КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

0

1992 жылдың 18 тамызында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері құрылған болатын. Содан бері бұл күн қырағы шекарашылардың төл мерекесі ретінде аталып келеді.
«Ел шебін ерекше күзетпесе, елден тыныштық кетеді» демекші, шекараның қырағы қорғалуы мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақты дамудың негізі болып табылады. Сондықтан, еліміздің Шекара әскерлері Президент Жарлығымен КСРО Шығыс шекаралық округінің базасында құрылды. Содан бергі аралықта біраз уақыт өтіп, салада түрлі оң өзгерістер орын алды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап талайлаған қиындықтарға қарамастан офицерлік құрам толықтай дерлік өзгеріп, жаңа кадрлар сап түзеді. Осылайша, уақыт өте маман тапшылығы мәселесі түбегейлі шешіліп, қазіргі таңда барлық қызметшілер еліміздің аумағында даярланады. Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараның тұтастығын және мызғымастығын, шекара кеңістігінде заңдылық пен белгіленген тәртіптің сақталуын қамтамасыз ететін арнайы қызмет болып табылады. Қазір Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы белгіленіп, шекаралық бақылау нығайды, сонымен қатар көптеген заставалар бой көтерді. Бұл әрине, шекарамыздың жан-жақты бақылауда екенінің бірден бір дәлелі. Бүгін Шекара қызметі жеке құрамының тең жартысы келісімшарт бойынша қызметкерлер. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін шекарамыздың ұзақтығы мен сипаты өзгерген. Кеңес Одағы кезінде тек Қытаймен іргелес 1,7 мың шақырымдық жер күзетілсе, бүгінгі таңда Қазақстанның Шекара қызметі 5 мемлекетпен шектесетін 15 мыңнан астам шақырым ұзындықтағы жерді бақылауда ұстайды. Олар тек тау мен шөлде ғана емес, сонымен қатар әуеде және Каспий теңізінің акваториясында қызмет етеді. Осы ретте Жамбыл облысының аумағындағы Қырғыз Республикасымен арадағы шекараның жайына тоқталсақ, 2011 жылғы демаркациялық нақтылаудан кейін шекара сызығының ұзындығы 716 шақырымды құрады. 2001 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасында шекара делимитациясы жүргізіліп, барлық проблемалық мәселелер шешілді.
Қордай ауданында қазақ-қырғыз шекарасының 200-ден астам шақырымы Қордай аудандық шекара басқармасының бақылауында. Қысқасы, тарихи тұрғыдан қысқа мерзімде шекара қызметі қалыптасу кезеңің өтіп, дамудың даңғыл жолына түскен.
Қордай аудандық шекара басқармасымен 2020 жылдың 1-жартыжылдығында ғана 288936 адам, 125183 автокөлік өткізіліп, мемлекеттік шекара бұзған 222 тұлға ұсталса, Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынған 58 адам анықталды. Шекаралық нарядтармен 43 контрабанда дерегі анықталып, 122 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталмыш басқарма өкілдерінің айтуынша, әскери қызметкерлер төл мерекесін атап өткен жоқ, өйткені олар өз міндеттерін орындау үстінде.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.