткізетін адам қажет. Бұл жұмыстардың бәрі ұйымдастырушылардың бірі Әлімжан Саятқа жүктелді. Ол Беріктас ауылында тұрмаса да, құрылыстың басы-қасында күндіз-түні жүріп, жиналған қаражат бойынша есеп жүргізіп, құрылыс тоқтап қалмау үшін барлық тиісті жұмыстарды атқарды.
Ауыл тұрғындары мұндай шаралар мешіт құрылысымен шектелмейтінін жеткізді. Жоспарда жергілікті мешітті жаңғырту, балалар ойын алаңшасын қоршап, жаңғырту және ауылға кіреберісте арка орнату жұмыстары бар.
Дегенмен, ауыл тұрғындары шешуге күштері жетпейтін мәселелер баршылық. Олардың қатарында ескі мектеп, жарықтандыру, жол мәселелері, сондай-ақ ауылда жастардың дамуына қажетті мәдениет үйі мен дене шынықтыру сауықтыру кешені жоқ.
Нысанның ашылуы 8 қазанға жоспарланған, ашылу салтанатына Қордай ауданы ауылдарының имамдары, аудан басшылығы, т.б. шақырылады.
Игі іске белсене атсалысып, аттарын атаудан бас тартқан Беріктас ауылының тұрғындарының бірлігі, татулығы, ынтымақтығы, түсіністігі және туған жерлеріне сүйіспеншіліктері өзгелерге үлгі-өнеге.
БЕРІКТАСТЫҢ БІРЛІГІ БЕКЕМ АЗАМАТТАРЫ
Next Post