Қордай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына биыл 15 жыл толды.
2007 жылдың 14 желтоқсанында тұрғындарға есігін айқара ашқан орталықта бастапқыда 44 қызметкер жұмыс атқарып, азаматтарға 20 шақты мемлекеттік қызметтер көрсетілетін. Он бес жыл уақыт аралығында халыққа қызмет көрсету орталығына бірқатар жаңашылдықтар енгізіліп, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, оңтайландыру және автоматтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
2009 жылы Қордай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында алғаш рет тұрғындарды құжаттандыруға бағытталған «Мобильді ХҚО» іске қосылды. Ал 2015 жылдың 1 маусымында шалғай елді мекендердегі (Гвардейский ауылы, Отар ауылы, Үлкен Сұлутөр ауылы және т.б.) халыққа қызмет көрсету үшін Отар ауылында «Халыққа қызмет көрсету орталығы» секторы ашылды. Сондай-ақ ауылдық округтерде EGOV порталы арқылы қызмет алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары құрылды. Бүгінгі таңда Қордай ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы 700-ден астам қызмет түрін қабылдайды.
Аталмыш мекеменің әлеумет үшін маңызы зор. Бұрын тұрғындар бір анықтама алу үшін бітпейтін кезекте тұрып, бір кабинеттен екіншісіне кіріп, алтын уақыттарын сарп еткен болса, бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы барлық құжаттарды бір демде реттеу мәселесі жолға қойылған. «Бір терезе» қағидатына сәйкес жұмыс істейтін орталықта келген әрбір тұтынушы үшін толық жағдай жасалып, жұмыс жүйесі жақсы ұйымдастырылған. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда өз істерінің білікті мамандары, қай істе де алдыңғы лектен көрініп, аудандағы қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып жүрген қызметкерлер жұмыс атқарады. Қазіргі таңда бұл жерде 19 қызметкер бар. Орталық қызметкерлері құжаттарды дер кезінде дайындап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсете білу ең маңызды мәселе екенін жақсы біледі. Облыс бойынша халық саны басым әрі түрлі ұлт өкілдері ең көп шоғырланған ауданның халқына күнделікті қызмет көрсету, өзіңе артылған жауапкершілікті сезіну – оңай шаруа емес. Бұл ретте жұмысты жүйелі ұйымдастыра білу басшыға да тікелей байланысты екені сөзсіз. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығын 2009 жылдан бері басқарып келе жатқан Мақсат Сарманов мекеменің жылдан жылға қызмет сапасының жоғарылауына, оң өзгерістердің орын алуына білікті басшы ретінде мол ықпалын тигізіп келеді. Осы ретте тағы бір жағымды жаңалықты айта кеткен жөн. Биыл «Батыс» ықшам ауданынан халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты бой көтерді. Демек орталық алдағы уақытта қоныс тойларын да тойламақ. Ендеше биыл 15 жыл толып отырған мекемені мерейтойларымен құттықтаймыз. Жұмыстарыңызға толағай табыс тілеп, жағымды жаңалықтарыңыз көп болсын демекпіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ