БАҚШАНЫҢ БАБЫН ТАПҚАН ШАРУА

0

Үлкен өмір көшінде нардың жүгін арқалап, еңбегімен есейген жандар туралы басылым беттерінде талай көлемді мақалалар жазылып келеді. Мұндағы мақсатымыз – кейіпкер туралы жаза отырып, оның өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа дәріптеу, оқырманға рухани дүние сыйлау.

Бүгінгі кейіпкеріміз Өмірсерік Нағашыбекұлынан үйренеріміз көп. «Саната» шаруа қожалығының басшысы он үш жылдан бері бақша өсірумен айналысып келеді. Оның жайқалған бағында алма, алмұрт және қараөрік сынды дәмі тіл үйірер жемістер өседі. Мұнда алманың «голден», «салтанат», «раушан» сорттары, алмұрттың «дюшес», «лесная красавица» сынды сорттары бар.
Табиғат сырына қанық қарапайым ғана азаматпен әңгімелесе отырып, еңбекқорлығына тәнті боласың. Өмірсерік аға бақша шаруашылығын қолға алғанға дейін механизатор болған екен. 28 жыл трактор тізгінін ұстаған ол 2009 жылы кәсіпкерлерге көмек ретінде мемлекеттен субсидия берілетінін естіп, бұрыннан ойында жүрген арманын іске асырудың сәті түскенін түсінеді. Осылайша, әрекетке берекет деп 20 га алқапқа «Оңтүстік бау-бақшалары» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі арқылы алма, алмұрт, қараөрік ағаштарын отырғызады. Бірнеше жылғы тынымсыз еңбек пен тұрақты күтімнің арқасында бүгінде бақша жайқалып, жыл сайын мол өнім беруде. Шаруашылық басшысының айтуынша, өткен жылы 5 тонна алма, 1,5 тонна қараөрік өткізіпті. «Қараөрікті шымкенттіктер келіп жинап, екі жүк арбасын толтырып әкетті. Ал алманы Гвардейскіде өткен жәрмеңкеде және өзіміздің аудандағы ауылдарға өткіздік», — дейді Өмірсерік аға.
Биылғы өнім де жаман емес. Біз алма бағына барған күні қызу еңбектің үстінен түстік десек те болады. Себебі, мұнда Өмірсерік ағаның жетекшілігімен мектеп жасындағы балалар және ауылдың ересектері де алма жинастырып, арнайы қораптарға салып жатыр екен. Еңбектеріне қарай ақыларын күндігіне алады. Еңбекқор балаларды көріп, риза болып қалдық. Өйткені, балалар демалыс күндері ата-аналарына қолғабыс болып, табыс тауып, мектепке қажетті құрал-жабдықтарын өздері сатып алады.
–Жеміс жинау науқаны аяқталып қалды. Жинаған жемістерді шетінен өткізіп отырмыз. Биылға 10 тонна алма, 2 тонна алмұрт өткіздік. Алманың көп бөлігін Таразда өткен арнайы жәрмеңкеде саттық, — дейді шаруашылық басшысы.
Кейіпкеріміздің бақшасымен көршілес, 5 га алқапты алып жатқан тағы бір алма бағы орналасқан. Оның иесі «Азамат» шаруа қожалығының басшысы, Өмірсерік ағаның қайнысы Кенжебек Сұраубаев деген азамат екен. Өмірсерік аға өзінің бағын аралатып болған соң, қайнымның алмасынан да дәм татыңдар деп осы баққа алып келді. Мұнда да қазір жеміс жинау маусымы. Алманы Масаншы, Сортөбе ауылдарынан 40-50-дей адам келіп жинастыруда.
Сырт көзге оңай көрінгенімен, бау-бақша шаруашылығының көпшілігі аңғара бермейтін қыр-сыры өте көп. Ерте көктемнен қара күзге дейін болашақ өнімнің қамымен жүретін шаруаның маңдай терінің арқасында ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Жиын-терім науқаны аяқталған соң ағаштарды түгелімен бұтап, топырағын құнарландыру және аурулардың алдын алу үшін қажетті жұмыстар жүргізіледі.
Еңбек етуге талпынған адамды Жаратқанның өзі құралақан қалдырмайты-нына осы кейіпкерлер арқылы тағы бір мәрте көз жеткіздік. Шаруалардың алға қойған жоспарлары мен мақсаттары айқын. Жерді тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыспен қамтуды, ең бастысы ауданның дамуына үлестерін қосуды көздеп отыр.
Оның үстіне «Саната» ШҚ тамшылатып суару технологиясын іске қосуды көздеп отыр. Заманауи технологияның енгізу арқылы шаруа өнімділікті арттырып, бір жағынан суды да үнемдеймін дейді. Нәсібін қара жерден тапқан еңбек адамдарының ойға алған мақсаттары сәтті іске асып, ырыс-несібесі арта берсін демекпіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.