Жамбыл облысы прокуратурасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 14 қараша күні Қордай ауданында мемлекеттік және дін қызметкерлері арасында «Деструктивті діни ағым идеологиясының алдын алу, олармен жұмыс істеу тәртібін түсіндіру және өзара іс-қимылын ұйымдастыру» тақырыбында оқу орындары мен ауылдық округтерде кездесулер өтті.
Мәселен, Масаншы ауылында «Құран қарилар дайындау орталығы» медресесіндегі шәкірттер арасында «Жастар арасында дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары» тақырыбында семинар өтіп, кездесуді Жамбыл облысы дін істері басқармасының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, теолог Сержан Пәрімұлы жүргізді.
Семинардың басында және соңында «Діни сауаттылықты арттыру және діни радикализм қаупін ажырату» бағытында қатысушылардың білімдерін тексеруге арналған тест алынды.
Деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың діни көшбасшылары, сондай-ақ радикалды идеологтардың дәрістерінде көп қолданылатын «бидғат, кәпір, мүшрік, ширк және т.с.с.» сөздерінің дәстүрлі ислам тұрғысынан дұрыс анықтамалары беріліп, шара слайд форматында ұйымдастырылды.
Осындай кездесу «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжі, №7 «Бетқайнар» колледжі студенттері арасында да өтті.