ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЦИФРЛАНДЫРУ ДЕҢГЕЙІ – 95%

0

Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру деңгейі 95%-ға жетті. Қолжетімді 45 қызметтің 43-ін электронды форматта алуға болады. Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін қызметтерді дамыту тұрақты негізде жүргізіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді трансформациялау және реинжинирингтеу, ақпараттық жүйелерді дамыту және интеграциялау, мүмкіндіктерге қол жеткізуді жеңілдету және қазақстандықтар үшін олардың санын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Еліміздің азаматтары әлеуметтік-еңбек саласында 45 мемлекеттік көрсетілетін қызметті ала алады, оның 43-і, яғни 95%-ы электронды форматта қолжетімді, ал жартысын проактивті түрде алуға болады. Жалпы, цифрлық құралдардың арқасында жыл басынан бері азаматтар 15,6 млн мемлекеттік көрсетілетін қызметті немесе бүгінге дейін көрсетілген қызметтердің жалпы санының 87%-ын алды. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Жыл басынан бері «Электрондық үкімет» порталында тағы 5 мемлекеттік көрсетілетін қызмет іске асырылды», — деді вице-министр Ербол Оспанов.
Биыл цифрландырылған қызметтерге еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту енгізілді.
Сондай-ақ 2022 жылы «Жерлеуге біржолғы төлем тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі проактивті форматқа ауыстырылды.
«Министрлік екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қызметтерді алу мүмкіндігін іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Былтыр бала тууға байланысты 2 қызмет іске асырылды, ал осы жылдың тамыз және қыркүйек айларында тағы 4 қызмет қосылды. Олар жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, БЖЗҚ салымшысының қаражатының түсуі мен қозғалысы туралы ақпарат беру, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау және өтініш берушінің АӘК алушыларына тиесілігін растайтын ақпарат беру. Іске асырылған мүмкіндіктер қорытындысында 173 мыңнан астам адам мемлекеттік қызметтерді банктік қосымшалар арқылы алды», — деді Е.Оспанов.
Қазір бірнеше қанатқақты жоба іске асырылып жатыр. Атап айтар болсақ, марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау процесін автоматтандыру, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ арқылы беретін әлеуметтік көмекті төлеу.
2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғанын айта кету керек. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электронды цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады.
«Порталдың көмегімен 2021 жылы мүгедектігі бар адамдар 371 мыңнан астам қызмет алды. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Мысалы, оңалту бағдарламаларын орындау 2019 жылғы 69%-дан 2021 жылы 88%-ға дейін өсті. Биыл бағдарламаларды орындау деңгейі шамамен 90%-ға жетеді деп күтіледі. Бұдан басқа, оңалту және әлеуметтік қызметтер көрсету құралдарын ресімдеу қызметтері кезең-кезеңімен проактивті форматта іске асырылады, яғни оңалтудың жеке бағдарламаларында көзделген барлық шаралар автоматты түрде әлеуметтік қызметтер порталына жіберіледі», — деді вице-министр.
Биылғы қыркүйек айында әлеуметтік, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындауды іске асыру үшін жаңа ақпараттық жүйе – «Отбасының цифрлық картасы» жұмыс істей бастады. Оның негізгі мақсаты – өтініш берушіден мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетудің анықтау форматына көшу және халықтың қажеттіліктерін уақтылы қанағаттандыру. Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың 24 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған және олардың мәліметтері негізінде отбасы құрамын автоматты түрде айқындайды және өмір сүру деңгейін бағалауды қалыптастырады. Бүгінгі таңда Отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызмет алу мүмкіндігі бар, 38,7 мың азаматқа қызмет көрсетуге келісім алу үшін SMS-хабарламалар жолданды, оларға 8,7 мың адам жауап берді.
Жұмыспен қамту саласында көрсетілетін шаралар мен қызметтерге келетін болсақ, 2020 жылы пандемия жағдайында оларды Электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн форматта көрсетуге көшу жүзеге асырылғанын атап өткен жөн. Бұл цифрлық жұмыспен қамту орталықтарына көшу бойынша үлкен жұмыстың бір бөлігі. 2022 жылдың басынан бастап жұмыс іздеп жүрген 354 мың адам немесе олардың жалпы санының 60%-ы онлайн форматта тіркелген. Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 106 мың немесе 30%-ды құрады.
«Қазіргі уақытта ЭЕБ-ға 4 мемлекеттік көрсетілетін қызмет және халықты жұмыспен қамтуды қолдаудың 9 шарасы ауыстырылды. Онлайн қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерімен физикалық байланысын барынша азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Осы жылы ЭЕБ арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық белсенді шараларын көрсетудің онлайн форматына көшу жалғасады», — деді Е.Оспанов.
Жалпы, ЭЕБ базасында азаматтарды кәсіп таңдаудан бастап еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі кәсіби жолында сүйемелдейтін бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру жоспарланған.
«Еңбек.kz басты порталы, жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық платформасынан басқа, жұмыспен қамту саласындағы болашақ «қызметтер супермаркетін» құрайтын тағы 4 негізгі элементті іске асырды. Олар «Skills.Enbek» онлайн-оқыту алаңы, жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара іс-қимылы кезінде қағазбастылықты барынша азайтуға мүмкіндік беретін еңбек ресурстары порталы «HR.Enbek», «Business.Enbek» – бизнес-идеяларын іске асыруға мемлекеттік гранттар алудың барлық процесін автоматтандыру жөніндегі платформа, сондай-ақ Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық ақпараттық жүйелеріне қол жеткізе алатын «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай іздеу жүйесі», — деді Е.Оспанов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.