ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚ – КЕРІ АҒЫМҒА БОЙ АЛДЫРУ

0

Діни сауатсыздық дінді түсінбеуге, ал дінді дұрыс түсінбеу адасушылық пен қате-кемшіліктерге алып келетіні айдан анық. Осы орайда, дiни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл дiни сауаттылықты арттыру екендiгi даусыз. Дiни сауатты болу үшiн белгiлi бiр дiни оқу орнын бiтiру шарт емес. Ол ұлттық тарихты білу, дәстүрімізді зерттеу және әлемдiк деңгейдегi үрдiстерден хабардар болудан тұрады. Қазіргі таңда түрлі себептерге байланысты жат ағымның жетегіне жастар мен халқымыз еріп кетуде. Салдарынан қаншама отбасылардың шырқы бұзылып, шаңырақтары шайқалып, берекесі қашуда.
Кейбір отбасылардың отағасы білімсіздіктің салдарынан сезімнің сергелдеңіне түсіп, темір торға тоғытылса,бесік тербетіп үйінде отыруы тиіс нәзік жандылар, нағыз ислами өмір сонда деп, үй-жайын, бала-шағасын, елін тастап, шекара асып, қиырдағы шет мемлекеттерге кетті. Қаншама ата-ана ұл, қызынан айрылып, зар илеп қалды.
Жат діни ағымның жетегінде жүргендердің санының артуы қарапайым халықтың діни сауатының аздығынан немесе жоқтығынан туындайтыны хақ. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен,сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірибесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Дінімізде білімді ерекше маңызды санаған. Бұл жайында Құран Кәрімнің өзінде былай делінген : «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» Нәхл сүресі 43 аят, «Білгендер мен білмегендер тең бе?» Зүмәр сүресі 9 аяттарда баяндалып, яғни білімді ерекшелеп маңыздылығын айтып тұр.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейтін факторларының бірі болып тұр. Әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп,оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған. Сол мәліметтер мен видеолардың арасында жиһадқа шақыратын, билікке қарсы қоятын ақпараттар да жетерлік. Сондай ақпараттарды достарымен бөлісіп, шала басып жатқандары қаншама.
Тұрмыстың тапшылығы тауқыметінен жаман демекші, лаңкестік идеологияға бой алдырғандардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ, біразының баспанасы жоқ, біразының тұрмыс деңгейі төмен болған. Адам кейде жоқшылықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан айналасынан көмек сұрайтын сәттер өмірде жиі кездесіп жатады. Мұндай кезде жасаған жақсылық адамның өмір бойы есінен шықпай қалады. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері ұтымды пайдалана біледі. Дереу қаржылай қолдау білдіріп, жұмыс орындарын ұсынып, өзінің тобырына тартуды көздейді.
Қорыта келгенде, қазіргі кезде мемлекетімізде діни сауаттылық мәселесі бойынша түрлі шаралар жүргізілуде. Бірақ тек бір ғана шаралар кері ағымның алдын ала алмайды. Сол себепті жастарымызға діни білім мен көптеген шаралар жүргізу қажет деп ойлаймын. Қазіргі дамыған заманда әлеуметтік желілермен де түрлі шаралар өткізіп немесе телеарналар мен газет журналдар арқылы діни сауаттылықты көптеп арттыруға болады. Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы, демекші, әрбіріміз сауатты болу үшін білім алуға міндеттіміз. Зайырлы біліммен қатар, діни білім алу да маңызды. Әр адам жан-жақты болуға талпынса, көштен қалмасы анық. Қазіргі бой салыстыратын емес, ой салыстыратын заманда, дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты болу керек. Қазақ қоғамы қаншама қиын кезеңдерді бастан өткерді. Тарих бедеріне көз салсақ, езгі мен теперіш көрген кезінде де, салт-дәстүрі мен иманын, ар-ожданын сақтап қалды.
Т.ЕСҚҰЛОВА, Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің Қордай ауданы бойынша арнайы бөлімінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.