Жаңа әліпби – түркі тілдес халықтардың тарихи мұражайын ортақ мәдени мұраға айналдыра отырып, кедергісіз тура жолмен әлемдік ақпараттық кеңістікке енуге мүмкіндік беретін негізгі құрал. Ұлтты, мемлекетті біріктіретін алып күш.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы пікірталастар қазақ зиялы қауымы мен лингвистерінің арасында жүргізіле бастады. 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XІІ сессиясында Елбасы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері оны кейінге қалдырған еді. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқ емес», – деген болатын. Сондай-ақ, латын әліпбиіне ауысқан көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған. Осы тапсырмадан соң, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жолында әр түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің идеясы қоғам арасында қызу талқыланып, өзектілігі айқындалған мәселе болатын.
Өз ұлтымыздың, тіліміздің жанашыры ретінде, біз қазақ тілін оқыту орталығының қызметкерлері осы бастаманы қолдауымыз қажет. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру елімізге ғылым-білім жағынан, саяси тұрғыдан, заман талабына сай дамуы үшін де өте маңызды. Қазіргі кездегі үштілділікті дамытуда да латын графикасының тигізер үлесі мол. Бүгінде жас буын өкілдері компьютер тілін жетік меңгеріп, ғаламтор желісі арқылы ақпарат алмасады. Жастардың көпшілігі қазірдің өзінде латын графикасын қолдануда. Сондықтан да бұл реформа айтарлықтай қиындық тудырмайды. Еліміздің болашағы жастар екенін ескерсек, жастардың бірлігі мен татулығы алдымен тілден басталатынын ұмытпауымыз керек.
Қ. Нұрғалиев, «Тілдерді оқыту орталығы»
Қордай аудандық бөлімше меңгерушісі