ЭНЕРГОТИІМДІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ШЕТ ЕЛДЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ ҚАЙСЫ?

0

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы кешенді дүние. Ол бірнеше мәселені атап айтқанда, энергетика, экология, экономика және әлеуметтік проблеманы бірге шешуді мақсат тұтады. Бағдарламаның түпқазығы – энергияны үнемдеу және тиімді пайдалану.

Бұл қазір өндіріс саласында да, бюджет мекемелеріне де қатысты болып отыр. Өндіріс саласында энерготиімді жобаларды енгізуге байланысты қозғалыс бар. Ал, бірақ, бюджет саласы әлі де олқы түсіп жатыр. Неге? Ол олқылық неге байланысты? Себеп бірнешеу.
-энергия қондырғылары мен желісінің физикалық және моральдық тұрғыда әбден тозуы;
-жылу, су және электр энергиясын тасымалдау кезінде көп жоғалуы, бастапқы энергия ресурстарының шығыны көп болуы;
-энергия үнемдегіш технологиялар мен ресурс шығынын есептейтін құралдарды қоюға арналған бюджет қаржысының аздығы;
-энергоүнем мен тиімділікке ынталандыратын шаралардың болмауы, осыған байланысты әр адамда болуға тиіс жауапкершілік сезімінің аздығы;
Міне, осы себептер бюджет мекемелерінің энергия шығынын азайтатын жаңа технология мен қондырғылар қоюға ұмтылысын тежейді. Сондықтан да Қазақстанда дамыған елдермен салыстырғанда бюджет саласына энергия жұмсау көп, энерготиімділік аз. Тіпті тарифтердің өсуіне байланысты бюджет мекемелерінің жыл сайынғы шығыны өсіп келеді. Ал, тәжірибеге қарасақ, мекемедегі энергоүнем жауапкершілігі бюджет қаржысын 2-10 пайызға дейін үнемдеуге жеткізеді екен. Міне, сондықтан да энергия үнемдеу мен тиімділік Қазақстан экономикасын дамыту мен технологиялық жетілдіру негізгі бағыттың бірі ретінде бекітіліп отыр. 2012 жылы 13-қаңтарда күшіне енген «Энергоүнем мен энергетикалық тиімділік туралы» заң кәсіпорындарға, бюджет мекемелеріне, кейбір тауар түрлері мен қондырғыларға, ғимараттарға, энергоқызмет компанияларына энергетикалық тиімділікке байланысты талаптарды түйіндеп берді.
Бюджеттік мекемелердің меншік иесі – мемлекет. Сондықтан олар ғимараттар мен құрылыстарды энергетика ресурстарын жұмсауды тексеру құралдарымен жабдықтауға міндетті. Осы талаптың арқасында қазірдің өзінде 1,73 миллиард теңге үнемдеуге жетті. Бірақ, бұл әлі аздық етеді. Сондықтан халықаралық тәжірибеден өткен кейбір механизмдер мен жетістіктерді енгізу артық болмайды. Ол механизмдер қандай? Мысалы, дамыған елдерде жаңғыртылмалы қуат көздерінен энергия сатып алғандар бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізеді. Данияда коммуналдық шаруашылықтар электр энергиясын жаңғыртылмалы қуат көздерінен сатып алуға міндетті. Ал, Ұлыбритания табиғи көздерден алған энергияға нақты баға белгілеп қойған. Оған мемлекет кепілдік береді. Негізі дамыған елдердің көбі жаңа электр стансалар салмау үшін және ескі стансаларды қинамау үшін, жекеменшік шаруашылықтарды энергия үнемдеуге ынталандырады. Ал, оңтүстік Европа мемлекеттері кішігірім ГЭСтер, жел және күн энергетикасы стансаларын салдыруға бейіл. Оған берілетін жеңілдіктер аз емес. Америкада да бұл механизм жақсы дамыған. Мысалы Коннектикут штатында «энерготиімді бизнесті» қолдайтын қаржы бағдарламасы бар. Өз кәсіпорнында энерготиімділікті мықтап қолға алған бизнес иесі энергия сатушы компаниялардан үлкен жеңілдік алады. Ал, банктер жаңа технологияны енгізгені үшін пайызсыз несие береді. Осы орайда күншығыс Жапон елінде жағдай мүлде басқаша. Жапондықтар энерготиімділік мәселесінде мемлекеттің реттеуші ретіндегі мықты ұстанымына арқа сүйейді. Жапонның энерготиімділікке арналған заңы, Үкіметке энергияны үнемді пайдалануды қаржы және салық шаралары арқылы реттеуді міндеттейді. Заң бойынша басқа салаға қаржы жұмсауға қарағанда энергия үнемдеуге инвестиция салу әлдеқайда жоғары тұрады. Егер жапон кәсіпкері энергоүнемдеуші қондырғы қоятын болса, оның қаржы қоры Үкіметке тиесілі банктен жеңілдетілген несие алуға құқы бар.
Мысалы, Жапонияның даму банкі – ірі өндіріс орындарын, Орта бизнестің Қаржы корпорациясы – шағын кәсіпорындарды, Халық қаржысы корпорациясы – кіші кәсіпті қаржыландырады. Тіпті, үй салған күннің өзінде, егер ғимарат энергия үнем материалдарымен жабдықталатын болса, несиенің көлемін ұлғайтуға болады. Салық жеңілдіктері де солай. Егер корпорация, немесе жеке кәсіпкер энергия үнемдейтін қондырғы алса, онда пайдаға салынатын салық алған қондырғының 7 пайызына дейін төмендетіледі. Яғни, жалпы есеп бойынша 20 пайыз жеңілдік алады деген сөз. Сонымен қатар бірінші жылы қондырғының 30 пайызына дейін тағы да жеңілдік бар.
Міне, осындай механизмдер мен шаралар энергия үнемдеу саясатын нақты, әрі қуатты тетікке айналдырады. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі энергия үнемдеу саясатына айрықша көңіл бөліп отыр. БҰҰ «Мемлекет пен коммуналдық шаруашылық іспетті энергия пайдаланушы жүйелердің арасындағы әріптестік, екі жақтың да энергия үнемдеуге мол қаржы жұмсау қажеттігін мойындауға негізделуі керек, және мемлекет осыны қамтамасыз етуге тиіс» деген қарар қабылдады. Міне, осының өзі энергия үнемдеу саясатының бүгін бүкіл әлемде қандай үлкен дүниеге айналғанын анық көрсетіп отыр. Олай болса, басқа елдерде сынақтан өтіп, бүгін кәдімгідей жеміс беріп отырған энергия үнемдеу механизмдерін үйрену де, оны қолданысқа енгізу де бізге керек. Бұл ең алдымен энергия үнемдеу саясатын басты мақсат етіп қойған Қазақстанның өзіне қажет.
С. АҚЫНЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.