ЖАҢА ТӘСІЛДЕР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

0

Еліміздің тұрғын үй саясатында жаңа тәсілдердің жүзеге асырылып жатқанына жұрт куә. Соның бірі – тұрғын үй қорындағы баспананы жалға алғандардың ақысын субсидиялау. Мұндағы мақсат – жекелеген санаттағы азаматтардың баспана мәселесін шешу.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұлдың айтуынша, субсидиялау бағдарламасы басталғалы бері тұрғындардан 27 839 өтінім келіп түскен. Бұл – 13 шілдедегі дерек. Соның 6 918-і мақұлданған. 1 159 өтінім тексеріліп жатыр. 1 272 өтініш иесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен асып кеткен. 1 278 өтінім жүйеден жойылса, 2 943 қатысушы өтініштерін қайтарып алған.
– 13 075 өтінім бойынша бас тартылды. Әрине себептері әртүрлі. Олардың көпшілігі тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген. Кейбірінің жеке куәлігінің жарамдылық мерзімі аяқталған, кейбірінің атында жылжымайтын мүлік болған. Мемлекеттік кірістер комитетінде қарызы бар адамдардың өтініштеріне де теріс жауап берілді. Енді біреулер кезекте тұрғандар тізімінде немесе азаматтардың мобильді базасында жоқ болып шықты, – дейді Сұлтанғали Жалқұл.
Басқарма басшысының айтуынша, жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін қазақстандықтар otbasybank.kz платформасы арқылы өтінім бере алады.
– Төрт санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жалдау төлемдері бойынша мемлекет қолдауына үміткер бола алады. Төрт санат деп отырғанымыз – 1 және 2 топтағы мүгедектер; мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім балалар және көпбалалы отбасылар. Соңғы 6 айда жалдау бойынша субсидия алуға үміткер отбасылардың орташа айлық жиынтық табысының мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңгеге тең, – деп нақтылады Сұлтанғали Жалқұл.
Еске сала кетейік, ел азаматтарын қолдау үшін 2022 жылы 50 млрд теңге қарастырылған. Оның 40 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 10 млрд теңгесі жергілікті әкімдіктерден бөлінген. Осылайша, тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлейтін ақының 50 пайызын мемлекет өтеп береді. Жоба аясында шамамен 70 мың адамды қамтуға мүмкіндік бар.
– Субсидиялауға арналған өтінімдер электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтарға оны алдын ала алу немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның өзектілігін тексеру маңызды. Тұрғындар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздейді. Тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды Отбасы банк ай сайын жалдау шартының және төлемдер кестесінің қолданылу мерзімі аясында төлейтін болады. Шартты мерзімінен бұрын бұзуға және жаңа жалға берушімен шарт жасасуға болады. Ол үшін otbasybank.kz порталында өтінім беру процесін қайтадан бастау керек, – дейді басқарма басшысы.
Атап өтерлігі, Отбасы банк субсидия алушылардың шарттарға қаншалықты сәйкес келетіндігіне жыл сайын, ал төлем тәртібіне ай сайын мониторинг жүргізеді. Ал жергілікті әкімдіктер тоқсанына кемінде бір рет жалға берілетін тұрғын үйлерді және онда тұратын адамдарды тексеріп отырады. Жақын туыстардан, бұрынғы ерлі-зайыптылардан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ бұл тұрғын үйді қайта беруге тыйым салынады.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, биыл республика бойынша 15,1 млн шаршы метр немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде көпқабатты үйлерде 90 мыңнан астам пәтер және 47 мың жеке тұрғын үй пайдаланылуға берілмек. Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты шеңберінде 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Дәлірек айтсақ, әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандар үшін 4 мың пәтер және жұмыс істейтін жастар үшін 3 мың пәтер қарастырылмақ.
Сонымен қатар өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкі арқылы сатылатын кредиттік тұрғын үйдің 9,8 мың пәтері салынуда. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен 5 мыңнан астам кезекте тұрғандарды қамту жоспарланған.
Қазіргі күні әкімдіктерде тұрғын үйге мұқтаж 613 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Соның 222 мыңы – жоғарыда көрсетілген 4-санаттағы азаматтар. Оның ішінде 69 535 – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, 50 593 – көпбалалы отбасылар, 1 933 – жетім балалар, 9 686 – 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар және 6 963 – мүгедек баласы бар отбасылар.
Сондай-ақ Отбасы банкінің базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарлануда. Ол санаттарға қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ барлық мұқтаждарды орталықтандырылған түрде есепке алуды жүзеге асырады.
– Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылатын болады. Тұтастай алғанда, бұл жаңашылдықтар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді, – дейді Сұлтанғали Жалқұл.

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ
ЖАСТАРДЫ ЖАРЫЛҚАҒАН ӨҢІРЛІК БАҒДАРЛАМАЛАР
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 3,7 миллионнан астам жас бар. Түркістан және Алматы облыстары жастар саны бойынша көш бастап тұр. Үкіметте 2025 жылға дейін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, «Отбасы» банкінің жеңілдетілген ипотекасы бағдарламасы барлық өңірде іске қосылатыны айтылды. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасында барлық тұрғын үй бағдарламасы аясында жастар үшін 25 пайыздық квота енгізу көзделіп отыр. Оған дейін кей өңірлер жергілікті бюджеттен жастардың баспана­лы болуына тиімді мүмкіндіктер ұсынуда. Алматы мен Астанада жүзеге асырылып бастаған жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары жыл соңына дейін басқа да ай­мақтарда жалғасуы керек еді – биліктің уәдесі сондай. Биыл екі аймақ – Қарағанды мен Жамбыл облыстары осы көшке ілесті.

Сонымен, жастарды тұрғын үймен қамту мәселесін қолға алған алғашқы аймақ – Алматы қаласы. Биылғы дерекке сүйенсек, алып шаһарда 382 мыңға жуық жас бар. 2020 жылы «Алматы жастары» бағдарламасы іске қосылып, 35 жасқа дейінгі медицина, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік салада жұмыс істейтін жастар үйлі болды. Өтінім беру, статус бақылау, өткен-өтпегендердің тізімі almaty-zhastary.kz сайтында көрініп тұрады. Ұпай есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Жұмыс өтілі әр жылы үшін 2 балл, некедегі жылдарына 1 балдан, әр балаға 1 балдан және әлеуметтік осал топқа жататын болса 5 балл есептеледі. Ұпайы жоғары азаматтарға жолдама беріледі. Бағдарламаға енгізілген алғашқы жылы 13 млн теңгеге дейінгі баспанаға 5 пайыз мөлшерле­ме­мен қарыз берілді. Бастапқы жарна – 10%, несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін. Жаңа және екінші нарықтағы баспананы алуға мүмкіндік беріледі. Кейінгі жылдары бұл сома нарықты зерттей отырып, 18 млн теңгеге көтерілді. Бағдарлама жыл сайын мың азаматты қамтуға тырысады. Өтінім берушілердің саны 10-12 есеге көп: 2021 жылы – 9 741 жас, биыл 11 мыңнан көп адам өтінім берген. Жергілікті әкімдік биыл үш жыл өткізілген бағдарлама жалғасатынын айтқан.
Бұдан кейін елорда әкімдігі мен Отбасы банкінің 2021-2023 жылдарға арналған Elorda zhastary бірлескен жобасы жүзеге асты. 2022 жылғы ресми дерекке сүйенсек, биыл бас қалада 232 мыңнан астам жас тұрады. Атал­мыш бағдарламаның Шарттары «Алматы жастары» бағдарламасының талаптарымен бірдей, тек балл есептеу тәртібі өзгеше. Өтінім бағдарлама порталында қабылданады. Биыл өтінім қабылдау уақыты белгісіз.
Сондай-ақ, биыл маусымда Қарағанды облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп, жас­тарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Жаңа жобаны жүзеге асыруға бірінші кезеңде облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал Отбасы банкі 500 млн теңге бөлді.
Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспауы керек (ең төменгі күнкөріс дең­гейі – 37 389 теңге). Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. Отбасы банк тұрғын үй сатып алуға 20 млн теңгеге дейін қарыз берді. Бас­тапқы жарна – 10%, несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін. Жыл­дық сыйақы мөлшерлемесі мұнда да – 5%. Бүгінде бұл облыста 258 мыңға жуық жас бар, 18-35 жас аралығындағы 68 мыңнан астам азамат өз баспанасына ақша жинап жатыр.
Шілде айында бұл игі бастаманы Жамбыл облысының әкімдігі жалғастырып, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Бүгінде бұл өңірде 242 мыңнан астам жас тұрады. Жоба шарты бойынша бағдарламаға қатысушылар өтініш берген кезде Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы тиіс, табысы да ескеріледі. Отбасының әрбір мүшесі үшін 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Бағдарламаның алдыңғылардан айырмашылығы – бастапқы жарна – 5%. «Отбасы» банкі тұрғын үй сатып алуға 13 млн теңгеге дейін несие берді және несиенің төлем мерзімі 19 жылға дейін. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі мұнда да – 5%. Биыл бұл жобаға 591 адам қатысқан. Басқа ипотека бағдарламаларында қамтылған санатқа жатпайтын, төлем қабілеті бар 50 жасты баспанамен қамту үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Ал келесі жылы облыстық бюджеттен 1 миллиард бөлініп, 100 пәтер беру жоспарлануда. Одан бөлек «Отбасы» банкі 2023 жылы 500 миллион немесе 1 миллиард қосымша қаржы бөлуді қарастыруда.
Өкінішке қарай, жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын ұйымдастыру тетіктері әлі де жетілдіруді талап етеді. Жоғарыда аталған бағдарламаларға қатысушылар өтінім қабылдайтын порталдардың жұмысы көп наразы боп жататынын білеміз: ұпайдың дұрыс есептелмеуі, құжаттың базада көрінбей қалуы, қызмет саласының ауысып кетуі және тағысын тағылары. Әйтсе де, бұл өңірлердің бағдарламаны іске қосып, бюджеттен қаражат бөлгенінің өзі қуантарлық жайт.
Бұдан өзге өңірлерде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары жоқ. Биыл жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімдігі «Жетісу жастары» бағдарламасын жүзеге асыруды пысықтап жатыр, жұмыс істейтін жастар үшін бастапқы жарнасыз ең жоғары қарыз сомасы (қосымша кепіл болған жағдайда) 10 млн теңгені құрайтын жобаны іске асыру 2022 жылдың екінші жарты жылдығында жоспарлануда. Жастар саны (480 мыңға жуық) бойынша көш бастап тұрған Түркістан облысынан жастарға арналған тұрғын үймен қамтудың бірде-бір өңірлік бағдарламасын таба алмадық. Сондай-ақ, кей аймақтарда баспананы сатып алу құқығынсыз бес жылға жалға беретін жобалар ұйымдастырылуда, бірақ олардың өзі саусақпен санарлық.

Асыл ТҰМАР

Leave A Reply

Your email address will not be published.