МӘЖІЛІСТЕ ПАЛАТАНЫҢ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. ЖИЫН БАРЫСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ.
Атап айтқанда, жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасын ілеспе құжаттарымен бірге мақұлдады. Аталған мәселе бойынша Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баян¬дама жасады.
«Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің озық тәжірибесі сарапталды. Оңтайлы нормаларын алдық. Осылайша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оған азаматтар келесі шарттар бойынша өтініш бере алады», деді министр.
Сала басшысының айтуынша, банк¬тер, микроқаржылық ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден аспаған жағдайда осы бірінші рәсімге енеді. Сондай-ақ ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен – 36 018 теңгеден аспаған жағдайда да осы шартқа енеді.
«Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Ол үшін «Электрондық үкімет» веб-порталында немесе арнайы сервистік қосымшалар арқылы өтінім беріледі. Содан кейін, ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
Сомасы 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды», деді Е.Жамаубаев.
Сот банкроттық рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Оларға заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар кірмек.
Үшінші рәсім – төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі беріледі.
«Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деп танылмайды. Сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды. Жалпы, банкроттықтың мынандай салдары бар екенін атап өткен жөн. Біріншіден, 5 жылға несие мен кредит алуды шектеу көзделген. Екіншіден, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді. Сол себептен, азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлану қажет», деді Е.Жамаубаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, заң жобасын қабылдау азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және қаржылық сауаттылықты арттыруға, қарызды өтеуді ынталандыруға жол ашады.
Жалпы отырыста депутаттар «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын ілеспе құжатымен бірге бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.
Сала басшысының айтуынша, заң жобасы Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру және дамыту кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Құжат қолданыстағы және алдағы уақытта қажет болатын кәсіптер мен кәсіптік біліктілікті реттеп, бірыңғай жүйеге келтіруді көздейді. Кәсіп пен кәсіптік біліктілікті реттеу аясында еңбек нарығында сұранысқа ие кадрлардың кәсіби құзыреттілігін дұрыс қалыптастыру да басты мақсаттың бірі.
Заң жобасында Ұлттық біліктілік жүйесінің толық архитектурасы, яғни оның негізін құрайтын 6 базалық компоненті ұсынылды. Біріншісі – ұлттық және салалық біліктілік шеңбері. Онда аяқталмаған орта білімнен бастап PhD дәрежесіне дейінгі азаматтарға қажет болатын 8 кәсіби білім деңгейі айқындалған. Осы деңгейге тура келетін біліктілік, дағдылар мен машықтардың талап-сипаттамасы көрсетілген.
Екіншісі – қызметтердің ұлттық классификаторы. Бұл – атқарылатын қызметтердің атауын, азаматтардың онда атқаратын жұмыс түрін, дағды деңгейі мен мамандандығын жіктейтін құжат. Үшіншісі – қазіргі таңда еңбек нарығында бар және болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптердің тізімі. Төртіншісі – кәсіби стандарттар немесе жұмыс берушілердің кәсіби біліктіліктерін айқындайтын талаптары. Бесіншісі – білім беру бағдарламалары. Алтыншысы – кәсіби біліктілікті растайтын сертификат.
«Кадрларға талап жұмыс берушілер тарапынан болғандықтан, олардың атқаратын міндеттерін де заң жобасында толық қарастырдық. Біріншіден, жұмыс берушілер қазіргі таңда және ұзақ мерзімді болашақта сұранысқа ие кәсіптердің тізімін айқындайды. Екіншіден, жұмыс берушілер ұсынған кәсіптер тізбесі өңірлік және салалық кеңестерде одан әрі толықтырылып, жинақталады. Содан салалық кәсіптер тізімі жасалады. Үшіншіден, салалық кәсіптер тізімі өз кезегінде мемлекет реттейтін және ол реттемейтін кәсіптер болып бөлінеді. Төртіншіден, белгілі бір кәсіптер бойынша жұмыскерлердің біліктілігіне, дағдылары мен құзыреттеріне қойылатын талаптар жұмыс берушілер жасалатын кәсіптік стандарттар түрінде бекітіледі», деді Тамара Дүйсенова.
Мемлекет реттейтін кәсіптер бойынша жұмыскерлерді сертификаттау міндеттеледі. Сала басшысының айтуынша, бұл санатқа негізі¬нен азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мамандықтар, мысалы, дәрігерлер, өрт сөндірушілер немесе адвокаттар жатады. Мемлекет тарапынан реттелмейтін кәсіптер үшін сертификаттау ерікті болады.
«Әріптестіктің екінші жағы – кәсіптік білім беру жүйесі. Білім беру ұйымдары жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, алдымен мамандықтар мен қызметтердің классификаторын жасайды. Одан кейін жұмыс берушілердің кәсіптік стандарттары негізінде білім беру бағдарламаларын дайындайды. Білім беру саласындағы уәкілетті орган білім беру бағдарламаларын, жұмыс берушілердің кәсіптік стандарттарына сәйкес келген жағдайда, мемлекеттік тіркеуден өткізеді», деді Т.Дүйсенова.
Жұмыс берушілер мен кәсіптік білім беру жүйесі әріптестігінің нәтижесін тәуелсіз бағалау немесе сертификаттау жүйесін енгізу арқылы анықталады. Сертификаттау үдерісі тек азаматтардың біліктілігі кәсіптік стандарттарға қаншалықты сәйкес келетінін анықтау ғана емес, сонымен бірге білім беру ұйымдарында кадр даярлау деңгейін бағалау. Тәуелсіз бағалаудан өткен азаматтарға сертификаттар беріледі.
«Бұл ретте дипломдар мен сертификаттар туралы арнайы түсіндіре кеткім келеді. Тәуелсіз бағалаудан өткен түлектердің қолында нақты мамандығы бойынша кәсіптік даярлықтан өткенін растайтын диплом және алған білімдерін іс жүзінде қолдануға дағдыланғанын растайтын сертификат болады. Бір сөзбен айтқанда, сертификаты бар түлектерді жұмыс берушілер жұмыс өтілін талап етпей-ақ жұмысқа алуға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ ерікті сертификаттаудан әртүрлі үйірмелер, тренингтер немесе өз бетінше оқу арқылы жұмысшы мамандығын игерген адамдар да өте алады. Бұл жағдайда сертификат жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа қабылдау кезінде негізгі құжат саналады», деді Т.Дүйсенова.
Сертификаттау ақылы негізде жүзеге асырылады. Сертификаттау орталықтары қызметтерінің ақысын жұмыссыз азаматтар үшін атаулы ваучерлерді пайдалана отырып мемлекет қамтамасыз етеді. Ал өз қызметкерлерін сертификаттауға жіберген кезде оның ақысын жұмыс беру-шілер төлейді. Сондай-ақ дағдыларын ерікті түрде бағалаудан өткізгісі келсе, аза¬маттардың өздері де қаржы шығаруы¬на мүмкіндік бар.
Барлық үдерісте мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету үшін заң жобасында үш деңгейлі институт құру көзделеді. Бірінші деңгей – Үкімет жанындағы Ұлттық кеңес. Оның құзыретіне Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, салалық және өңірлік кеңестер дайындаған кәсіптер тізімін мақұлдау және жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеуді, қолданыстағы кәсіптік стандарттарды өзектендіру ісін қаржыландыратын көздерді мақұлдау мәселелері кіреді.
Екінші деңгей – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын салалық және өңірлік кеңестер. Олар кәсіптер тізімін, қажетті кәсіби стандарттар мен білім беру бағдарламаларының тізімін және жұмыс берушілер немесе олардың қауымдастықтары әзірлеген кәсіби стандарттарды келіседі.
Үшінші деңгей – министрлікке қарасты Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында құрылатын, кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган. Ол біліктілік жүйесіне қатысушылардың жұмысын үйлестіреді, жүйенің әдіснамалық базасын әзірлейді және кәсіби стандарттарды тіркейді.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық ұланның әскери полиция органдарының мәртебесін, құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен тәртібін айқындауға бағытталған. Оның нормалары заңнамалық қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін құруға және қойылған міндеттерді келісіп орындауға мүмкіндік беретін әскери полиция органдары қызметінің заңнамалық негізін біріздендіреді.
«Заң жобасы жаңа редакцияда қабылданады. Бұл ретте оның құрылымы өзгертіліп, бірқатар редакциялық түзету енгізіледі, кемшіліктер жойылады. Заң жобасында әскери полицияның міндеті, құзыреті, құрылымы, өкілеттігі, өзара іс-қимыл жасауы өзгертіліп, функциясын заңмен бекіту көзделеді.
Әскери полиция органының әлеуетті салаға қатыстылығы, бағыну тәртібі, олардың өзара және басқа да мемлекеттік органмен іс-қимыл жасау тәртібі реттеледі. Бірдей қолданып түсіну үшін «қызметкер» ұғымы «әскери қызметші» ұғымымен ауыстырылады. Әскери полиция органының саяси партиядан дербес болу принципі енгізіледі. Қаруды, арнайы құралды, адам күшін қолдану регламенттеледі», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Сондай-ақ «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасына және ілеспе құжатқа Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісті. Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады.