ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАУҒА ШАҚЫРДЫ

0

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың Жамбыл облыстық қоғамдық штабтың мүшелері, сенімді өкілдері Б.Құлекеев, М.Жинақбаева, А.Акчалова, М.Шалқарбеков және Қордай аудандық қоғамдық штабтың мүшелері М.Күзербаев, Н.Садыков және Б.Әлімбет Әлжан ана ауылындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен үгіт-насихат кездесуін өткізді.
Кездесуде облыстық қоғамдық штабтың басшысы Батырбек Құлекеев кандидат Қ.Тоқаевтың өмірбаянына, жетістіктеріне және «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» атты сайлауалды бағдарламасына кеңінен тоқталып, барша аудан тұрғындарын азаматтық белсенділік танытып, сайлау учаскелеріне келгені маңызды деп атап өтті.
Сонымен қатар, кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдау бойынша штаб мүшелері М.Жинақбаева, «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының жетекшісі М.Шалқарбеков, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық штаб мүшесі Б.Әлімбет, аудан ардагерлері М.Асанқұлов және А.Рысымбетов халықтың әлеуетін арттыру және қолайлы жағдай жасау – Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты мақсаттарының бірі деп атап өтті.
Кездесу соңында штаб мүшелері, сенімді өкілдер Президентімізбен болашағымыздың кемел болатынына сенеміз деп аудан тұрғындарын 20 қарашада өтетін ҚР Президентінің сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырды.

САЯСИ РЕФОРМАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ
Қазақстан Республикасы президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Орал қаласындағы Гагарин атындағы кинотеатрда сайлаушылармен кездесті.
Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жөнінде айтып берді. Кандидат сыртқы саясат мәселелеріне келгенде Қазақстан әскери блоктарға қатыспайтын, қолдамайтын мемлекет ретінде берік позициясын сақтауы керек деп есептейді. Бұл – бүгінде орын алып отырған геосаяси жағдайда өте өзекті.
Н.Әуесбаевтың пікірінше, басқа мемлекеттер өз өндірушілерінің қызығушылықтарын қорғайтын кезде қатаң ойын ережелерін орнату керек. Кандидаттың пайымдауынша, стратегиялық салаларда Қазақстан протекционизм позициясын ұстануы қажет.
Нұрлан Әуесбаев сайлауалды бағдарламасында саяси реформаларға баса назар аударылғанын атап өтті. Үміткердің пікірінше, «алдымен – экономика, кейін – саясат» стратегиясы тиімсіз болып шықты. «Партиялық-саяси өрісті толыққанды реформалау қажет. Кезек күттірмейтін тағы бір өзекті мәселе – экономикаға тұсау болып отырған жемқорлық», деді ол. Бұл жағымсыз құбылысты жою үшін кандидат парақорларға қатысты жазаны барынша күшейтуді ұсынып отыр. Н.Әуесбаевтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру қажет.

ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫ ТУРАЛЫ
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова еліміздің бірнеше өңірін аралап, халықпен кездесуін жалғастырып келеді. Бұл жолы үміткер Қостанай қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездесті.
Емхананы аралау барысында үміткер тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, науқастармен де тілдесті. Кездесу кезінде науқастардың бірі дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығына шағымданып, бір курс ем үшін тек инъекцияға 40 мың теңгеге жуық қаражат жұмсағанын айтты. «Дәрі-дәрмек бағасы күн өткен сайын қымбаттап барады. Жақында маған инъекциялар тағайындалды. Бір ампуласы 1300 теңге тұрады. Менің еміме бірден 30-ы қажет, бұл басқа препараттарды, шприцтерді және өзге де шығындарды есептемегенде шығатын сома», деді емханадағы емделушілердің бірі.
Кандидатпен кездесу кезінде дәрігерлер де өздерін мазалаған мәселелерді талқыға салып, өзекті сұрақтарын қойды. Олардың айтуынша, емханада дәрігерлер, әсіресе, кәсіби мамандар тапшылығы қатты білінеді. Жалақының аздығы да білікті кадр мәселесін ушықтырып тұр.
Салтанат Тұрсынбекова мемлекет пен халықтың ынтымақтаса жұмыс істеу керектігін айтты. «Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселелер көп. Дәрігерлерге қолайлы жағдай жасалса, науқастарға да оң әсері болары сөзсіз. Мұның бәрі жүйенің қалай дұрыс құрылатынына байланысты», деді С.Тұрсынбекова.

БАҒДАРЛАМА БАҒЫТЫН ҚОЛДАЙДЫ
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Қарақат Әбден Қызылорда облысындағы өңірлік сайлау¬алды штабына барды.
Кандидаттың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бұл аймақта 100-ден астам адам жұмылдырылған.
«Бүгін Қызылордадағы штабтың жұмысымен таныстым. Қызылорда облысы – еліміздегі ең ірі аймақтардың бірі. Жергілікті штаб¬та 10 қызметкер, 100 волонтер жұмыс істейді. Штаб өкілдері аудан және ауыл тұрғындарымен де кездесу өткізеді. Жұмыс үйле¬сімді әрі талаптарға сай іске асырылып келеді», деді Қарақат Әбден.
Штаб өкілдері мәлімдегендей, сайлаушылар тарапынан жолданған сауалдар мен ұсыныстарға баса мән беріледі. «Жергілікті тұрғындар көбінесе әлеуметтік тақырыптарға қатысты сауал жолдайды, тұрғындармен кері байланыс жақсы дамыған. Жалпы алғанда, сайлаушылар Қ.Әбденнің әлеуметтік бағдары басым бағдарламасын қолдайды», деді өңірлік штаб жетекшісі Маржан Бисенова.
Штабтың үгіт-насихат жұмысы әртүрлі санаттағы азаматтарды қамтиды. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ол үшін штаб мүшелері сайлаушылардың үйлерін аралап, үміткер бағдарламасының негізгі бағыттары жайлы мәлімет беріп жүр.
Еске салсақ, Қ.Әбден ел аймақтарын аралап, 11 қала мен бірнеше ауылдық елді мекенде 20-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта үміткер Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарына барып, сайлаушылармен кездесу өткізеді.

САПАЛЫ ТҰҚЫМ – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруа¬шылығы» серіктестігінің қызметкерлерімен кездесті.
Кәсіпорын сүт өндіру және өсімдік шаруашылығы бойынша республикада өте жоғары көрсеткішке ие. Серіктестіктің өз селекциясын жүргізетін заманауи тәжірибе жасау алқаптары да бар. Былтыр «Жаңа Қазақстанға – жаңа ауыл» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының шалғай аудандарында «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС есебінен жаңа жерлерді игеруге, шағын шаруа қожалықтарының кірісін арт-тыруға мол мүмкіндік беретін тегін майлы дақылдардың күн¬бағыс гибриді егілген еді.
Жигули Дайрабаев кездесу барысында еңбек ұжымын сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Кандидат елімізді аграрлық державаға айналдыру үшін қорға жақсы тұқымдар қажет екенін айтып, бүгінде Қазақстанда жетіспейтін тұқым шаруашылығын дамытудың өте маңызды екендігіне тоқталды. «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС қолданатын технологиялардан топырақ сапасы айтарлықтай жақсартатынына көз жетті. Ал бүгінде Қазақстанда қолданылатын технология топырақ сапасын жақсартпайды, тек сақтайды», дейді Ж.Дайрабаев.
Бұдан кейін кандидат жергілікті голштин тұқымы өсірілетін, жоғары өнімділігімен танымал сүт және мал шаруашылығы кешеніне барды. Сапалы менеджмент пен жақсы жем-шөп базасының арқасында бұл ұжым бүгінде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

МЕДИЦИНА САЛАСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МАҢЫЗДЫ
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.
Кездесу барысында кандидат жиналғандарды ең әуелі өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кейін кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Олар негізінен әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жоспарларына қызығушылық танытты.
М.Қажыкен медицина қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеу мәселесін көтеріп, денсаулық сақтаудың барлық саласын республикалық бюджеттен қаржыландырудың маңыздылығын атап өтті.
«Мардымсыз жалақы – медицина саласындағы кадрлардың жетіспеушілігіне алып келетін өзекті мәселе. Медицина қызметкерлерінің тапшылығын жою, дәрігерлердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуы және олардың жалақысын арттыру үшін ілкімді шаралар қажет. Бұл – менің басты міндеттерімнің бірі. Бізде қаржыландыру ІЖӨ-нің 1,4 пайызын құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштерімен салыстырғанда үлкен айырмашылық байқалады», деді М.Қажыкен.
Болашақ мамандарды баспана сатып алу және жұмысқа орналасу мүмкіндігі сияқты тақырыптар да қызықтырды. «Жастарға барлық мүмкіндікті жасауымыз қажет. Өйткені адам әлеуметтік мәселелерге қаншалықты аз көңіл бөлсе, соғұрлым ол жұмысқа және өзінің кәсібилігін арттыруға көп көңіл бөледі. Бұл – жалпы ел экономикасына әсер етеді», деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.