Талап баршаға ортақ

0

Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты карантин шаралары енгізілгелі бері ауданда індеттің таралуының алдын алу мақсатында оперативтік штаб құрылғаны баршаға белгілі.

Бүгінде аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов бастаған штаб мүшелері ауданда карантин шараларының сақталуына қатаң бақылау жүргізуде. Құрамына штаб мүшелері, полиция қызметкерлері, санитарлық қызмет, кәсіпкерлік бөлімі мен БАҚ өкілдері кіретін мобильдік топтар күн сайын сауда үйлерін, қоғамдық тамақтану орындары мен дәріхана сынды тұрғындар көп шоғырланатын жерлерде рейд шараларын жүргізіп, санитарлық талаптарды бұзған азаматтарды анықтауда. Айта кетерлігі, рейдтер күніне 3 мәрте, сағат 10.00-де, 15.00-де және 20.00-ден кейін жүргізіледі. Мобильдік топ өкілдері белсенді түрде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды және карантин кезінде қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс жағдайын түсіндіріп, дәріханаларда дәрі-дәрмектердің болуына, бағалардың сәйкестігіне, медициналық бетперделердің болуына мониторинг жүргізеді.

Оған қоса ауданда коммуналдық шаруашылық мекемесі ауылдық әкімдіктерімен бірге күніне екі рет залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен бірге еріктілер мен жастар ресурстық орталығы жұмысқа кірісіп, жұқпаның алдын алу бойынша жадынама таратып, бетперде тағу, қолғап кию, қолды антисептикпен өңдеу сынды коронавирус жұқпасының алдын алу шараларын түсіндіруде. Күнделікті жұмыстың нәтижесінде бетперде тағып жүрген адамдар саны көбейіп, арақашықтықтың сақталатыны байқалады.

Сонымен қатар, түнгі 22.00-де аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы дыбыс күшейткіш құралдары арқылы көше-көшеде карантин режимін сақтау бойынша хабарлама жасап отырады. Осындай үздіксіз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде азық-түлік дүкендерінің белгіленген уақытқа дейін жұмыс жасап, санитарлық талаптарды сақтап отырғандығы көңіл қуантады. Десе де, Қордай ауылындағы «Газпром» жанармай құю бекетіндегі кафетерий мен «Автостоп» дүкенінде шектеу уақыты сақталмағандығы анықталып, нысан иелерінің құжаттары аудандық  Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

«Бұл рейдтердің мақсаты – айыппұл салу емес. Осыны халық түсінуі керек. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда карантин шараларын сақтауға тура келеді. Әр адам өз әрекетіне жауап беріп, жеке басын және айналадағы адамдарға қауіп төндірмеуі тиіс», — дейді Б.Жамангозов.

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.