«Есірткі (наркотик)» сөзі гректің «narkotikos» сөзінен шыққан, яғни «елітетін», «мас ететін» деген мағынаны білдіреді. Есірткі құралдарына – табиғаты әр түрлі заттар тобының түрлері болып саналатын бүтіндей өсімдіктер, яғни сора, көкнәр, эфедраның ұнтақталған бөліктері кіреді. Оның ішінде сора өсімдігінен (марихуана, гашиш), көкнәрдан (апиын), заңсыз дайындалған синтетикалық есірткі құралдары (героин, амфетамин және оның туындылары) жатады. Бұларды өз бетінше, медициналық мақсаттан бөлек теріс пайдалану – нашақорлыққа соқтырады.
Нашақорлық дегеніміз – адамның есірткіге тәуелділігі. Бұл дерт организмнің тіршілік етуі үзілмей, оны белгілі дәрежеде ұстап тұрып есірткіні үнемі тұтынуға және дене мен жүйке қызметінің әбден әлсіреуіне алып келеді.
Халықтың есірткіге, нашақорлыққа салынуы қылмыстың, аурудың өсуіне, атап айтқанда, СПИД, вирусты гепатит және тағы да басқа ауруға әкеліп соқтыратыны баршаға мәлім. Халықаралық дәрежеде есірткі заттарының айналымын бақылау алғашқы рет ХХ ғасырдың бірінші жартысында, яғни 1909 жылы Қытай Халық Республикасында жүргізілген. Апиын бойынша халықаралық комиссияның конференциясы қорытындысымен бірнеше мемлекеттерде медицинада қолданылатын заңды түрде жіберілетін есірткі заттарын реттеу бойынша халықаралық келісімдер жүргізіле бастады. Сол кезден бастап, есірткіге тыйым салынып, заңсыз айналымына байланысты жауапкершілік жазасы тағайындалды. Қытай және Филиппин мемлекеттерінің бастамаларына қосыла отырып, АҚШ 1914 жылы есірткінің заңсыз айналымы бойынша алғаш рет феделалдық заңға өзгерістер енгізді. Бұл заң медициналық емес апиындар мен кокаин таратуға, есірткі заттарын өсіруге тыйым салды. 1937 жылдан бастап каннабисті топқа жататын марихуана мен гашишке бақылау күшейтілді. 1960 жылдың бас кезінде АҚШ басқа да есірткі препараттарын қолдануды көздей бастады да, ол бойынша 1970 жылы Конгресте заң қабылданып, онда басқа да есірткі құралдарын қолданғаны үшін жауапкершілік, сонымен қатар, алдын алу шаралары қарала бастады.
Қазір әр елде есірткі мәселесін шешудің өз шешімдері қабылданған. Есірткіге байланысты қылмыстарға күрес жүргізу, әрине, ең алдымен, өзінің тұтынуы үшін сатып алатын адамдарды емес, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларды, таратушылар мен сатушыларды анықтап, жолын кесуге, бұлтартпауға бағытталуы тиіс. Ал, есірткіні өзі тұтынатын адамдарға қатысты мемлекеттік деңгейде шара қолданылып, оларды мәжбүрлі түрде емдеу мәселесін қолға алу қажет.
Осы орайда оқырмандарымызға психотроптық заттар және прекурсорлар дегеніміз не екендігі туралы қысқаша түсінік бере кетейік.
Психотроптық заттар дегеніміз – адамның жүйке жүйесіне әсер ететін және фармакологиялық қасиеттері мен химиялық құрамына байланысты адам ағзасын еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін заттар. Мұндай күйге түскен адам қылмыстардың небір сорақы түрлерін істеуге дейін барады.
Прекурсорлар дегеніміз – есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өндіруге, дайындауға, өңдеуге пайдаланылатын заттар.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық келісімдеріне, оның ішінде БҰҰ-ның 1988 жылғы Есірткі құралдары және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясына сәйкес республика аумағында қатаң бақылауға алынған. ҚР 1998 жылғы 10 шілдедегі №279-1 «Есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар туралы» заңына сәйкес барлық есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар төрт тізімге біріктірілген.
Бірінші тізімде қандай да болмасын мақсатта пайдалануға тыйым салынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Екінші медициналық мақсатта пайдаланылатын және қатаң бақылауға алынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Үшінші медициналық мақсатта пайдаланылатын және бақылауға алынған есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізімделген.
Төртінші айналымы бақылауға алынған прекурсорлар тізімделген.
Есірткі барған сайын жастарға қол жетімді болып отырғаны, Қазақстан аумағына жаңа, оның ішінде өте күшті әсер ететін есірткілердің әкелінуі алаңдатып отыр. Олардың біреуі – психотроптық заттардың жаңа синтетикалық аналогтары – синтетикалық каннабиноидтар. Синтетикалық каннабиноидтар дегеніміз – ол өсімдік каннабиноидтарының құрылымы бойынша тектігі бірдей және фармакалогиялық әсері ұқсас синтетикалық препараттары. Бұл препараттар адамды ынталандыру, депрессиялық және елестеушілік күй жағдайға түсіреді. 31 мамыр 2011 жылы ҚР 1998 жылғы 10 шілдедегі №279-1 «Есірткі құралдары, психотроптық заттар және прекурсорлар туралы» заңына қосымша толықтырмалары түрінде синтетикалық каннабиноидтары енгізілді. 2009 жылдан бастап «SPICE», «Spice Siver», «Spice Gold», «Spice Diamond», «Express Envelope», «maya» деген шегетін қоспалар ароматикалық құрал түрінде көбінесе интернет-магазиндер арқылы сатылады. Шегетін қоспаларды дайындау тәсілі – құрғақ шөптерді химиялық заттар, ароматизаторлар, витаминдер және синтетикалық каннабиноидтармен малтып дайындайды. Қазір 160 жоғары синтетикалық каннабиноидтарының түрлері белгілі және жаңа түрлерінің синтезы үнемі өсуде.
Кез келген қылмыстың алдын алу, жолын кесу, яқи қылмыстылық профилактикасы бүгінгі таңда ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Мемлекет пен қоғам үшін адамды қылмыс жасағаны үшін жазалағаннан гөрі,сол қылмыстың алдын алу немесе оны болғызбаудың жолын қарастыру немесе қылмыстың жасалыну себебін жою әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Бұл есірткі қылмысына қарсы күресте де аса өзекті мәселе болып отыр.
Есірткілердің заңсыз айналымы саласында жағдайдың нашарлауы қоғамға қауіп төндіреді, бұл мемлекет тарапынан батыл әрекет етуді талап етеді. Есірткі айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар кешені шеңберінде есірткі бизнесіне қарсы күресті ғылыми және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етудің, ең алдымен сот сараптамасының әдістері мен тәсілдерін қолданудың маңызы зор. Соңғысы есірткінің заңсыз айналымы туралы істер бойынша сот төрелігі аясында маңызды іс жүргізу шешімдерін қабылдау сарапшылық зерттеу негізінде жүргізіледі.
Облыста есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сот сараптамасы Қызылорда облысы бойынша сот сараптамасы институтында жүргізіледі. Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды сот-сарапшылық зерттеу ҚР заңнамаларын бұзумен жүзеге асырылатын, есірткі құрамды өсімдіктерді егу, жинау, өңдеу, дайындау және есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды әкелу, шығару, тасымалдау, сақтау, тарату, сату, қолданумен байланысты оларды заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық істер бойынша қаралады.
Есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрес жүргізу тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп қаралмауы керек, ол жалпы халықтың міндеті болып саналуы тиіс. Нашақорлықтың алдын алу үшін бұл іске барлық мемлекеттік органдарын, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдарын белсенді тарту – онымен күрестің алғы шарттарының бірі. Қазақстанның күрделі геосаяси аймақта орналасуы, халықаралық лаңкестіктіктің күшеюі қылмыстың өсуіне кері әсерін тигізуде. Баршамызға белгілі, негізгі себеп болып отырған ортақ мәселе – ол нашақорлықтың алдын-алу және есірткі бизнесіне қарсы күресті жүргізу. Профилактикалық жұмыстарды белсенді жүзеге асыру, нашақорлар санының кемуіне, есірткіге деген сұраныстың азаюына, осы дертке қарсы күрестің басқа да әдістерімен қатар айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндіктер береді.
Ғ.ӘЛИЕВ
НАШАҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ҚОҒАМ МІНДЕТІ
Next Post