МЕКТЕП МЕДИАЦИЯСЫ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

0

Мектеп медиациясы бұл жанжалдарды шешудегі жаңа бағыт. Оның негізгі мақсаты балаларға білім және тәрбие беру салаларында қауіпсіз ортаны қалыптастыру. Өткен жұмада А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінде «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ, Қордай аудандық соты және Қордай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектеп медиациясы: даулардың алдын алу және шешудің құқықтық жолы ретінде» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін білім беру саласына мектеп медиациясын енгізу мақсатында өткізілген шараға «Халықаралық құқық қорғау орталығының» басшысы Ж.Жақыпов, Қордай аудандық сотының судьясы М.Алиманова, Қордай аудандық прокуратурасының прокуроры Н.Әбіш қатысты.
Семинар барысында халықаралық санаттағы тренер-медиатор, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ басшысы, «Қазақстан медиаторлары қауымдастығы» ЗТБ бас директоры Жанділдә Жақыпов аудан ұстаздары мен білім бөлімі қызметкерлеріне мектеп медиациясы бойынша тың ақпараттарды айтып, тренингті сұрақ-жауап, ойын форматында өткізді. Сонымен қатар, оқушылар арасындағы даулардың шығу себептері, оның алдын алу және шешудің жолдарын нақты мысалдармен көрсетті. Қатысушылар да өз кезегінде тақырыпқа қатысты ойларымен бөлісіп, сауалдарын жолдап, белсенділік танытты.
Іс-шараның соңында Ж.Жақыпов Қордай аудандық сотының судьясы М.Алиманованы, А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебі директорының құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары М.Абдрасилованы, аудандық білім бөлімінің бас маманы А.Қалдарбековті, аудандық білім бөлімінің психологы Г.Алдибаеваны «Алғыс хатпен» марапаттап, ХҚКО РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Л.Щербинаға іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқаны үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.