«Жекпе-жекке» жүректілер ғана шығады

0

24-25 қыркүйек аралығында орталық стадионда ҰОС ардагері, панфиловшы Несіпбай Жұмабаевты еске алуға арналған ұлттық спорт түрі — жекпе-жектен халықаралық ашық турнир өтті. Айтулы дода Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Алматы, Жамбыл облыстарынан келген, жалпы 100 спортшының басын қосты.
«Күн сайын спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған адамдар санының артуы қуантарлық жағдай. Біздің спортшылар ауданның ғана емес, облыстың, сонымен қатар бүкіл елдің мақтанышы болып табылады. Сәттілік тілеймін», — деді айтулы доданың ашылу салтанатында спортшыларға сәттілік тілеген аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.
Келесі кезекте Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген турнир қонақтарына сөз берілді.
«Турнирге шақырған Қайрат Қатчибаевқа алғыс айтамыз. Бүгінгі жекпе-жектер сәтті өтсін, жарыс қатысушыларына жеңіс тілейміз, — деді көрші елдерден келген жаттықтырушылар.
«Ашық аспан, тыныштық, зор денсаулық және бар игіліктерді тілеймін. Отандарыңыздың патриоты болып, үлкендерді қадірлеп, білімге құштар болыңыздар. Жеңіс тұғырынан көрініңіздер», — деді қатысушыларға ақ батасын берген Несіпбай атаның жары Сұңқар апа.
Салтанатты шарадан кейін тартысты жекпе-жектер басталды.
24 қыркүйек күні жарыс кіші жас тобында өтсе, 25 қыркүйек күні жекпе-жек ересектер арасында өтті.
Жамбыл облыстық «Жекпе жек» федерациясының Президенті Қайрат Қатчибаевтың «Қордай батыр» клубының тәрбиеленушілері бұл жарыста 6 алтын медальге қол жеткізді. Жеңіс тұғырына Орманбек Мирас, Ибрагимов Наиль, Мақсат Қайсар, Нұржауған Нұрғазы, Ибрагимов Мюрвят және Матюнусов Магамет шықты.
«Қуантарлығы, бүгін салауатты өмір салтын ұстайтын адам көп. Жастар спортқа ұмтылып, жекпе-жек секцияларына қатысып жүрген азаматтардың саны артуда. Ең тартысты өткен жекпе-жек үшін Орманбек Мирас және оның қарсыласы «AMANAT» партиясының аудандық филиалының арнайы жүлдесімен марапатталды. Орманбек Мирастың сынып жетекшісі, №47 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гусейнова Тамиляға жарысқа дайындық пен мотивация үшін алғыс білдіремін», — дейді Қайрат Қатчибаев.
Барлық турнир қатысушылары грамоталар мен бағалы жүлделермен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.