ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИГІЛІККЕ БАСТАР ЖОЛ

0

6 тамыз күні аудан әкімі Рүстем Дәулет әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде Қордай ауданының инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған шаралар туралы арнайы брифинг өткізді. Онда негізінен ауыларалық және ауылішілік жолдарды жөндеу, жалпы құрылыс қарқыны жайында ақпарат берілді.

 

Рүстем Рысбайұлы қазіргі таңда аудан бойынша 2020 жылы  387 жобаға жалпы 21,8 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Қаржы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы бөлініп, көптеген игі жұмыстар қолға алынған. Мәселен, қазіргі таңда ауданда 3  мектеп құрылысы, 4 көпқабатты тұрғын үй, 6 ауыз су, 7 инженерлік инфрақұрылым, 4 спорт кешені, 4  қазандық, 6  газдандыру, 4 мектептің күрделі жөндеуі, 6 денсаулық сақтау, 274 жолдар, 43 абаттандыру, 2 әлеуметтік  қызмет, 2 су қоймасы, 23 ағымды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бүгінде 387 жобаның 325-і аяқталған.

Р.Дәулет ауданда іске асырылған мемлекеттік бағдарламаларға да жекелей тоқталды. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға 13 құрылыс жобасы іске асса, одан бөлек тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 198 жоба қолға алынған. Жалпы бұл бағдарлама бойынша 10 374,3 млн. теңге бөлінген.

Аталған жобалар аясында 2645 жұмыс орны ашылып, оның 1454-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданғанын айта кету керек.

Ал, Республикалық Үкімет резерві есебінен 99 жобаға 2 млрд. теңге бөлініпті. Оның 1,9 млрд. теңгесіне 6 елді мекендегі 96 көшеге (110,8 шқ) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 87 жол асфальтталып, жұмыстар толығымен аяқталған. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы 73 млн. теңгеге 3 дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілетін болады.

«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 834 млн. теңгеге 24 жоба іске асырылуда. Бүгінде аудан орталығында  884,5 млн. теңгеге 21 көшеге (52,8 шқ) орташа жөндеу жұмыстары жасалып, аяқталған. Сонымен қатар, Қордай, Отар, Бетқайнар ауылдарында типтік спорт кешенінің құрылысы жүруде, олар қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылармен бірге ауданда «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында 7594,1 млрд. теңгеге 25 ірі құрылыс жобасы іске асырылуда. Олар 13 жаңа құрылыс, 8 күрделі және  4 орташа жөндеу. Жекелей тоқталсақ, бұл қатарды Масанчи, Қалғұты, Күнбатыс ауылдарындағы жаңа мектеп құрылысы, 50 пәтерлік үйлер мен Қордай ауылы маңындағы жаңа тұрғын үй құрылысы алаңдарына инфрақұралымдарды жүргізу, бірқатар мектептердегі қазандықтарды ауыстыру, ауыларалық жолдарды жөндеу сынды жұмыстар бар.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жүйелі жұмыстар турасында толықтай баян еткен аудан әкімі осыдан кейін өзге де оңды тірліктер турасында сөз етті.

«Ауданда баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында асармен 15 үй салынып жатыр. Халқымыздың тамаша дәстүрімен қолға алынған бұл жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталатын болады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының Қордай ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсартуға берілген тапсырмасын орындау мақсатында Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 елді мекендеріне жалпы сметалық құны 5,8 млрд. теңгені құрайтын 73,2 шақырым болатын табиғи газды жеткізетін құбырдың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, аяқтау мерзімі 2020 жылдың 15 қыркүйегі деп белгіленіп отыр. Бұл жұмыстар іске асса ауданды газбен қамту үлесі 53,7% құрайтын болады. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі газ желісін тартып, халықты газға қосу жұмыстарын 4 мердігер бастап, қазірдің өзінде 233 тұрғынмен  келісім-шарт жасалды», — деген Рүстем Рысбайұлы жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде аудан бюджетіне түсетін салықтың да қомақты боларын жеткізді.

Ал ол түсімдер ауданның дамуына айтарлықтай өз үлесін қосатыны сөзсіз.

«Осының арқасында ауданда барлығы 7,4 шқ жаңадан жолдар салынып, 343,6 шақырым жолдар орташа жөндеуден өтеді. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 79,4 пайыздан 90 пайызға, ал елді мекен ішіндегі көшелер 55 пайыздан 75 пайызға жетеді.  9 ауыл көшелері 100% асфальтталады, — деді аудан әкімі.

Газдандыру демекші, брифинг барысында аудан басшысы 60,3 мың тұрғыны бар 10 ауылды газдандыру кезінде АӨК дамытудың жаңа мүмкіндіктері есебінен әл-ауқат пен табыс деңгейінің өсуі орын алатынын айтты. Мәселен, инвестициялық ахуалды жақсарту нәтижесінде жаңа өндірістер, оның ішінде жылыжай, асфальт және цемент зауыттары, былғары және жүн өңдеу орындары ашылады деп күтілуде.

Брифингте ауыл тұрғындары үшін аса маңызды ауыз су жайы да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда Арал және Өтеген ауылдарында 2 жаңа су құбырының құрылысы басталса,  Қаракемер және Кенен ауылдарын сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту жұмыстары жүруде. Сонымен бірге,  Қордайдағы «Батыс» алқабының және Отар ауылындағы су құбыры желілерін кеңейту қолға алынбақ.

Брифингте аудан әкімі жаңа 5 қабатты үйлер кезекте тұрған азаматтарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, сонымен қатар кезекте тұрғандарға жаңа алқаптардан инфрақұрылым жұмыстарын дамыту арқылы жер учаскелерін беру, жаңа мектептер арқылы ауданда апатты мектептер санын жою, орын тапшылығын азайту мәселелерін шешуге бағытталған істердің бір парасы екен айтты.

Аудан басшының баяндамасынан кейін әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Ал, кейбір сұрақтарды аудан басшысы назарға алып, ол бойынша жауапты мамандарға тапсырма берілетін болады.

 

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.