БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

0

Тарихымызда ел намысын «білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап», жанкештілігімен танылып, есімі тарихта алтын әріппен жазылған жандар жетерлік. Ел егемендігін алғаннан бері бір кездері аттары ұмыт болған батырлардың есімдері ұлықталып жүргені мақтаныш тудырады. Ал, сол тарихи деректерді табу, талдау, дәлелдеу сынды істердің басы-қасында жүрген жандардың еңбегі орасан.

Жеті атасын жаттап өскен, тектілік деген ұғымды жастайынан бала жадына сіңіре білетін қазақ елінің тамаша қасиеті бұрын өткен бабаларға деген құрметі. Соның бір айғағы өткен жексенбі күні ауданымыздың аумағынан өтетін Алматы-Бішкек тас жолының 202 шақырымында қалың Дулат елінің Жаныс руынан шыққан Сырымбет батыр Бұқарұлына ескерткіш тас орнатылды. Қордай ауданы ата қоныс саналатын Қасқарау елі осы күні ерекше сезімге бөленді. Атақты «Орбұлақ» шайқасында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр ескерткішінің ашылуына ел ағалары, атқамінер азаматтар көптеп жиналды. Салтанатты лента қию рәсіміне аудан әкімі Мәден Мұсаев қатысты.
Осыдан кейін Қордай ауылындағы мейрамханалардың бірінде үлкен ас беріліп, онда жазушы Марал Ысқақбай, «Дос Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайынов және жалпы ескерткіштің ашылуына мұрындық болған, демеушілік көрсеткен Сырымбет батыр ұрпақтары жиналды. Жәңгір хан тұсында ел шебін жаудан азат етуге қатысып, ерлігімен танылған, есімі тарихи деректерде қалған батырдың есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақ парызы екені айтпаса да белгілі. Батыр бабаның тікелей ұрпағы саналатын Өтеген Өтеғұлұлынан бүгінгі күнге дейінгі тараған дарақтары қалың елге айналып, бабалар жолын қадір тұтқан күн болды. Онда ел бірлігі, ұрпақтар сабақтастығы туралы әңгіме өрбіп, аталмыш шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, Марал Ысқақбай мен Жандарбек Қарабасовтың кітаптары көпшілікке тарту етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.