ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ ҚОЛДАНЫСҚА ЕНЕДІ

0

Қазақстан Ұлттық банкінің хабарлауынша, цифрлық теңге туралы жалған ақпараттар таралып жатыр. Бұл ретте Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы мұндай алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады.

Цифрлық теңге төңірегінде қызығушылық артқандықтан алаяқтар жоба туралы ақпаратты теріс мақсатта пайдаланып, жұртты адастыруға көшті. Мессенджерлер де жаңалықтар шығарылымы форматында қолмақол ақшаны цифрлық теңгемен ауыстыру туралы фейк ақпараттар мен видеороликтер тарап жатыр. Ал цифрлық теңге жобасына инвестиция салуды жарнамалаушылар алаяқтықты іске асыратын сайттарды жасауға көшкен. Бұл хабарламалардың барлығы да шындыққа жанаспайды.
«Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз аударымдар-дың орнын ауыстыру үшін шығарылмаған, ол қолданыста қатар жүретін болады. Цифрлық валюта бірегей технологиялық сипаттамалардың арқасында Қазақстанның Ұлттық төлем жүйесін одан әрі дамытуды көздейді, оның ішінде интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі де пайда болады. Қазір «Цифрлық теңге» жобасы әзірлеу және сынақтан өткізу кезеңінде тұр. Ұлттық цифрлық валютаны енгізу бойынша нақты шешім осы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланып отыр. Ал Ұлттық банк цифрлық валютаның артықшылықтары мен тәуекелдерін, оның ақша-кредит саясатына, қаржылық тұрақтылыққа және төлем қызметі нарығына әсерін жанжақты зерттеп жатыр», делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Айта кетейік, цифрлық теңге жобасы туралы ресми ақпарат көзі – Ұлттық банктің (nationalbank.kz) ресми сайты және ТҚТДО-ның payfintech.kz сайты. Өзге сайттардың, әсіресе «.kz» домендік кеңістігінен тыс тіркелген сайттардың бұл жобаға еш қатысы жоқ. Кеңес алу үшін Ұлттық банктің 1477 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.