Ел намысын абыроймен қорғап жүрген аудан жастары жетерлік.
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Мәден Мұсаев Италияның Лидо-ди-Езоло қаласында кикбоксингтен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздарын қабылдап, құттықтады.
Әлемнің мықты спортшылары бақ сынаған айтулы додада чемпион атанып келген №17 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Исмаил Лушанло, аталмыш жарыста күміс жүлдегер атанған №18 БЖСМ тәрбиеленушісі Ислам Маянху, №17 БЖСМ спортшысы Шамиль Фушанлоға және олардың жаттықтырушыларына, сонымен қатар, Ақтау қаласында самбодан Азия кубогында +80 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орынды жеңіп алған жерлесіміз Гули Машариповаға аудан әкімдігінде құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер айтылды.
«Қордай жері мықты спортшыларға бай. Осындай балалар болашақта ауданымыз бен еліміздің абыройын одан әрі асқақтатып, атын шығаратынына сенімдімін. Болашақта халықаралық додаларда сіздерді көрейік. Сәттілік, жаңа биіктер мен белестерге жетулеріңе тілектеспін»,- деді Мәден Тоқтарбайұлы.
Кездесу барысында аудан басшысы әрбір спортшымен жеке сөйлесіп, спортқа келуі мен болашақ жоспары туралы сұрастырды. Жас жеңімпаздар мен олардың жаттықтырушыларына алғыс хаттар және сыйлықтар табыс етіліп, естелік суретке түсті.