ҚОРДАЙЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

0

Астана қаласында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын байқауда өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар, халыққа арналған үздік тауарлар, үздік азық-түлік тауарлар номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Әр номинация бойынша үш жеңімпаз марапатталады.

Естеріңізге сала кетсек, шілде айында «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік байқауына қатысу үшін тағамдық, химиялық, жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылық саласы мен құрылыс индустриясының 82 жамбылдық тауар өндірушілері өтінім берген болатын. Қордай ауданынан байқауға 8 компания қатысып, үш номинация бойынша олар үздік атанып, республикалық байқауға жолдама алған болатын.
7 желтоқсан күні Астана қаласында «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша тауық етін өндіретін «Eco — Chicken» АШК (басшысы Тоты Сәрсембаева) жеңімпаз атанды. Жоба 2020 жылы басталған. Құстар арнайы модуль-құс қораларда өсіріледі, оның жұмысы кезең бойынша ұйымдастырылған, бір кезең 45 күннен тұрады, құстар осы мерзім аралығында етке жарамды болып, өткізіледі, ал ғимарат тазаланып, залалсыздандырады. Содан кейін жаңа кезең басталып, жаңадан балапандарды өсіру басталды. Бір жылда 7 кезең орын алады. Тоты Сәрсембаеваның айтуынша, құс шаруашылығы ең тиімді, шығынның орны тез жабылатын сала. Заманауи технологиялар мен құстардың жоғары өнімді тұқымдарының арқасында олар тез өсіп, жылдам салмақ жинайды. Қазіргі таңда құс еті үлкен сұранысқа ие. Кооператив өнімі «Бастау» брендімен шығады.
-Бүгінгі марапат біздің команданың жұмысының нәтижесі. «Бастау» брендінің өнімі халық арасында сұранысқа ие, кәсіпорын даму үстінде. Біз жоғары сапалы өнім жасауға тырысамыз, себебі бәсекелестік өте мықты. Айтулы байқауға қатысу, жеңіске жету біз үшін одан да жоғары белестерді бағындыруға түрткі болып табылады, — дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, «Қазақстанның үздік тауары» конкурсында 10 компания «Іскер» арнайы премиясын иеленді, олардың қатарында қордайлық «Izgi is Qordai»ЖШС бар.
Шифоньер, стол, орындық, матрац, арнайы ортопедиялық матрацтарды шығарумен айналысатын цехтың өнімі Қордай ауданында ғана емес, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында да танымал. Жиһаз цехы бүгінгі таңда төрт-бес бөлімнен тұрады екен. Металлды өңдеу, ағаш өңдеу, сыртын қаптау, жиһазды құрастыру, әрлеу-сырлау бөлімдері жеке-жеке бөлмелерде орналасқан. Цехта металл арматураларды кесу, қажетті пішінге келтіріп дайындау жұмыстары жүргізіледі. Болашақ жиһаздың ою-өрнегі да арнайы машиналармен кесіп жасалады. Жуырда компьютерлік бағдарлама арқылы жұмыс істейтін арнайы машина да алынған. Бағдарламаға дизайнын енгізсең станок ағаштан қажетті затты кесіп береді. Жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан Әлібек Омар өз ісінің қыр-сырын әбден меңгерген маман.
«Izgi is Qordai» жобасы өндірістік қызмет көрсету саласында инновациялық технологияларды енгізудің жарқын үлгісі.
-«Іскер» премиясына еліміздің жүздеген ірі компанияларынан біздің серіктестікті таңдау – біздің кәсіпорынның қызметіне деген жоғары баға, тұтынушы сенетін өзіндік сапа белгісі. Енді біз тауарды одан да зор жауапкершілікпен өндіруіміз қажет, — дейді Әлібек Омар.
— «Іскер» премиясы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен 2016 жылы ұйымдастырылған. Марапаттау үшін үміткерлерді таңдау өлшемдеріне инновациялық өнім өндіру, жаңа технологияларды қолдану жатады, одан басқа кәсіпорын өндіретін өнім үлкен экспорт үлесімен өңірлік нарықтың басым бөлігін алуы шарт, — дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қордай аудандық филиалының директоры Ержан Әден.
Сонымен қатар, «Парыз» премиясымен «СК Достык и К» ЖШС басшысы Ерғазы Құсайынов (темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты) марапатталды.
-Байқау-көрменің мақсаты – халық арасында отандық тауарды насихаттау. Қордайлық өндірушілердің өнімін біздің өңірдің ғана емес, бүкіл республика тұрғындары көріп, лайықты бағасын беру мүмкіндігіне ие болды.
Бүгін біздің ауданда үш жеңімпаз бар. Отандық өнім өндірушілерін ішкі нарықта ғана емес, республика көлемінде өз өнімдерін танытуға ынталандырамыз, — дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қордай аудандық филиалының директоры Ержан Әден.

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.