Гвардейск гарнизонының әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына барды.
Гарнизон бастығы полковник Ержан Мейрмановтың басшылығымен әскери бөлімдердің 100-ден астам әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері 97 жылдық тарихы бар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына саяхат жасады. Бұл шараға әскери бөлім командирлері де қатысып, бағыныстылармен бірге ұжымның достық деңгейін арттырды.
Әскери қызметшілердің отбасы мүшелері театр мұражайын аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Онда – театр мұражайының жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Наргиз Тамабекқызы театр мен мұражайдың тарихын айтып, қыл-қалам шеберлердің қолынан шыққан атақты кейіпкерлердің спектакль қойылымы барысындағы портреттері мен ірі тұлғалардың сахналық киімдерін таныстырды.
Сонымен қатар театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолдамен кездесіп, әсерлі сырласу сағаты өтті. Кездесу барысында атақты актер туған жер, өскен елі туралы, кино және театр әлеміндегі қызықты ойларымен бөлісті. Әскери қызметшілер мен олардың жұбайлары актерға бірнеше сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.
Кездесуден кейін әскери қызметшілер мен отбасы мүшелері «Пері қатын» драмасын тамашалап, спектакльден ерекше әсер алып қайтты.
– Әрине әскери қызметші қызметінен бөлек отбасына да уақыт бөліп, көңіл аударуы қажет. Бүгінгі іс-шара әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне арналды. Олар – театр мұражайымен танысып, атақты актермен кездесті, және спектакль тамашалап, үлкен әсер алды. Алдағы уақытта осындай басқа да іс-шараларды ұйымдастыратын боламыз, – деді Гвардейск гарнизонының бастығы полковник Ержан Мейрманов.
Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі