Жақсылық Үшкемпіров атындағы елорданың Жекпе-жек сарайында екі күн бойы қоян-қолтық ұрысының жанкүйерлері еліміздің кіл мықты спортшыларының қызықты өнерін тамашалады.
Бұл турнир Қорғаныс министрлігі мен Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының қолдауымен бесінші рет өткізіліп отыр. Қорғаныс министрінің кубогы үшін тартысты сайысқа бұл жолы елдегі күштік құрылымдардан 15 команда құрамында 160-тан аса спортшысы қатысып, бағын сынады.
Жарыс қорытындысына келсек, қоян-қолтық ұрыстан жалпы командалық есепте Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының командасы үздік деп танылса, екінші орын Ішкі істер министрлігінің өкілдеріне, ал үшінші орын Қорғаныс министрлігінің спортшыларына бұйырды.
Ерлер арасындағы жеке есепте жеңіс тұғырынан көрінгендер: 57 келіге дейінгі салмақта Асхат Жылысбеков (ІІМ), 62 келіге дейін – Бауыржан Сұлтанов (Қорғаныс министрлігі), 67 келіге дейін – Бауыржан Асылбеков (Мемлекеттік күзет қызметі), 73 келіге дейін – Тимур Серікұлы (ҚМ Орталық спорт клубы), 80 келіге дейін – Айдын Төлепбаев (ІІМ), 88 келіге дейін – Ілияс Мұхамәдиев (Ұлттық қауіпсіздік комитеті), 97 келіге дейін – Еламан Қуатов (Қорғаныс министрлігі), 97 келіден жоғары – Жеңіс Ердәулет (Мемлекеттік күзет қызметі).
Әйелдер арасында 52 келіге дейін Аян Тұрсын (ҚМ Орталық спорт клубы), 65 келіге дейін – Сора Рахмонова (ҚМ Орталық спорт клубы), 75 келіден жоғары – Саида Хасенова (ІІМ) жеңіске жетті.
Турнир қорытындысы бойынша «Үздік техникасы үшін» номинациясы Ілияс Мұхамәдиевке (Ұлттық қауіпсіздік комитеті), «Жеңіске деген жігері үшін» – Арман Әбетановқа (ҚР Қаржы мониторингі агенттігі) табысталды. Аталған шараны ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит те атап өтілді.
Жабылу рәсімі барысында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери қызметшілер мен құқық тәртібін сақтаушылардың жауынгерлік даярлығындағы қоян-қолтық ұрыстың маңызды екенін атап өтті. Ол турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, жарыстың барлық қатысушыларына алғысын білдірді, жаңа жеңістер мен табыстарға қол жеткізу үшін табандылық тіледі.
Командалық есепте жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қорғаныс министрінің атынан кубоктар алып, ал сайыс чемпиондары мен жүлдегерлері медальдармен, грамоталармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Біліктілік нормативтеріне сәйкес жеңімпаздарға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілетін болады.
ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫСТАН ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ КУБОГЫН ИЕЛЕНДІ
Next Post