Құрақ көрпе – үйдің сәні

0

Өз саласында абыройлы қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан соң немере-шөберелерінің төрінде маңғаздана отыру, ешнәрсеге мұқтажданбау, ауылдың үлкені мен кішісіне бірдей сыйлы болу – үлкен ғанибет. Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Әлия
Чолпонкулова қарттықты дәл осылай әдемі қарсы алған ардақты ана.
Саналы ғұмырын есеп-қисапқа арнаған Әлия Дүйшенқызы зейнетке шыққан соң ине-жіпті жанына серік етіп, қолөнермен айналыса бастаған. Үйінде жиналып қалған жыртыстарды кәдеге жаратайын деген ниеттен бастау алған іс бүгінде үлкен кәсіпке айналып отыр. Ол қыз жасауын, төр көрпелер, бесік жабдықтарын, ат жабу, тұсау кесерге киетін ұлттық киімдер, т.б. сан алуан қазақы нақыштағы бұйымдарды тігеді. Қолөнер Әлия ханымға қанмен дарыған асыл қасиет. Кейіпкеріміздің анасы да он саусағынан өнер тамған шебер болған екен. Бала кезінен анасына көрпе-жастық тігуге қолғабыс жасап жүріп, өзі де осы істің қыр-сырын үйренген. «Қырық жыл есепші болып қызмет атқардым. 2016 жылы құрметті зейнет демалысына шығып, үйде бос жатпайын деп осы тігіншілікке келдім. Алматыда бір айлық арнайы курсты оқыдым. Қазір айына орташа төрт көрпеден тігемін. Бір көрпені тігу үшін бір аптадай уақыт керек»,- дейді тігінші. Өнердің, соның ішінде қолөнердің түрі көп, тіпті заман ағымына сай бұл сала жаңғырып келеді десек те болады. Әлия Чолпонкулова да көрпе-көпшік тіккенде ертеден келе жатқан ұлттық ою-өрнектермен қатар, заманауи өрнектерді де қолданады. Оның ішінде қошқар мүйіз, қаттама құрақ, жебе құрақ, тырна тұрақ, қарқыра құрақ, 3D құрақ, т.б. түрлері бар. Қолөнершінің айтуынша бұлардың ішінде ең күрделісі жебе құрақ және 3D құрақ екен. Өйткені, бірін ассиметриялы қылып тігу маңызды болса, екіншісін құрау ұзақ уақытты алады. Ал оюларды ою – жұбайы Дүйсенбек Әлмежановтың мойнында. Жарының қолға алған ісіне басынан қолдау көрсетіп келе жатқан отағасы әр оюды қолымен ойып, сызбасын дайындап береді. Отасқандарына 42 жыл толған жұптың бір-біріне деген сый-құрметі бірден байқалады. Үйлесімділік пен сүйіспеншілік орнаған шаңырақта тәрбие алған ұл-қыздарының әрқайсысы бүгінде өз орындарын тапқан азаматтар. Ұлты қырғыз болса да Әлия Дүйшенқызы қазақ тілін, қазақы салт-дәстүрді де берік ұстанып, оны балаларының бойына дарытқан.
Біз Әлмежановтар шаңырағына қонақққа барғанымызда алдымыздан жүгіріп шыққан немере қыздары Аяна әжесінің қолынан шыққан дүниелерін бірінен соң бірін әкеліп, мақтанышпен көрсетті. Бес жасар бүлдіршіннің де қолөнерге қызығушылығы көрініп-ақ тұр. «Ұлттық қолөнеріміз – мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің бір бөлігі. Білгенімізді, бойымыздағы шеберлікті кейінгі ұрпаққа мұра етіп үйретіп кету парызымыз деп санаймын. Сондықтан немере қыздарымды жаныма алып, үйретіп отырамын. Әсіресе осы Аянамның икемі бар. Тігін тігу өзі табандылықты, қырағылықты қажет ететін өнер ғой. Оған көпшілігі шыдай бермейді»,-дейді қолөнерші. Расында, әже тәрбиесінің негізінде ұлт тәрбиесі жатыр.
Әлия Чолпонкулова үшін қолөнер – көңіл қалауы, сүйікті ісі. Оған ешқандай жарнаманың да қажеті жоқ. Тапсырыс берушілер өздері іздеп келеді дейді шебер. «Адамдар бір-бірінен естіп, тапсырыс беріп жатады. Көбіне туған-туыс, таныстарыма тігіп беремін. Той-томалаққа барғанда сыйға да тартамын. Балаларыма салмақ түсірмей, өз қажеттіліктеріме жарататын кішігірім табысым барына шүкір»,- дейді қолөнерші.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.