Аудандық газет тілшілері «Ауыл тынысы» айдары арқылы елді мекендерде болып жатқан жаңалықтар мен қайнаған тіршілікті оқырманға әрдайым ұсынып келеді. Журналистер жолы осы аптада Көгадыр ауылына түсті.
Көгадыр Алға ауылдық округіне қарасты алақандай ғана елді мекен. Ауыл Алғадан тоғыз шақырым жердегі таулы аймақтан орын тепкен. Тауылы жердің ауасы да тамаша. Бағзы замандағы биік таулардың бертін келе аласарып, төбелер мен адырларға айналуы табиғат заңдылығы. Ауыл атына «адыр» жұрнағы қосылуының да бір себебі аталмыш аймақтың табиғатының осы бір ерекшелігінде жатқан сыңайлы. Көнелердің көзін көрген қариялар Көгадыр Кеңес Одағы кезінде колхозға бергісіз болған деседі. Ауыл тарихы туралы білмек ниетте ауылдың үлкені Тілеужан Жұматаев ақсақалдың үйіне арнайы ат басын бұрдық. Тілеужан ақсақал сол кезеңде ауылда беделді қызмет атқарған азамат. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асса да өзін сергек сезінеді. 1936 жылы осы ауылда өмірге келген. Білім алу үшін сыртта аз ғана жылдар болғанымен, бар саналы ғұмырын өзінің туған жерінде еңбек етуге арнаған. Бүгінде ауылдың ақылшысы, абызына айналған. Бұл қазақы дәстүрі жоғалмаған ауылдың белгісі екені сөзсіз. Ақсақал әңгімені әріден бастады. Колхоз заманында Көгадырдың қой фермасы көштің ілгерісінде болған. Мал басын көбейтуде алдына жан салмаған №4 ферманы жақын маңдардың бәрі білетін. Бір ферманың өзінде 28 отар қой болған екен. Жақсы көрсеткіштің арқасында жақын жерлердегі фермаларды осында әкеліп қосқан. Бұл кезде Тілеужан Жұматаев бөлімше меңгерушісі болып істейтін. Тек қой шаруашылығы емес мұнда егін шаруашылығы да қарқынды болыпты. Бұл кезде ауыл Ырғайты техникум совхозына қарайтын. Сол бір жылдары Көгадырда кірпіш зауыты бой көтерген екен. Қазіргі үйлердің тең жартысы осы кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрған шағында салынған деседі. Қой санын көбейтіп, егін алқабынан едәуір өнім алып тұрған тұста ауылға біршама көңіл бөлінген. Мұнда 1960-1968 жылдары қазақ-орыс мектебі ашылған. Ауылдың балалары совхозға бармай Көгадырдан білім алатын жағдайға жеткен болатын. Осынау ауыл жұртының ұйымшылдығы осы бір жылдардан әлі күнге сақталып келеді. Сол заманда Көгадыр тұрғындарының өз алма бағы болған. Ол 1948 жылы алғаш жеміс ағаштары егіліп, өнімін ауыл адамдары теңдей бөлетін. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың бел ортасында аталмыш бақ соңғы жемісін беріп, одан кейін қараусыз қалған.
-Әлі есімде. 1976 жылы 24 қазан күні біздің бөлімше Жаңатұрмыс қой совхозына қосылды. Содан қой шаруашылығына ден қойылып, жаңа совхоздың құрамына кірдік, — дейді Тілеужан Жұматаев осы бір өткен шақты есіне түсіріп. Тілеужан аға ауылдың ақылшысы ғана емес үлгі алар отбасының отағасы. Жұбайы Күлшәйра Нүсіпбаева да ауданның ақ халаттылары үлгі тұтар жан. 47 жыл уақытын денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал адам. Кеңес дәуіріндегі Көгадыр жайлы мәліметке қанық болған соң, қазіргі Көгадырды көрмек болып ауылдың ішін араладық. Бүгінде ауыл тіршілігі жаман емес. Мұндағы әр үй мал шаруашылығына мән берген. Қорасына қойын кіргізіп, көктемде қозысын сатып, сиырының сүтін тасып нағыз ауыл кәсібін қолға алған. Ауыл жұртының ынтымағы мен ауызбіршілігі сонау заманнан қалыптасып, бүгінгі күнге жастарға таптырмас тәрбие құралы болуда.
Көгадыр аудан мен облыс басшылығының назарынан тыс қалмаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын көгадырлықтар медициналық көмек үшін Алғаға жол тартатын. Ал, қазір өздерінің су жаңа медпункті бар. Ауылдың ажарын ашқан бұл мекеме тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Замануи ғимаратта жағдайдың барлығы жасалған. Мұндағы қызметкерлер де ауыл тұрғындары. Олар енді жұмыс жасау үшін округ орталығына жол жүрмейді. Жол демекші, екі ауылдың ортасындағы жол осы күнге дейін шешілмес мәселе болып келгені еді. Алайда, биылғы жыл көгадырлықтар үшін қуанышты жыл болды. Ауылға Үкімет қолға алған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ескі жолдың топырағы сүріліп, жаңа асфальт жол төселді. Ауыл халқының қуанышында шек жоқ. Қазір бір шақырымға жетер жетпес жолдың құрылысы жүруде. Ол да жақын күндері аяқталмақ.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, соңғы жылдары ауыл жұртшылығы ақылдаса келе сонау 1996 жылдан бері қараусыз қалған бақты қайта түлетуге бел буыпты. Қолынан келгені құрал-сайман, біреуі техника жабдықтарымен қамтамасыз етсе, енді бірі көшеттерді жеткізуге атсалысқан. Осылайша, ауыл бірлігінің арқасында бақ қайта бапталуда. Жарты гектарды алып жатқан жеміс бағында 160-тан астам түрлі жеміс ағаштары отырғызылған. Онда сенікі әлде менікі деген сөз болмайды. Тұрғындар жеміс піскен уағында келіп қалауынша теріп алады. Бақты халық кезектесіп күтіп ұстайды екен. Мәселен, 2016 жылы алғаш ағаштар отырғызыла бастағанда Бекежен Орматаев бақты өз қолына алған. Ал, қазіргі бағбан қызметін Мақсат Кудерев атқарады. Яғни, ағаштарды суғару, арам шөптерді жұлу сияқты жұмыстарды жасайды. Жеміс бағына төрт түлік кіреді деп ешкім қам жемейді. Өйткені тұрғындардың бірлігінің арқасында түгелдей қоршалған. Көгалдандыру жұмыстары бау-бақшада ғана емес ауыл ішінде де жүруде. Мұнда бүгінде ақылы қоғамдық жұмысқа 11 адам тартылған. Олар өз кезектерінде бағаналар мен ағаштарды әктеп, ауыл тұрғындарымен бірлесе сенбілік жұмыстарын да жасап тұрады. Бірлігі жарасқан ауылдың тұрмыс тіршілігін көріп, ынтымағынан ырысы тасып, ауызбіршілігінің арқасында бау-бақшасы гүлдеген Көгадырда жағымды жаңалықтар көп болғай дейміз.
Мадияр Қарабаев