АУҒАН СОҒЫСЫ ЖАУЫНГЕРІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

0

1980 – 1984 жылдар аралығында Қордайға бірінен кейін бірі қаза тапқан 12 адамның мәйіттері жеткізілді. Соғысқа аттанып, туған еліне тірі оралмай қалған бұл боздақтардың бәрі жиырмадан енді асқан жастар еді. Қыршыннан кеткен оларға жар болу, әке атану, ата-анаға құрмет көрсету, ұзақ ғұмыр кешу бақыты бұйырмапты…
1979 жылғы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюро ұсынысы бойынша Ауғанстан Демократиялық Республикасына «оның аумағына кеңес әскерлері контингентін енгізу жолымен» әскери көмек көрсету туралы шешім қабылданған. Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағындағы әскери қақтығысқа кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті қатысты. Біз 10 жылға созылған, ел ішіндегі соғысқа тартылдық. 1989 жылғы 15 ақпанда кеңес әскерлері туған жеріне орала бастады.
25 қараша күні М.В.Ломоносов атындағы №2 ОМ ауласында «ордендер шеруі» өтті. Бұл күні Ауған соғысында 1981 жылы қаза болған Андрей Штольге арналған ескерткішті салтанатты түрде ашу үшін Қордай ауданы, Алматы, Тараз, Бішкек, өңіріміздің басқа да аудандарынан интернационалист-жауынгерлер жиналды. Ескерткіш маңына соғыстан елге қайтпаған 12 жауынгердің есімдері қашалып жазылған гранит тақтасы қойылды.
-Қордайлықтардың ішінен ол ең бірінші болып қаза тапты, ал ескерткішті 41 жылдан кейін ғана қойып жатырмыз. Өкінішке орай, бәрі қаржыға келіп тіреледі, — дейді «Қордай ауданындағы Ауған соғысының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев. Аталмыш бірлестік әр ескерткішке қаражатты халықтан жинап, демеуші іздеп, ұйымдар мен жеке фирмалардан көмек сұраған.
Д.Сүгірбай, Подшибякиндер, Б.Мамыт, В.Лаптев, В.Демочко, И.Кинозерова, И.Даутқұлова, В.Ромащенко, И.Варшакидзе, М.Отарбаев, Дүнгендер қауымдастығы (Щерба), А.Ашамаев, А.Долгова, И.Алексушина, И.Кадышева, Е.Кузнецова, Ю.Строков, В.Сугробов, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі, Б.Сейсенбаев, М.Ануарбек, Жамбыл облысының дүнген мәдени орталықтарының «Вынхуа» этномәдени бірлестігі, Варшакидзе отбасы, С.Турсунов, Г.Сугробова, «Әскери іс-қимылдар ардагерлері (Қордай ауданы)» ҚБ сынды көмек көрсеткен демеушілерге Алғыс хаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді.
Мерейтойлық медальдар М.Жээналиевке, А.Субагожоевқа, Т.Омаралиевке, С.Батырбековке тапсырылса, мектеп директоры И.Даутқұлова «Қазақстан Патриоты» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, салтанатты іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мектеп әкімшілігі де атсалысты. Жоғары сынып оқушылары, педагогтар мен қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойса, кіші сынып оқушылары сап түзеп, қолдарындағы жалаушаны желбіретіп, ардагерлерді қарсы алды.
-Біз үшін бұл тарихи күн. Андрей Штоль – біздің оқушы. Қазір оның сыныптастары түгілі, оны оқытқан мұғалімдер де жоқ. Бірақ, бұл маңызды емес. Бұл ескерткіштерді орнатқан, атқарған жұмыстары үшін интернационалист-жауынгерлерге үлкен рахмет. Олардың жауынгерлік парызға деген адалдықтары жас ұрпаққа үлгі-өнеге екені сөзсіз, — дейді мектеп директоры Индира Даутқұлова
Халықта «уақыт – емші» деген сөз бар. Дегенмен, өткенді білмей, бүгініміз жоқ, болашақтың болуы да мүмкін емес.
Осы күні әскери киім киіп келген ардагерлер мектеп алдындағы алаңға жиналды. «Сәлем, бача? Қалың қалай, шурави?» деп бір-бірімен қауышып, қуанып, мәре-сәре боп жатты. Балалар олардың кеуделеріндегі жарқыраған медальдарынан көз алмай, көрісулерін үн-түнсіз бақылап тұрды.
Бұл Ауған соғысында бірге от кешіп, қайғы мен қуанышын бөліскен, ажалмен бетпе-бет келген, рухтары бір, бір-біріне бауырдай боп кеткен азаматтардың кездесуі еді. Менің жанымда тұрған балақай «Олар бір-бірін неге түсініксіз атап жатыр?», — деп сұрады.
Ия, «шурави», «бача» сөздері қазіргі балалар үшін құлаққа оғаш естіледі. Жергілікті тұрғындар, моджахедтер «шурави» деп Ауғанстанда соғысып жатқан кеңес жауынгерлерін атаған. Заманауи Ауғанстанда «шурави» деген атау ерлік пен қайсарлық үшін берілген медальге тең. Ауғандар «шуравиды» ешкімнен қорықпайтын адам деп біледі. Бұл генерал атағынан да салмақты.
Ал, «бача» деген сөздің маңызы зор. Сөзбе-сөз аударғанда «жігіт», «бозбала» дегенді білдіреді. Орыс тілінде «бача» сөзінің мағынасы түбегейлі өзгеріп, «туған», «бауыр», «дос» деген мәнге ие болып кеткен. Ауған ардагерлерінің бір-бірін осылай атау бірлік пен әскери серіктестік нышанына айналған. Ауғанның отты жолдарынан өткен азаматтарды біз ардагер деп атаймыз. Дегенмен, бұл сөз сол кезде жиырмаға жаңа толған жастарға келмейтін. Сондықтан «бача» сөзі жас ардагерлер арасында таралып кеткен.
-Бүгін бұл жерде жауынгерлердің төрт буыны кездесті. Ұлы Отан соғысының ардагерлері (өмірден өтіп кеткен болса да, олар біздің жадымызда), интернационалист-жауынгерлер, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқандар, жергілікті әскери қимыл қатысушылары. Оқушылар үшін біз оқулықтардағы тарих болып қалдық. Мұндай кездесулер олар үшін де, біз үшін де маңызды, себебі олар «тірі тарихтың» куәсі болуда, ал біз қартаймай, жауынгерлік бауырластықты сақтауға тырысамыз, — дейді интернационалист-жауынгер Ерлан Керімқұлов.
Шара барысында Қордай аудандық Чернобыль ардагерлері және ерекше тәуекелді солдаттар кеңесінің төрағасы Сергей Башлаев та сөз алып: — Біз, «чернобыльдықтар» оқ астында қалған жоқпыз, көлікте жарылған жоқпыз. Бірақ, қадам сайын ажал мен қауіп күтіп тұрды. Припятьқа «іс сапардан» бас тартуға болатын еді, дегенмен «уақыт бізді таңдады». Барлық буын жауынгерлерін біріктіретін осы, -деді.
Бұрынғы жауынгерлерді біріктіретін тағы бір нәрсе бар. Бұл – ұлдары үйге тірі оралмаған аналарға деген құрмет. Ұлдарынан айырылған 12 отбасы аманат ретінде интернационалист-жауынгерлердің қамқорлығына алынды.
Ерлан Шәріповтың анасы барлық іс-шараларға үзбей қатысып тұрады. Жауынгерлер оның үйіне жиі барып тұрады. Самай шашы ағарып, жүзін әжім әрлеген ананың жүрегінде және суреттерде ұлы мәңгі жас болып қалды.
Жібек Мұхамеджанқызы өз ұлындай болып кеткен ардагерлерге ақ батасын беруден жалықпайды: «Жастарың ұзақ, дендерің сау болсын, отбасыларың аман болсын. Маған көрсеткен ілтипат пен қамқорлықтарың үшін рахмет. Міне, бүгін де, Андрей Штольге ескерткіш қойып, тағы бір анаға қуаныш сыйладыңдар»,-деді ақ жаулықты ана.
Қазақи дәстүр бойынша мектеп атынан Жібек апаға ақ жаулық жауып, сый-құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында интернационалист-жауынгерлердің облыстық штабы Керім Ізбасаров сөз алып, жауынгерлік ар-намыс, достық ұғымдарын сөз етіп, жастарды тәрбиелеу мәселелерін алға тартты.
Бұл мәселені М.Ломоносов атындағы №2 ОМ әскери дайындық пәнінің мұғалімі Б.М.Сейсембаев қолдап, «Бұрынғы жауынгерлер балаларға көңіл аударып, мектептерге жиі баруы керек. Осындай ардагерлер әскери дайындық немесе дене шынықтыру пәндерінің мұғалімі болғаны дұрыс болар еді. Қазіргі өскелең ұрпаққа ерлік пен Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсететін нағыз ер азаматтар қажет», — деді.
Іс-шара соңында қатысушылар мектеп ұжымы дайындаған мерекелік дастарханда бас қосты.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.