ҚАРИЯЛАР КЕҢЕС БЕРДІ, ОРЫНДАУ ҚОҒАМ МІНДЕТІ

0

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің 10-шы отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «Колхоз» зонасы бойынша Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, «Совхоз» зонасы бойынша кеңестің төрағасы Алтыбай Мықтыбек, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет, қоғамдық келісім кеңестері мүшелері, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, мешіт имамдары, аудандық этно-мәдени орталық жетекшілері, учаскелік полиция инспекторлары, ауылдық ардагерлер кеңестері төрағалары қатысты.

Кеңес барысында екі сұрақ талқыға түсті. «Жастар тәрбиесі – ұлт болашағы» атты бірінші сұрақ бойынша аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Анар Қожабергенова бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады. Жарыссөзге шыққан ауданымыздың Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Біржан Әлімбет, Мықтыбек Алтыбай, Жамбыл ауылы тұрғыны Шарапатдин Пахратинов қазіргі таңда жастар тәрбиесінің қоғамда өте күрделі болып отырғанын айтып, оны жөнге салуда күш біріктіру қажеттігін алға тартты. Жалпы, жарыссөзге шыққандар білім бөлімі жасаған баяндамаға көңілі толмағандарын ашық айтты.
-Жақында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясында Қоғамдық келісім кеңесінің үлкен отырысы өтті. Онда ұлтаралық татулықты нығайту бойынша Жамбыл облысында, оның ішінде біздің ауданымызда үлкен жұмыстар атқарылғаны туралы жақсы сөздер айтылды. Дейтұрғанымен, әлі де болса атқарар жұмыстарымыз жетерлік. Өйткені, ұлттар арасына іріткі салып, «түймедейді түйедей ететін» жағдайлар кездесуде. Бүгінгі мақсатымыз солардың алдын алу, — деді Әбдібек Сейілханов жиын барысында. Ал, жарыссөз барысында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет бірінші сұрақ бойынша кеңінен тоқтала келе, қоғамда қандай да бір жағдай орын алса ол жерде ардагерлер, ақсақалдар жүру қажеттігін айтып, әсіресе ұрпақ тәрбиесіне келгенде олардың атқарар рөлінің үлкендігін атап өтті. Осы орайда қоғамдық ұйымдар арасында байланысты нығайту, өзара келісіммен жұмыс істеу мәселесіне аса мән беру қажеттігін баса айтты. «Балалар тәрбиесіне ең біріншіден ешқандай мектеп немесе қоғам емес, алдымен ата-ана, отбасы жауапты. Қазір екі бала арасындағы кішкентай ғана жанжал тіпті өзге бағытта өршіп кетіп жатыр. Осылардың алдын алу мақсатында ауылдық әкімдік, мектеп, қоғамдық ұйымдар, ардагерлер болып бірлесе жұмыс атқарғанымыз жөн»,- деді Біржан Әбдікерімұлы.
Осы орайда сөз алған Дамира Маратқызы бүгінгі басқосудағы негізгі мақсаттардың бірі осы жасөспірімдер тәрбиесіне байланысты болып отырғанын жеткізіп, қазіргі таңда бала тәрбиесі тек мектепке ысырылып тастап, қоғам оқшау қалып қойып отырғанын айтты.
-Әр ауылда азаматтық институттар осы бағытта жұмысты жандандырғаны жөн. Әсіресе, мектептерде әскери патриоттық тәрбиеге үлкен мән беруіміз қажет. Өйткені, Отаным, елім, жерім дейтін азаматтар тәрбиелеп өсіру үшін барлық қажетті жұмыстарды кейінге қалдыруға болмайды,- деген Дамира Маратқызы әсіресе әскери борышын өтеуге жіберілген жас азаматтардың жолдан қашып кетуі, тіпті бас тартуы, жалтару үшін небір әрекеттерге баруы жайында сөз қозғап, осы жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігіне баса назар аударды.
Ал, ауданымыздың Құрметті азаматы Төле Сүгірбай ақсақал осы бағытта қандай жұмыстар атқару қажет, алдымен соны ақылға салып алу қажет екенін айтып, мектептерде тәрбие сағаттарын жаңаша жандандыру керектігін де жеткізді.
-Балалар қазір неге қызығады, нені ұнатады, нені ойлайды? Қарап отырсақ, қазіргі жасөспірімдер біздің балаларымыздың балалары, тоқсаныншы жылдың арғы-бергі жағында дүниеге келген адамдардың ұрпағы. Олар не көріп өсті, неге ұмтылды, өз балаларына қандай тәрбие беріп жатыр. Соны саралап алуымыз қажет. Осы орайда қазіргі қоғамға да тәрбие керек деп ойлаймын. Өркениет көшінен қалмас үшін өзімізден бастау қажет шығар. Қазіргі жастарымыз ешкімнен кем емес, бүгінгі жиыннан жақсы қорытынды шығару қажет, — дейді бірінші сұрақ бойынша жарыссөзге шыққан «Совхоз» аймағы бойынша Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мықтыбек Алтыбай.
Ал, кеңесте талқыға түскен «Ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайту» бойынша сұрақ аясына «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» директоры, «Қордай аудандық ұлттық – мәдени орталығының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Айнұр Абықаева баяндама жасады.
«Көп ұлтты ұясына сыйдырған біздің ауданда да отыздан астам өз-ге ұлт өкілдері мекен етеді. Ондағы әр ұлт өкілдерінің жоғарыда айтып өткендей өздерінің тілін, мәдениеті пен салт – дәстүрін жоғалтпай, кейінгі ұрпағына насихаттауға бағытталған орталықтары бар. Әр орталық кеңінен қолайлы жағдайда жұмыс атқаруда. Осылардың бас қасында «Қордай ауданының ұлттық – мәдени орталығының қауымдастығы» жұмыс жасайды. Қауымдастықтың ең басты құндылығы өз еліміздің ғасырлардан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді болашақ ұрпаққа дәріптеп, ата-баба аманатын арқалау. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің де бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болуын мақсат етеді. Ендігі этноөкілдердің басты міндеттері бүгінгі татулықты өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға ұластыру. Ел мен жердің иелеріне деген құрметті одан ары нығайту жолында табанды еңбек ету. Бүгінгі бірлігімізді ғасырдан ғасырға жеткізу басты міндетіміз деп білуіміз керек», — деген баяндамашы сөзінен кейін бұл сұрақ аясында кеңеске қатысушылар тарапынан өз пікірін білдірушілер аз болмады.
Ауданымыздың аузы дуалы қариялары ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында әр этно-мәдени орталықтардың жетекшілері үлкен жұмыстар атқару қажеттігін айтып, бірқатар сын ескертпелерімен бірге ұсыныстарын да ортаға салды. Олардың ішінде аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерін жиындарға тарту, жай ғана балалар арасындағы шекісуді ұлтаралық мәселеге тірейтін жағдайлардың алдын алу, болдырмау жөніндегі тың ұсыныстар мен ойлар ортаға тасталып, нақты шаралар жоспарын жасау қажеттілігі баса айтылды. Кеңес мүшелері әр этномәдени орталық жетекшісі өз жиындарында осы қазақстандық патриотизм жайында жиындар өткізіп, Отанға қызмет ету деген ұғымды жастар санасына сіңіру қажет екенін айтты. Керек болса аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері ол жиындарға қатысып, өздері бағыт-бағдар беруге де дайын екендіктерін жеткізді.
-Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Ал, Отаным дейтін жастардың тым азайып кеткені, оларда қазақстандық патриотизмінің төмендегені қынжылтады. Отансүйгіштік қасиет бойға дарымаса мықты азаматтар шықпайтыны белгілі. Жастар оқығысы келмейді, әскерден, жұмыстан жалтарады. Бұлай кете берсе ел тізгінін кімге сеніп тапсырамыз деген ой қалыптасады. Жастармен бүгіннен жұмысты жандандырмасақ ертеңіміз бұлыңғыр, — деп кеңес отырысын қорытындылады Дамира Сүгірбай.
Жиын соңында бірқатар шешімдер қабылданды.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.