Қазіргі таңда шынайы дінмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын радикалды топтар діндер мен адамдар арасына жік салатын қауіпті элементтерге айналып, өрісін кең жайып келе жатқаны жасырын емес. Өздерінің ұстанған теріс бағыттары мен көзқарастары үшін неден болса да тайынбайтын содырлар қимылына қарсы бірлесіп күресу тәжірибесін Қазақстан үлгі ретінде үнемі көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың біріне еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысу талабын атап көрсетті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қайта жаңару үрдістері, терең демократиялық реформалар діни құрылымды да айналып өткен жоқ. Сан, сапа жағынан өзгерді. Негізгі сипатын, түп-тамырын жоғалтпаған күйі қоғамымыздың ажырамас бөлігіне, жамағаттың рухани тірегіне, имани сеніміне айналды. Осыған орай қазақстандықтар арасында терең діни түсіністік ахуалы қалыптасты. Діни институттар, құрылымдар, конфессиялар құрылып, жергілікті жерлерде дінге деген ынта-ықылас арта түсті. Қоғамымызда этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету оның тұрақтылығы мен тиімді қарекетінің міндетті шарты болып табылатынын және мемлекеттің өте маңызды басымдықты саласына жататынын ескерсек, Қазақстанның татулықтың, мәдениеттің және діннің жаһандық үнқатысу алаңына айналғаны алдымен үлгі етілері сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанадағы съездері – соның айқын мысалы. Президенттің сындарлы саясатының арқасында өзара түсіністіктің, төзімділіктің және келісімнің негізінде ұлтаралық, конфессияаралық топтасудың берік негізі қаланды. Елімізде адамның өзінің діни ұғымына сәйкес өмір сүру бостандығы мен құқығы қатаң сақталады. Дін саласындағы қарым-қатынастар арнайы заңмен реттеледі. Нақтылы саяси жұмыста көпұлтты, көпконфессиялы құрамы бар зайырлы демократиялық мемлекет ретінде қандай да бір дінге басымдық беруге болмайтын тұжырым басшылыққа алынады.
Қолданыстағы заңнама бойынша Қазақстандағы конфессияаралық кеңістік құрамы айтарлықтай жетілдіріліп, теріс пиғылды діни ағымдардың іс-әрекетіне батыл тосқауыл қойылды. Ерекше атап өтерлігі, ел аумағындағы шетелдік миссионерлердің қызметіне барынша назар аударылып, бірқатар шектеулер белгіленді. Бұрындары кей шетелдік азаматтар миссионерлік қызметті тіркеуді күтпей-ақ жалғастырса, енді жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті. Қазар аймағымыздағы діни ұйымдар мен миссионерлердің қызметі тұрақты бақылауда. Діни бірлестіктер мен ұйымдарға биік талап қойылып отырғандықтан, олардың жауапкершілігін арттыру–біздің басты міндетіміз.
Қорыта айтсақ, бөлім тарапынан мемлекеттік органдардың діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл тәсілдерін жетілдіруді, дінаралық келісімді нығайтуды және діни экстремизмнің алдын алуды діттейтін кешенді жұмыстар жалғаса беретін болады.
Тоты ЕСҚҰЛОВА, Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданы бойынша бөлімінің басшысы