Туған ауылының көркеюіне атсалысып, қамқорлығын аямайтын атымтай азаматтар туралы біз жиі қалам тербейміз. Біздің ауданда осындай жомарт жандар жетерлік. Дегенмен, өзге округтер арасында ауызбіршілігімен ерекшеленетін Қарасай ауылдық округі тұрғындарының туған өлкелеріне деген сүйіспеншілігіне, еңбекқорлығына, қонақжайлығына тамсанасың. Ынтымағы жарасқан ауылдың жастары өткен аптада тағы бір игі істі қолға алды.
Аталмыш елді мекенге таудың етегімен барар жолдың бұралаң екені белгілі. Бірнеше жыл бұрын бұл жолға асфальт төселгенімен, әр жері ойылып, шұңқырлар пайда болған. Ауыл тұрғындары бұл сұрақты бірнеше рет көтерген де болатын. Міне, енді осы мәселе оң шешімін тапты. Ауыл жастарының күшімен жолдың ойылып кеткен жерлерінде жөндеу басталып, асфальт салу жұмыстары қолға алынды. Айта кетерлігі, қарасайлық жастар мессенджерлерде топ ашып, сол жерде ауылға қатысты проблемалық мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын қарастырады екен.
-Жол жөндеу жұмыстарына қаражат жиналатыны туралы жалпы чатқа хабарладық. Бұл істен ешкім шет қалған жоқ. Көп азаматтар қалаларға кетіп қалса да, бұл игі іске өз үлесін қосты, — дейді ауыл тұрғындары.
Біріксең істің берекесі болады
Prev Post
Next Post