Ауданымызға жұмыс сапарымен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек келіп,«GREENWILL» ЖШС-нің жылыжай кешенінің жұмысын көрді.
Жаңа технологиялар мен сапасы жоғары өнімдерге негізделген “GREENWILL” компаниясының 4 гектар жерді алып жатқан жылыжай кешені Оңтүстік Кореялық «WOORI» технологияларымен жабдықталған. Басқару жүйесі толық электронды. Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіп тұр. 60 адам жұмыспен қамтылған. 2015-2017 жылдар аралығында 4 га жер телімінде жалпы құны 1300 млн. теңгеге 4 жылыжай салынған болатын. Жылыжайдың қуаттылығы 4 га жер телімінен 1200 тонна (қияр және қызанақ) өнім алу.
— Жылыжайдың іші жыл — он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір біз мұнда қияр мен қызанақ өсірудеміз. Өйткені, әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалдықты сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Қиярдың бірнеше түрін өсіріп көрдік. Барлығының шығымы жақсы. Жүйесін тапсаң, жұмыс өнеді, – деп кәсіпкерлер облыс әкімінің орынбасарын жұмыс барысымен таныстырды.
Кәсіпкердің айтуынша, қияр мен қызанақ жылуды, жарықты, ылғалды жақсы көреді. Олардың қалыпты өсуі үшін жылыжай ішіндегі температура +15°С-тан кем болмауы тиіс. Осының бәрін ескеріп, жылыжайдың жылуын реттеп отырған жөн. Әсіресе, алғашқы егілген күндері гүлденіп, тұқым байлана бастаған кезде ерекше күтімге алу керек. Өскін пайда болған кезде электр жарық жүйесін қосады.
Ал, мұнда өндірілген өнімдер қалалар мен жергілікті ірі сауда орындарына сатылуда.
Өндірістік жылыжайлармен бірге ауылдық жердегі үй маңына қарапайым шағын жылыжай салатындарға қолдау көрсетіледі.
Ол үшін облыс әкімі Н.Нұржігітовтің бастамасымен жеңілдетілген несиелер рәсімдеудің жаңа ережелері жасалуда.
ЖҮЙЕСІН ТАПСАҢ , ЖҰМЫС ӨНЕДІ
Prev Post