Қордай аудандық Қоғамдық кеңесі Қазақстан Республикасы Қоғамдық кеңес туралы Заңы мен Қазақстан Республикасы үкіметінің Қаулысымен бекітілген қоғамдық кеңестің Ережесі негізінде өз қызметі мен өкілеттігін іске асыруда.
Үстіміздегі жылы 14 ақпанда Қордай аудандық мәслихатының кезектен тыс жиырмасыншы сессиясының №20-2 шешімімен аудандық Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы бекітілді және аудандық коғамдық кеңесінің отырысында Қордай ауданының Қоғамдық кеңесі туралы Ережесі бекітіліп, 2022 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарға сәйкес ауыл шаруашылық жұмыстарының барысы, көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы тыңдалды. Көктемгі дала жұмыстарындағы белгіленген көрсеткіштерді орындауды қамтамасыз етуде, жанар-жағар маймен, минералды тыңайтқыштармен, тұқыммен, суармалы сумен, техникамен қамтамасыз ету жұмыстарының орындалуын қатаң бақылауда ұстау ұсынылды.
Сонымен қатар, Қордай ауданындағы суармалы суға деген тәуелділікті азайту үшін Ырғайты өзенінде «Ырғайты» су қоймасы және Қалғұтты өзенінде «Қалғұты» су қоймасын салуға МК Казсушар Жамбыл филиалының директоры. К.Бедебаевқа және Трансшекаралық ағын су мәселесін шешуге қатаң көңіл бөліп, Қордай ауданындағы қажетті су көлемімен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Облыстық Шу-Талас бассейндік кеңесіне ұсыныс-хат жіберілді.
Аудандағы халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы шекті мөлшерден асып кетпеуін бақылауды аудандық кәсіпкерлер бөлімімен бірге аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері жүйелі түрде жұмыс жүргізді.
Мамыр айында аудандағы мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша атқарылған жұмыстары қаралды. Нәтижесінде Қордай ауданының білім бөлімінің басшысы С.Аширбековке аудандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын, мекемелерде қаржының тиімді және мақсатты жұмсалуын қадағалау және бала санының азаюына байланысты аудандағы балабақшаларды зерделеп, оңтайландырып, оларды қаржыландырудың тиімді жолдарын шешу ұсынылды. Аудан балабақшаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және шаруашылық заттарға қосымша қаржы бөлу туралы облыстық білім басқармаларына тиісті ұсыныстар беру тапсырылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданының білім бөлімінің ақпаратына сәйкес қазіргі уақытта ауданның балабақшаларында оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, бала саны аз топтар саны қысқартылып, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында ауданның әлеуметтік және сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша үстіміздегі жылдың мамыр айында атқарылған жұмыстары қаралды. Жұмыс барысында сауда объектілерінде алғашқы өрт сөндіру, өртке қарсы қызметті шақырту үшін байланыс құралдарымен қамтамасыз ету және автоматтандырылған өрт сигнализациясымен, ішкі және сыртқы өртке қарсы су жүйелерінің жұмысымен қамтамасыз ету ұсынылып, аудандағы төтенше жағдайлардың және олар бойынша дереу ескерту жұмыстары және ауданда өрт оқиғаларын болдырмау мақсатында үгіт – насихат және алдын алу бойынша жұмыстарды жандандырып, атқарылған істер бойынша газет бетінде мақалаларды жариялау ұсынылды.
Сонымен қатар, мамыр айында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің атқарылған жұмыстарын зерделеу нәтижесінде жіберілген кемшіліктер бойынша шешім қабылданды. Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына тілдерді дамыту саласындағы біріңғай мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету, іске асыру жөніндегі қызметтің ақпараттық, әдістемелік жүйесін қамтамасыз етілуді ұйымдастыру, тілдерді оқыту орталығына ғимарат мәселесін шешу тапсырылды. Сонымен қатар, №7, №50 ОМ директорларына (Р.Тұрғынбай, Б.Бейімбаев) тілді оқыту орталығына қолайлы жағдай жасау, оқыту процесінің сапасын арттыруға үлес қосып, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді толық меңгеруге ықпал ету ұсынылды. Аудан әкімінің ішкі саясат бөлімі мен аудандық мешіттің имамы А.Сатылғановқа аудандағы мешіттердің имамдарының мемлекеттік тілді оқып үйренуі үшін тиісті іс-шаралар қабылдау ұсынылды. Мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамытуға бағытталған іс – шараларды белсенді жүргізу Сортөбе, Масаншы, Қарасу ауылдық округ әкімдеріне тапсырылды. Зерделеу нәтижесінде «Тілдерді оқыту орталығының» директоры Ә.Итжановаға мемлекеттік тілді оқыту сапасының төмендігі, мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесін арттыруды жүзеге асыру бойынша пәрменді жұмыс атқаруы, мемлекеттік тілдің беделін, сұранысын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, дәріптеу бойынша ұйымдастырылатын іс-шаралардың санын арттыру және сапасына мән беру, орталықтың кабинеттерін заманауи талаптарға сай жабдықталуын қамтамасыз ету керектігі атап көрсетілді. Нәтижесінде тілдерді дамыту саласындағы біріңғай мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету, іске асыру жөніндегі қызметтің ақпараттық, әдістемелік қамтамасыз етілуін ұйымдастыру мақсатында тыңдаушылардың сұранысына байланысты онлайн форматта мемлекеттік тілді оқып жатқан тыңдаушылармен түсіндіру жұмыстары, сабақтар түгелдей офлайн форматына ауыстырылды, ғимарат мәселесі де шешімін тапты, аудан әкімдігінің қаулысымен қосымша 4 штаттық бірлік берілді.
Сонымен қатар, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті полицияның қызметіне қоғамның пікірлері негізінде аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарын зерделеу нәтижесі қаралды.
Қордай АПБ-нің жергілікті полиция қызметі ауыл әкімдерімен, аудан аумағындағы жеке кәсіпкерлермен бірлесе бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының алдын алу мақсатында бірлескен іс-шара жоспарының орындалуын қамтамасыз ету, учаскелік полиция қызметкерлерінің жайсыз отбасыларды анықтау және қылмыс жасауға бейім тұлғалармен жұмыс істеу мақсатында үй – үйді аралау жұмыстарын жүргізу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде рейдтік іс-шаралар жүргізу, аудан көлемінде қылмыстардың өсу деңгейінің себептерін анықтау және келешекте оны болдырмау, қылмыстардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды жандандыру жұмыстары бойынша ұсыныс берілді.
Ауылдық округ әкімдеріне жаңа учаскелік пункттер салу мәселесін шешу үшін іс-шаралар қабылдау, учаскелік полиция қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тапсырылды. Қордай ауылдық округі (Б.Сахатов), Қордай ауданы әкімдігінің ТҮКШ ЖК және АЖ бөлім басшысына (Е.Амантаев) Қордай ауылы көшелерін жол белгілерімен толық қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қабылдау ұсынылды.
Аудандық қоғамдық кеңес облыстық ішкі істер басқармасына учаскелік полиция қызметкерлерінің санын ҚР заңнамаларына сәйкес көбейту туралы ұсыныс жіберіліп, штат саны 4 бірлікке ұлғайды.
2021 жылдың 1-4 тоқсандарында «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сапасын зерделеу, «Өзін-өзі қызмет көрсету» бұрыштары және аудан әкімдігінің бөлімдері тарапынан «Е-Лицензиялау», «Е-Әкімдік» деректер қоры арқылы көрсетілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жұмысына талдау жасау бойынша Қордай, Қақпатас, Масаншы, Ауқатты, Үлкен Сұлутөр, Қаракемер ауылдық округтері әкімдерінің есебі тыңдалып, аудан әкімдерінің мамандары тартылып, методикалық және тәжірибелік көмектер көрсетілді.
Келесі отырыста аудан бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы туралы аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Е.Мендекеевтың есебі тыңдалып құрылыс нысандарының уақтылы және сапалы жүргізілуін қадағалау, оларды уақтылы, өндірістік кестеге сәйкес аяқтау бойынша мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізу ұсынылды.
Келесі отырыста Үлкен Сұлутөр және Қаракемер ауылдық округтерінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, оны жетілдіру және осы бағытта туындайтын басқа да мәселелерді зерделеу қорытындысы қаралды. Кемшіліктер бойынша шешім қабылданды, онда ауыл округіндегі саяси-қоғамдық ахуалды тұрақтандыру мақсатында (ардагерлер, билер кеңестері, қоғамдық қауымдастың мүшелерімен) байланысты күшейту, мал жайылымдары тапшылығы мәселесін шешу жолдарын қарастыру, Қаракемер-Керу жолын грейдермен тегістеу үшін қаражат қарастыру мәселесін шешу, Әбіл Нүсіпбаев көшесінің бойындағы тұрған электр бағандарын ауыстыру және көшені жарықтандыру мәселесін шешу ұсынылды.
Зерделеу нәтижесінде Қаракемер ауылдық округінің әкімі Р.Алыбаевтың ақпаратына сәйкес аталған кемшіліктер жойылған, атап айтқанда: Қаракемер- Керу арасындағы жол грейдермен тегістелген, Ә.Нүсіпбаев көшесі толық асфальтталған, ағаш электр бағандары бетон бағандарымен ауыстырылды, жарықтандыру мәселесін 2023 жылы шешу жоспарланған.
Үлкен Сұлутөр ауыл округі бойынша Н.Белашов көшесін жарықтандыруына тиісті құжаттар дайындалып, 2023 жылғы бюджеттік өтінімге енгізілді. Үлкен Сұлутөр ауылындағы ауыз су жүйесі мен су бассейнін (тоспа) жөндеу жұмыстары аяқталды.
Келесі кеңес отырысында тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін заңдастыру туралы мәселе қаралды. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммунальдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Амантаевқа мемлекеттік тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесін әділет органында бекіту тапсырылды.
Аудандық кеңестің келесі отырысында халықты жұмыспен қамтудың іс-шараларының орындалу барысы қаралды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы С.Көпешовке жұмыспен қамту іс-шараларының, оның ішінде: тұрақты жұмыс орны, күміс жас, жаңа жұмыс орындарын құрудың толық орындалуын қамтамасыз ету, кәсіби оқуды еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес жүргізу, ережені орындау мақсатында 60 пайыздан кем емес жұмыспен қамту және мерзімдік жаңа жұмыс орындарын құруда кемшіліктер жібермеу ұсынылды. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы (А.Заурбаева), аудандық орталық аурухананың бас дәрігері (З.Қадырбекова), аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы (С.Көпешов), барлық ауыл округтерінің әкімдері жұмыс істемейтін халықты міндетті медициналық сақтандыру бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу ұсынылды.
Жоспарға сәйкес аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімі бойынша ішкі мемлекеттік бақылау қорытындысы қаралып, Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Садырбаевқа әуре-сарсаңға, бюрократтыққа және қызмет алушылардың арасында шағымдануға жол бермеу мақсатында – мемлекеттік қызмет көрсетудің электронды үлесін арттыру, сала бойынша мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына оқытуды ұйымдастыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тұрғындар арасында насихаттау, көрсетілетін қызмет туралы мақалалар жариялауды жалғастыру және мерзімін бұзу фактілерінің алдын алу ұсынылды.
Жоспарға сәйкес №7 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының зерделеу жұмыстарының қортындысы қаралды. №7 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы А.Алматаеваның қарттарға қызмет көрсетудегі іс-шараларының орындалуы туралы есебі тыңдалып, орталықтың қабылданған стандарттарға сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп жатқандығы атап өтіліп, жіберілген кемшіліктер бойынша шешім қабылданды. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталық қарттарға тиісті жағдайлар жасау үшін іс-шаралар қабылдау, облыстық басқармаға ғимараттың және ауланың тарлығы туралы мәселе көтеру, әлеуметтік-психологиялық, еңбек және мәдени бағыттарда жұмысты өз дәрежесінде жүргізу, төсек-орын жабдықтарын алу үшін облыс басқармаға қаражат қарастыруға бюджеттік өтінім беру ұсынылды. Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан әкіміне хат жолданды.
Аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының зерделеу жұмыстарының қортындысы қаралды, осы мәселе бойынша тиісті шешім қабылданды. Аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Ш.Бейсенбаеваға облыстық басқармаға мұқтаж жандардың көп болуына байланысты төсек орын санын көбейтуге ұсыныс беру тапсырылды. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан әкіміне хат жолданды, нәтижесінде 2023 жылдың қаңтарынан бастап 21 төсек-орынға көбейетін болды.
Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Қордай, Бетқайнар ауылдық округінің зерделеу жұмыстарының қорытындысы қаралды.
Қордай, Бетқайнар ауыл округтерінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бойынша (көше комитеттерін қайта құрып, олармен жүйелі жұмыстар жүргізу), әлеуметтік-экономикалық дамуы, зерделеу барысында аталған ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін шешу, жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын ары қарай жалғастыру, Соғанды ауылының су мәселесі, көпір мәселелерін шешу жолдарын қарастыру, осы мәселелер бойыша бюджетке тиісті сұраныстар беру, ауыл округінің жергілікті қоғамдық келісім кеңесі, ардагерлер кеңесінің жұмысын жандандыруға ықпал ету, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүгедектігі бар адамдардың, балаларды, жалғыз басты қарттардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын зерделеніп, тиісті шешімдер қабылдау, ауылды абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды өз дәрежесінде ұйымдастыру, ауыл тұрғындарының су пайдалану мәселелерін реттеу, бағаны тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу, жастармен жұмысты жандандыру, олармен әскери-патриоттық жұмыстарды күшейту, олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қасиеттерді орнықтыру мақсатында іс-шаралар жүргізу, жұмыссыз азаматтарды анықтап, олармен жұмыспен қамту, кәсіби оқу, өз ісін ашу іс-шараларының жұмысын ұйымдастыру, қоғамдық орындарда санитарлық-дезинфекциялық режим бойынша жұмысты күшейту, аудандық төтенше жағдай бөлімінің мамандарымен бірге төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру, сауда объектілерінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын үнемі бақылауда ұстау, учаскелік полиция қызметкерлерімен жайсыз отбасыларды анықтау және қылмыс жасауға бейім тұлғалармен жұмыс істеу мақсатында үй – үйді аралау жұмыстарын жүргізу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде рейдтік іс-шаралар жүргізу, қылмыстардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларды жандандыру ұсынылды.
Бетқайнар ауыл округінің әкімі Б.Құттықовқа игерілмей тұрған жер телімін рәсімдеу бойынша жұмыстар жүргізуді және жастармен жұмысты жандандыру тапсырылды.
Қоғамдық кеңес мүшелері ауданда өткізіліп отырған жиындар мен жиналыстарға, аудандық жұмыс комиссиялары мен топтарының іс әрекеттеріне белсенді түрде атсалысып келеді.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен жалпы кеңейтілген отырыстарда және халықпен кездесу барысында үгіт-насихат тобымен бірге мемлекет басшысының Жолдауын халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, олар сайлауалды жұмыстарға белсене қатысты.
Қоғамдық кеңес қарауына ұсынылған нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қарау мәселесі бойынша 2022 жылдың жоспарына сәйкес барлығы 11 отырыс өткізіліп, 23 мәселе қаралып, шешімдер шығарылып, ұсыныстар берілді. Жобаларды қарау кезінде заңнамалық мерзімдер сақталды.
Аудандық қоғамдық кеңес атқарылған жұмыстары туралы аудандық қоғамдық-саяси «Қордай шамшырағы — Кордайский маяк» газетіне 16 мақала жарияланды.
Қоғамдық кеңестің қарауына жеке тұлғалардан келіп түскен арыз–шағымдар тиісті мекемелерге жіберіліп, олардың өтініштері қанағаттандырылды.
Б.ҚАРАМОЛДАЕВА, Қордай аудандық
Қоғамдық кеңес төрайымы