ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ?

0

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамымызда әлі де өзекті мәселе. Халықты алдау, сапасыз тауарды өткізіп жіберу немесе сатып алынған заттың кепілдік мерзімі аяқталмай бұзылып қалуы, ал оның ақшасын қайтармай тұтынушыны әуре-сарсаңға салу – Кеңес дәуірінен бері қалмай келе жатқан бір кесіріміз.

Дамыған шетелде сатушы фирма тұтынушы тарапынан ешқандай өкпе-наз естімеуге тырысады, ал алда-жалда ондай бола қалса, тұтынушының алдында кешірім сұрап, сапасыз тауарды өздері келіп ауыстырып береді. Ал ақшасын талап етсе, келтірген моральдық залалын үстіне қосып беріп, тұтынушымен ризаласып қоштасады. Оларда тұтынушы мен сатушы соттасыпты дегенді мүлде естімейсің. Сатушы өзінің атына кір келтірмес үшін тұтынушының барлық бабын табады. Өйткені біріншіден, бәсекелестік қатты. Алда-жалда бәсекелестері тұтынушының талабын қанағаттандырмағанын білсе, сол фирманың есін шығарады. Сондықтан фирма өзінің абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысады. Екіншіден, ондағы халықтың мәдениеті жоғары, сатушының халықты алдау дегені өркениетті елде мүлде болмайды.
Ал бізде кеңес кәсіпорынның тауарын сатып, тұтынушыны көзге ілмей жаман үйренген сатушылар өзінің немесе жұмыс істеп тұрған мемлекеттік дүкенінің беделі үшін ешқашан алаңдамаған. Сол әдет қазіргі жекеменшік дүкен иелерінде де жалғасып келеді. Олардың сатушылары тұтынушыға тіпті сапасыз тауарды немесе арзанды қымбатқа алдап өткізіп жіберуге бейім тұрады. Тіпті тауардың кемістігі кепілдік мерзімде білінсе де ауыстырып беруге немесе ақшасын қайтаруға құлқы жоқ, тұтынушыны әбден әуре-сарсаңға салып қояды.
Қоғамымызда «тұтынушының құқығын қорғау» деген арнайы қызмет бар. Мемлекет оған әжептеуір қаражат шығарып, Сауда және интеграция министрлігінде Тұтынушыларды қорғау комитетін ашқан және оның барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда департаменттері бар.
Жуырда осы комитеттің өкілі Ләзім Мияшовамен әңгімелесудің сәті түсті.
Ләзім Мияшованың айтуынша, тауардың кемшіліктері анықталған жағдайда тұтынушылар заңмен белгіленген құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау құқығын пайдалануы керек. Мұндай жағдайда тұтынушы сатушыға тауарды айырбастау немесе қайтару және кемшіліктердің салдарынан келтірілген залалды ерікті түрде өтеу туралы жазбаша наразылық беруі керек. «Егер сатушы қойылған наразылыққа 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе немесе тұтынушының заңды талаптарын орындаудан бас тартса, онда тұтынушы бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін біздің департаментке және сотқа жүгінуге құқылы», дейді ол.
10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермегені үшін сатушы құқық бұзушы болып табылады және оны жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Қазіргі кезде тұтынушылар құқығының жиі бұзылатын себептерінің бірі – баға белгісінде және кассалық чекте көрсетілген тауар құнының сәйкес келмеуі. Сондай-ақ тауарды сатып алу кезінде шарт жасасуға мәжбүрлеу, мысалы, смартфонды сатып алу кезінде әртүрлі қосымшаларды немесе кепілдік көрсету қызметін сатып алуға «зорлап міндеттеу». Тұтынушының өз құқын білмейтіндігін пайдаланып сатушы қосымшаларды алдап өткізуге тырысады.
Тұтынушылардың сатып алынған тауарға кепілдік мерзімі ішінде қойылатын талаптарын қанағаттандыруды кемшіліктерімен байланысты емес шарттармен байланыстыруға тыйым салынады. Бұл тәртіп те бізде жиі бұзылатын көрінеді.
Бір кезде қазақстандық тұтынушылар да мұндай артық қызметтерден, керексіз проблемаларға ұшыраудан арылатын уақыт келетін шығар. Ал әзірге тұтынушының құқын қорғау қызметінің жұмысы қауырт. Мұндай қызмет болмаса тұтынушы арамза сатушылардан өз құқын қорғай алмай мүшкіл халде болар еді.
Осы мәселені шешу үшін елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институты құрылмақ. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында омбудсмен институтын енгізу – елдегі бизнесті ырықтандырудың белсенді саясатына, тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын және олардың өндіріп алынуын арттыруға ықпалын тигізеді.
«Омбудсменнің міндеттері – тұтынушы құқықтарының туындаған мәселелері бойынша кәсіпкермен сотқа дейінгі реттеу, олай болмаған жағдайда сот органдарына тұтынушылардың мүдделері мен құқықтарын қорғау үшін талап-арызбен жүгіну. Сондай-ақ институт мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің салалық жобаларын әзірлеуге белсенді қатысады», деп хабарлады ведомство.
Бұл шаруамен қатар институт азаматтардың сауатын ашу және құқықтық сауаттылығын арттырумен де белсенді айналыспақ.
2021 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалдама нәтижелері бойынша 20 мың респондент (бұл барлық сұралғандардың 55 пайызы) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсмен институтын құру бойынша оң пікірлерін білдірген.
«Тұтынушылардың өтініштерін қарау үшін қоғамдық институттар тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалана алады (e-tutynushy.kz). Ол үшін тұтынушы мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау (ТҚҒ) қоғамдық институты тек тіркелу қажет. Тұтынушыға «бір терезе» қағидаты негізінде осы мәселе бойынша дәлелді жауап алу үшін кәсіпкердің атына өз шағымын тегін және дереу жіберуге мүмкіндік беретін оның ерекшелігін атап өту маңызды», дейді министрлік өкілдері.

Жақсыбай САМРАТ

Leave A Reply

Your email address will not be published.