«Алқаптан сөреге дейін» атты пилоттық жоба аясында несібесін жерден жиған диқандардың еңбегі жайында мақалалар желісін жалғастырып келеміз. Еңбекті ту еткен қордайлықтар бүгінгі таңда жер игеріп, оның жемісін көруде. Сондай жандардың бірі Қордай ауылының тұрғыны Хамит Қасымбеков.
Хамит Қасымбековтің ауыл шаруашылық дақылдарын өсіріп, диқаншылықпен айналысып жүргеніне 12 жылдың жүзі болыпты. Ол жинаған өнім аудан, тіпті Алматы қаласының сөрелеріне шығарылып, саудалануда. Яғни таза, табиғи өнімге сұраныс жоғары деген сөз.
Бүгінде диқаншылықтың қыр-сырын меңгерген кейіпкеріміз Бішкек қаласындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетіне оқуға түсіп, агроном мамандығын игерген. Бұл өз ісін жүргізуге, дамытуға үлкен көмек болғаны белгілі. Хамиттің айтуынша, кейінгі кезде жастар қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтарды таңдамайды.
«Қазақстанда жер көп, еңбек етіп, егін егіп, өнім жина, міне саған дайын бизнес», — дейді кәсіпкер.
10 гектар жерге біздің өңірге бейімделген және хош иісі мен тәтті дәмімен ерекшеленетін қауынның «колхозница» сұрыпы егілген. Мұнымен қатар 5 гектар жер қарбыздың «Продюсер» сұрыпына бөлінген. Бұл сұрып жергілікті диқандар арасында танымал, дұрыс күтіп-баптаған жағдайда жақсы өнім беріп, тығыздылығының арқасында тауарлық түрін сақтап, алыс жерге тасымалдағанға жарамды. Биыл қарбызға сұраныс та жоғары, бағасы да қымбат болып тұр.
Қазір қырыққабат пен қызанақты жинау жұмыстары аяқталуға таяу. Қызанақтың «Бобкат» сұрыпы жақсы өнім беріпті. Аталмыш қызанақ жеуге де, өңдеуге де жарамды.
Былтырғы жылы кәсіпкер қияр өсірген, алайда бұл жұмыстан бас тартуға тура келіпті. Оған себеп, жұмысшы қолының тапшылығы болған. Айта кетсек, қазіргі таңда алқаптағы жұмысқа 20-25 адам тартылған. Олар уақытылы айлық алып, көп жылдар бойы бірге жұмыс істеп, бір отбасыдай болып кеткен.
Кейінгі кезде бәсекелестікке байланысты өнім өткізу қиынға соғып отыр. Өйткені өзге өңірлер мен Өзбекстан диқандары ірі қалалардың нарығына шығып, өз өнімдерін ұсынуда. Ал, ұсыныс көп болған сайын баға төмендей беретіні белгілі. Дегенмен, кәсіпкер биылғы жылдың нәтижелі болғанын айтып, алдағы уақытта жиын-терін жұмыстарын аяқтап, келесі маусымға дайындық бастауды жоспарлауда. Сонымен бірге, үй іргесіндегі жерге үлкен жылыжай салу жоспарында бар. Отағасы күні бойы алқапта еңбек етіп жатқанда, үйдегі бақшаны зайыбы баптап күтуде, үй шаруашылығында басқа да жұмыстың көп болғанына қарамастан көпбалалы ана Мухабат Қасымбекова қол қусырып отырмайды. Оның айтуынша, үлкен бақшаны күту сүйікті іске айналған. Бақшадан жиналған өнім әрине, қыста тұтынатын дәмді тағамдарға айналады.
Анара Теміржанова