Сәрсенбі күні аудан басшысы Мәден Мұсаев аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Жиын барысында сайлау науқанына дайындық барысы тағы бір мәрте пысықталды.
Өңірдегі барлық сайлау учаскелерінің толық дайын екендігін атап өткен аудан әкімі әр сайлау учаскесіне жауапты тұлғаларға саяси науқан күні олқылықтарды болдырмауды, маңызды шараға жергілікті тұрғындардың барынша қатысуын қамтамасыз етуді, аудандық полиция бөлімі басшысына қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, Мәден Тоқтарбайұлы сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеуге айрықша назар аудару қажеттігін ескертті. Жиынға қатысушыларға саяси шараны өткізуге қатысты арнайы жадынама таратылып, ел ертеңі үшін атқарылатын маңызды сәтті талапқа сай, үлкен ұйымшылдықпен өткізуге шақырды.
Бұдан бөлек аудан басшысының төрағалығымен өткен жиында елді мекендерде жүріп жатқан құрылыс жұмыстары, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты сұрақтар да көтеріліп, алдағы 2023 жылға аудан бюджетін жоспарлау қажет екендігі айтылды.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ